Солтүстік көршідегі шетелдік студенттердің арасында үлесі жөнінен бірінші орында Қазақстан тұр: 60 мыңнан астам ҚР азаматы осы елдің ЖОО-ларында кәсіп игеруде, бұл – барлық шетелдік студенттердің 15%-дан астамы.
Қазақстан өз жастарын Ресейде оқыту жөнінен кейінгі орындарға жайғасқан Түрікменстанды, Қытайды, Өзбекстанды және тіпті Үндістанды да басып озды.
Сондықтан көршінің талапкер қабылдау ережелеріндегі кез келген өзгерістер ең алдымен білім қуған жастардың ең ірі "жеткізушісі" ретінде Қазақстанға әсер етеді.
Қазақстандықтар "Госуслуги" бақылауында
Негізгі жаңалықтардың бірі – құжат тапсырудың цифрлық тұрғыдан толық орталықтандырылуы. Ресейлік "Госуслуги" порталы жоғары білімге қол жеткізудің жалғыз "терезесіне" айналады. Бұрын балама жолдар болған: қазақстандық талапкерлер мысалы, құжаттарын "Қазпошта" немесе электронды пошта арқылы жолдайтын, сондай-ақ ресейлік ЖОО-лар төл электронды жүйелері мен сайттары арқылы қабылдайтын.
Енді олардың барлығы жойылды. "Новые Известия" жазғандай, "Госуслуги" құжат тапсыруда монополистке айналды, мұны ресейлік басылым мыңдаған түлектердің бағын байлауы мүмкін "цифрлық тұзақ" деп атады.
"2026 жылы ресейлік ЖОО-ларға қабылдау науқаны толықтай цифрлық форматқа көшеді. "ЖОО-ға онлайн түсу" сервисі бар бірыңғай "Госуслуги" порталы талапкерлер үшін іс жүзінде жалғыз терезеге айналады. 2026 жылы талапкерлер баламалардан айырылды: енді құжаттарды қарапайым пошта немесе электронды пошта арқылы жіберу мүмкін емес. Бүкіл науқан тек "Госуслуги"-ге тәуелді. Аймақтардағы цифрлық теңсіздік жағдайында мұндай монополия талапкерлер үшін оқуға құжат тапсыру процесін едәуір қиындатуы мүмкін", – деп жазды газет.
Мемлекетке бұл тиімді: бірыңғай жүйе, стандартталған рәсімдер, деректерді жаппай бақылау. Талапкерге, әсіресе Қазақстан азаматтарына бұл қиындық әкеледі. Өйткені елімізде интернеттің жылдамдығы біршама жүрдек болғанымен, іргедегі елде ол жиі бұғатталады. Көршінің реформалаушылары мұны ескермеген.
Ресейлік сарапшылар тіпті бұрынғы тұрақты жылдардың өзінде жүйе шамадан тыс жүктемеге шыдай алмай, ақауға жиі ұрынғанын еске салды. Қазіргі соғыс кезіндегі мобильді және сымды интернетті жаппай шектеу жағдайында құжаттарды "Госуслуги" арқылы жібере алмай қалу тәуекелі арта түседі.
"Новые Известия" РФ-тағы сервер ақаулары мен интернет шектеулері аясында жүйенің жоғары жүктемелерге дайын екеніне күмән келтірді. Тәуелсіз "Новый Труд" кәсіподағының жедел штабының жетекшісі Алексей Неживой жағдайдың күрделі екенін жасырмады.
"Ресейдегі цифрлық кеңістік жайрап жатыр: мемлекеттік қызметтерді алу қиындады. Тіпті кассалар мен банкоматтар жиі-жиі істен шығып жатады. Негізгі себеп – интернетті масштабтау мен оқшауланған ұлттық сегментті құру арасындағы қайшылық. Үкімет көптеген қызметті қағаз баламасынсыз цифрлық форматқа көшіруде. Сонымен бір мезгілде шетелдік серверлерді бұғаттап, интернетті шектейді. Бұл талапкерлер үшін елеулі тәуекелдер туғызады", – деді Неживой.
Маңызды жайт, "Платформы обратной связи" (ПОС) порталының дерегінше, интернет байланысының үзілгеніне қатысты ең көп шағым Қазақстанмен шектесетін өңірлерде – Новосібір, Омбы, Челябі және басқа облыстарда тіркелген. Қазақстандық талапкерлердің негізгі ағымы дәл сол өңірлерге бағытталатыны белгілі.
Сонымен қатар, қазақстандық талапкерлердің барлық деректерінің бір жүйеге жинақталуы оларды киберқылмыскерлер үшін әлеуетті нысанаға айналдырады.
Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің оқытушысы, бизнесмен Максим Огановтың байламынша, азаматтардың дербес деректерінің үлкен ауқымы бір жерде неғұрлым көп шоғырланса, алаяқтардың қызығушылығы да соғұрлым жоғары болады, ал, деректердің сыртқа ағып кетуіне толық тосқауыл қою мүмкін емес.
Бұған дейін де "Госуслугиден" деректердің жаппай сырқа шығып кетуіне қатысты оқиғалар болған. Ресейліктердің жеке басына қатысты ақпараттар ғаламторды кезіп жүр. Оның үстіне украиналық және басқа елдердің хакерлері бұл ресейлік мемлекеттік порталды жиі шабуылдайды.
Тегін орындар іс жүзінде азаюда
Қазақстандағы сияқты Ресейде тегін мемлекеттік білім гранттары жоқ. Оның орнына кеңес кезіндегі сияқты бюджеттік орындар бөледі. Оның өзі қалаған бір бөлігін университеттер шетелдік талапкерлерге береді.
РФ ЖОО-ларындағы бюджеттік орындардың саны биыл өзгермеді. Бірақ іс жүзінде қазақстандық талапкерлер үшін азайды деуге келеді. Өйткені оларды иелену барған сайын қиындай түсуде.
Жетекші университеттерде өту (табалдырық) балдары максимумға жақындап қалды, салдарынан емтихандарда жоғары нәтиже көрсету қалаған мамандығыңызға тегін түсетініңізді кепілдендірмейді. Бәсекелестік бірнеше себепке байланысты күшейіпті, негізгісі – жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың өзгеруі, деп жазды Forbes.
Сонымен 2026/27 оқу жылында РФ Ғылым және жоғары білім министрлігі ресейліктер мен шетелдіктер үшін жалпы саны 620 500 орын бөлді: бұл екі жыл бұрынғыдай деңгей.
Соңғы екі жылда Ресейде бюджеттік негізде қабылдауда басымдық медициналық мамандықтарға тиесілі болып келді. Нәтижесінде, қазақстандық студенттердің үштен біріне жуығы дәл осы бағытты, яғни, ақ халатты маман болуды таңдады. 2026 жылы екпін инженерлік мамандықтарға ауысты. Өйткені ресейлік сарапшылардың түсіндіруінше, әскери-өнеркәсіптік кешендердің зауыттарына зымыран, әскери техника, беспилотник және басқасын құрастыратын, модернизациялайтын инженер мамандар көбірек қажет болуда.
Сонымен қатар жаратылыстану ғылымдары мен ауыл шаруашылығы салаларындағы бағдарламалар да біртіндеп кеңейіп келеді: бұл өсім басқа бағыттардың тегін орнын қысқарту есебінен жүзеге асуда. Нақтылағанда, гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық мамандықтарды қаржыландыру бұдан былай еселеп азайтылуда, деп жазды ресейлік шолушы Екатерина Ерохина.
Осы жағдай аясында өнер мен мәдениет саласындағы мамандықтар, сондай-ақ экономистер, қаржыгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, педагогтер және басқа гуманитарлық, шығармашылық әрі әлеуметтік-экономикалық бағыттар РФ үшін басымдық мәртебесінен айырылды. Бұл бағыттарды таңдаған талапкерлер о бастан тиімсіз жағдайда қалады: бюджеттік орынға қол жеткізу мүмкіндігі жыл сайын азая береді, деп хабарлады журналист Любовь Меньшикова. Бұл, әрине, кездейсоқтық емес, Үкіметтің саналы саясаттың нәтижесі.
География – басқару құралы
Тағы бір өзгеріс: бюджеттік орындардың басым бөлігі – 70%-дан астамы Мәскеу мен Петербордан басқа қалаларда орналасқан университеттерге бөлінеді. Осылайша, билік студенттер ағынын, соның ішінде Қазақстаннан келетіндерді де РФ-тің өзге өңірлеріне қайта бөлуге тырысады.
Бюджетке түсу мүмкіндігін бағалағанда қазақстандық талапкер тағы бір жайтты ескергені жөн: жарияланған тегін орындардың бәрі бірдей жалпы конкурсқа қатыспайды. Олар қағаз жүзінде бар, статистикада да есепке алынады, бірақ іс жүзінде – жоқ, үлкен бөлігі жабық, ішкі арналар арқылы таратылады.
Соның бірі – "арнайы әскери операцияға қатысушылар" квоталары. Әр дайындық бағыты (мамандық) бойынша тегін орындардың 10%-ы жеке және ерекше квоталар арқылы түсетіндер үшін резервтеледі. Бірінші санатқа әскери қызметкерлер және олардың балалары, сондай-ақ қаза тапқан медицина қызметкерлерінің балалары кіреді.
Екінші санатқа – мүгедектігі бар талапкерлер, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар кіреді. Олар да көбіне әскери қызметкерлер отбасыларынан. 2025 жылдан бастап бірініші квота бойынша орын жетіспесе, тапшылық екіншісінің есебінен толықтырылады. 2026 жылдан бастап – мақсатты қабылдау орындары (нақты тапсырыс беруші кәсіпорын үшін даярланатын студенттер) есебінен де толықтырылады.
Соғыс ұзаған сайын квоталар бойынша түсетіндердің саны өсіп келеді. 2025 жылы РФ ЖОО-лары Украинаға қарсы соғысқа қатысқан 4 217 адамды бюджеттік орындарға қабылдады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 1,6 есе көп. Жеке квота бойынша университеттерге түскен олардың балаларының саны да 1,6 есе өсіп, 18 901-ге жетті.
Бұл үрдіс уақытша құбылыс емес, институционалдық сипатқа ие: жеңілдіктері бар тұлғалар шеңбері алда кеңейтіледі. Мемдума қаза тапқан әскери қызметкерлердің жесірлеріне де емтихансыз ЖОО-ға түсуге мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады.
Бұл қазақстандық талапкерлер үміттенетін жалпы конкурс "қалдық категорияға" айналып бара жатқанын білдіреді. Ендеше тегін орындарға қол жеткізу – базалық құқық емес, көбіне басқа механизмдер қажет етпеген орындарға таласқа айналуда.
Салдарынан, әсіресе экономикалық, заңгерлік және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттарға бағдарланған қазақстандық талапкерлер үшін ресейлік ЖОО-ларға жалпы негізде түсу өте қиын болып барады. Мысалы, Жоғары экономика мектебінде экономика және менеджмент бағдарламалары бойынша өту балы 2025 жылы 300-ге жуықтады.
РАНХиГС-те менеджмент, экономика және құқық бағыттары бойынша ең төменгі өту балы 280-нен басталды. Тіпті инженерлік-техникалық бағыттарда да ресейлік жетекші ЖОО-ларда жоғары бәсекелестік сақталып отыр. МФТИ мен МИФИ-де өту балы 260-тан төмен бағдарламалар қалмады. Салыстырсақ: ресейлік өзге өңірлерде ортанқол университеттердің бюджеттік орындарына орташа өту балы 66,3-тен басталады.
"Ақшаға да – жоқ!"
Ресейде студенттер саны жыл сайын азайып келеді. РФ Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, бұрын талапкерлер саны бірнеше миллионға жететін. Бірақ 2025/2026 оқу жылында ресейлік ЖОО-ларға небәрі 904 мың мектеп пен колледж түлектері түскен. Бұл тарихи минимумға айналды.
Халқы 140 миллионнан асатын, ауыр демографиялық дағдарысты өткеріп отырған Ресей түлектерінің саны бойынша халқы 38 миллионнан ғана асатын Өзбекстаннан да арттап қала бастады: 2025 жылы ӨР-де жалпы білім беру мекемелері түлектерінің саны 1,08 миллионнан асты.
Ресейлік ақпарат құралдарының тұспалдауынша, бұл жағдайдың бірнеше себебі бар. Біріншіден, ресейлік жастардың жоғары білім алуға қызығушылығы, ынтасы төмен. Екіншіден, түлектердің едәуір бөлігі ЕГЭ тестілеуінен өту балдарын жинай алмайды, білім деңгейі бойынша шетелдік талапкерлерге, ең алдымен Қазақстаннан келген дарындарға жол береді. Үшіншіден, ірі қалалардағы өмір сүру құны қымбаттады, деревня жастары қалаға ағылмайды.
Бұл аз болғандай, мемлекет аз балл жинаған ресейлік жастардың енді ЖОО-дағы ақылы орындарға түсуін қатаң шектеп тастады. 2025 жылы РФ Үкімет 42 мамандық бойынша коммерциялық орындар санын қысқарту туралы шешім қабылдады. Бұл "қара тізімге" талапкерлер арасында ең танымал экономикалық, заңгерлік және гуманитарлық бағдарламалар енді.
Дәл осы бағыттардың есебінен 2021 жылдан бері ресейлік ЖОО-ларда ақылы қабылдау тұрақты түрде өсіп келген еді. РФ жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы "Экономика және басқару" және "Құқықтану" атты екі ірі мамандық тобы бойынша студенттердің 86%-ы ақылы негізде оқыған.
Қысқартудың жалпы көлемі 2025 жылмен салыстырғанда кемінде 13%-ды құрайды. Мысалы, РАНХиГС-те "Психология" бағыты бойынша коммерциялық қабылдау жоспары 2 есе қысқарды: былтыр 2 бакалавриат бағдарламасындағы 155 орын орнына 71-і ғана қалды.
Жаңашылдықтан ең көп зардап шеккен – жекеменшік ЖОО-лар, олардың шектелген мамандықтар бойынша қабылдауы биыл бірден 20%-ға төмендейді. Шектеулер жағдайында университеттер оқу ақысын көтеріп, шығынды солай өтеуге мәжбүр болады немесе мүлде жабылып тынады.
РФ-та шамамен 2,58 миллион студент ақылы негізде білім алуда. Алдағы жылдары бұл сан, қазіргі саясатқа қарағанда, азая береді. Талапкерлер "ақысын төлеп, түсе сал" мүмкіндігінен айрылуда.
Ресейде ЖОО-лар 2025 жылғы қабылдау науқаны барысында-ақ ақылы орындар санын арттыру құқығынан айырылған еді. Бұл күтпеген құбылысқа әкелді: кейбір дайындық бағыттарында тіпті коммерциялық орындардың өзіне жоғары конкурс пайда болды. Ақы төлейтін бірнеше балаға бір орынға таласуға тура келді. 2026 жылдан бастап мұндай жағдай қалыпты құбылысқа айналғалы тұр, деп жазады forbes.ru. Айта кету керек, қазақстандық студенттердің бір бөлігі ақылы оқиды.