Қазақстандық теннисшілер елордада Германия құрамасымен кездеседі

1704

Құрамалар арасында бес кездесу – оның төртеуі жекелей, ал біреуі жұптық сайыс өтеді.

Қазақстандық теннисшілер елордада Германия құрамасымен кездеседі

Юлия Путинцева, Зарина Дияс және Анна Данилина 15-16 сәуірде елордадағы Ұлттық теннис орталығының кортында өтетін "Билли Джин Кинг кубогы" командалық әлем чемпионаты алдындағы іріктеу матчы туралы пікір білдірді. Сондай-ақ Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойындарын еске алды.

"Бізді неміс қыздарына қарсы қиын матчтар күтіп тұр. Соған қарамастан финалға шығуға мүмкіндігіміз жоғары. Өз алаңымызда ойнаймыз және бұл бізді ынталандырады. Мен үшін өз елімізде ойнау бір ғанибет. Бұл ерекше сезім. Жанкүйерлеріміз үлкен қолдау көрсетеді. Маған осындай атмосфера ұнайды. Командадағы алғашқы матчым нақты есімде жоқ. Бұл көп уақыт бұрын болды. Жеңіске жеткенімді ғана білемін. Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынымда қатты қобалжығаным да есімде. Кортқа шығып, мені қанша адам қолдайтынын көргенде, батылдықпен ойнай бастадым. Көрермендердің қолдау көрсеткенін жақсы көремін", – дейді Юлия Путинцева.

Айта кетейік, Юлия Путинцева Қазақстан құрамасындағы алғашқы ойынын 2014 жылдың ақпан айында Индонезия құрамасына қарсы ойында өткізген болатын. Ол уақытта Юлия Вита Медиананы екі сетте 6:2, 6:1 есебімен жеңді.

"Германия құрамасы – мықты қарсылас. Немістер "Билли Джин Кинг кубогына" бұрыннан бері қатысады. Біз қазір өз алаңымызда ойнаймыз. Бұл жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Алдағы ойында 100% барымызды саламыз. Өзіміз үшін ғана емес, ең алдымен бүкіл ел үшін ойнаймыз. Қарсыластардың құрамын білеміз, дайындаламыз. Иә, менің команда сапындағы алғашқы ойыным есімде. Бұл 2009 жылы Австралияда Азия/Океания аймағының екінші тобында Федерация кубогы болатын. Галина Воскобоевамен жұптық кездесуде Иранмен ойнап, 6:0, 6:0 есебімен жеңіске жеттік. Бұл матч өмірімнің соңына дейін есімде болады", деді Зарина Дияс

"Ұлттық құрама сапында әр ойында барымызды салуға тырысамыз. Германия сапындағы барлық ойыншылар тәжірибелі және мықты. Бұл тартысты кездесу болады. Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде оңай матчтарды күтпеу керек. Сондықтан матч қиын болады. Ал Ұлттық құрамада алғаш рет 2019 жылы елордадағы Ұлттық теннис орталығында Азия/Океания аймағының бірінші тобында өнер көрсеттім. Мен Галина Воскобоевамен бірге жұптық сайыста ойнадым. Тайланд құрамасына қарсы біз 2:0 есебімен алға шықтық, кейіннен қарсыластарымызды сенімді түрде жеңдік", деді Анна Данилина.

14 сәуір күні елорда уақытымен 14:00-де жеребе тарту рәсімі өтеді. Ал 15 сәуір күні 13:00-де жарыстың ашылу салтанатынан кейін бірден екі жекелей кездесу жоспарланған. Ал 16 сәуір күні өтетін екі жекелей және бір жұптық сайыс 14:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу