Теннис әлеміндегі ең беделді турнирлердің бірі саналатын Уимблдонда өнер көрсеткен тұңғыш қазақ теннисшісі Бейбіт Жұқаев жаңа маусымға Новак Джоковичпен бірге бір кортта жаттығуда.
Жыл сайынғы Қазақстан теннис федерациясының оқу-жаттығу жиынына Бейбіт Жұқаевтан бөлек Қазақстан құрамасының басқа да теннисшілері қатысуда. Атап айтсақ, Юлия Путинцева, Александр Шевченко, Дмитрий Попко және Денис Евсеев.
24 жастағы Бейбіт Жұқаев үшін бұл маңызды кезең. Қазіргі таңда Бейбіт Жұқаев ATP рейтингінде 280-орында, ал мансабындағы ең жоғары көрсеткіші – 2024 жылдың мамырындағы 171-орын. Новак Джокович сияқты шебермен бірге жаттығу жасау топ-200-ге қайта оралу жолында құнды тәжірибе болмақ.
Бейбіт Жұқаев – Ақтау қаласының тумасы. Бұл қаланы теннис орталығы деп айту қиын. Бейбіт Жұқаев тенниспен айналыса бастаған кезде қалада тек хард корттар және жабық корттар ғана болған еді. Ол мансабында ең жақсы нәтижелеріне дәл осы корттарда қол жеткізіп жүр.
Теннисшінің өзі бұл туралы бір сұхбатында былай деген:
"Мен хард төсенішті корттарда ойнағанды ұнатамын. Шөпте көп ойнаған жоқпын. Бірақ ол жерде де өзімді жайлы сезінемін, ол менің ойын стиліме сай келеді", – дейді Бейбіт Жұқаев.
Айта кетейік, 2026 жылғы маусымды Бейбіт Жұқаев Аустралияда бастайды.