Қазақстандық теннисшілер Шри-Ланкада өтетін Дэвис кубогінің іріктеу кезеңіне жолдама алды

1551

Шри-Ланкада 16 жасқа дейінгі  теннисшілер арасында жасөспірімдер Дэвис кубогінің іріктеу кезеңі алдындағы жарыстар аяқталды.

Қазақстандық теннисшілер Шри-Ланкада өтетін Дэвис кубогінің іріктеу кезеңіне жолдама алды

Команда капитаны Жансұлтан Чемботев бастаған Қазақстан құрамасының ойыншылары Дамир Қалдыбеков, Әмір Омарханов және Виталий Зацепин алдымен Малайзия құрамасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді. Одан кейін Ирак құрамасы дәл осындай есеппен қазақстандық теннисшілерге жеңілді.

1/4 финалда қазақстандық жасөспірімдер Моңғолия құрамасына жеңіске жетуге еш мүмкіндік қалдырмады – 3:0.

Ал Вьетнамға қарсы жартылай финалдық ойын өте тартысты өтті. Бірінші кезеңде Әмір Омарханов Нгуенді 6:4, 6:2 есебімен ұтты. Екінші кездесуден кейін Фам Ла Хунг Қалдыбековті 6:2, 6:1 есебімен жеңіп, есепті 1:1-ге жеткізді. Шешуші жұптық ойында Омарханов пен Зацепин біздің құрамаға финалға жолдама алуға көмектесті.

Финалда Қазақстан құрамасы Ираннан 0:2 есебімен ұтылды. Виталий ирандық теннисші Гавамға қарсы өткен қиын жекпе-жекте 5:7, 7:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Ал Әмір Омарханов Рахманиді жеңе алмады – 5:7, 2:6. Бірақ осы жеңіліске қарамастан жасөспірімдеріміз осы жылдың сәуір айында Шри-Ланкада өтетін Дэвис кубогінің іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы Еуропаның 5-ші ракеткасы, қазақстандық Заңғар Нұрланұлы Парижде өткен беделді Tim Essone турнирінің финалына шықты. Кезінде бұл жарыстарда Роджер Федерер, Рафаэль Надаль, Гаэль Монфис және басқа да жұлдызды теннисшілер жеңіске жеткен болатын.

Финалға жету үшін Заңғар талай мықты қарсыластарды тізе бүктірді. Алғашқы айналымда Нұрланұлы аустриялық Максимилиан Хайдельмайерді 7:6 (7:4), 6:3 есебімен ұтты. Одан кейін жасөспірімдер арасында Францияның бірінші ракеткасы Лени Кутурьеден 7:5, 6:7 (5:7), 6:4 есебімен айласын асырды. Ал ¼ финалда болашағынан зор үміт күттіретін ресейлік Сава Рыбкинді 6:0 есебімен жеңіп, оған бір ұпай да алуға мүмкіндік бермеді. Қорытынды есеп 6:0. Ал кеше жартылай финалда ливандық Даниэль Жадтан 6:1, 6:2 есебімен басым түсті.  

Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де басталатын финалда Заңғар Нұрланұлы тағы бір француз теннисшісі Тимо Труфеллимен кездеседі. Осылайша, қазақстандық жасөспірімдер халықаралық теннис турнирлерінде тамаша нәтиже көрсетуде.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу