Қазақстандық теннисші Түркияда өткен турнирде жеңіске жетті

1650

Ломакин үшін бұл оның спорттық мансабындағы 14-жеңіс.

Қазақстандық теннисші Түркияда өткен турнирде жеңіске жетті

Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин украиналық Олег Приходькомен бірге Түркияда, жүлде қоры 15 мың долларды құрайтын жұптық турнирде жеңімпаз атанды. Анталияда өткен  жұптық жарыстың финалында бірінші нөмірмен өнер көрсеткен Ломакин / Приходько жұбы турнирдің үшінші дуэті жапониялық Кайто Уесугимен Тосихиде Мацуимен кездесті. Жалпы жарыс сенбі күні аяқталуы тиіс еді. Бірақ жарыс қатысушылары 4 желтоқсанда тек бірінші сетті және екінші сеттің бір бөлігін ғана ойнай алды. Бірінші сетте қазақстандық-украиналық жұп матч басталғанда 1:3 есебімен жеңіліп жатқанымен, партия соңында 7:5 есебімен қарсыластарынан басым түсті. Екінші сетте теннисшілер үш гейм өткізіп үлгерді. Бұл жолы жапониялық дуэт 2:1 есебімен алға шықты. Содан кейін ауа райының қолайсыздығына байланысты кездесу жексенбіге ауыстырылды.

Бүгін, 5 желтоқсанда қайта жалғасқан финалдық сайыста алдымен Ломакин мен Приходько ойынды сәтсіз бастады. Жапониялықтар тез арада екі есе есеп айырмасымен (4:1) алға шықты. Ал партия соңында 6:3 есебімен жеңіске жетті. Шешуші 3-кезең тай-брейк ережесі бойынша өтті. Онда Уесуги мен Мацуи 3:0, одан кейін 5:2 есебімен алға шықты. Осыдан кейін қазақстандық-украиналық жұптың жеңіске жететініне көп адам сене қоймады. Бірақ содан кейін Ломакин мен Приходько қатарынан сегіз рет ұпай алып, 10:5 есебімен жұптық сайыста турнир жеңімпазы атанды.

Ломакин үшін бұл ITF сериясының биылғы жұптық сайысындағы жетінші және мансабындағы 14-ші жеңіс болды. Сондай-ақ ол бүгін Анталияда басталған Челленджер сериясының іріктеу кезеңіне де қатысады. Қазақстандық теннисші іріктеудің алғашқы матчын әлемнің 569-ракеткасы, грузиялық Александр Метревелиге қарсы өткізеді. Ал Ломакин әлемдік рейтингте 774-орынға жайғасқан.

Сондай-ақ Мысырда жүлде қоры 15 мың долларды құрайтын ITF сериялы турнир өтті. Сенбі күні жұптық сында финалда қазақстандық Екатерина Дмитриченко мысырлық Сандра Самирмен дуэтте Анастасия Золотарева (Ресей) / Алина Фалей (Беларусь) жұбынан жеңіліп қалды. Қорытынды есеп – 4:6, 2:6.

Жалпы қазақстандық теннисшілер түрлі халықаралық турнирлердегі жеңістерімен жанкүйерлерді қуантуда. Норвегияда өткен 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы үшінші санаттағы Еуропалық теннис турнирінде қазақстандық Заңғар Нұрланұлы жекелей сында жеңімпаз атанды. Финалда ол француз Лена Кутурьеден 6:3, 6:4 есебімен басым түсті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу