Қыркүйек айының соңында отандық төрешілер мен футбол инспекторларын Еуропаның түрлі додаларында жауапты жұмыстар күтіп тұр. Олар Ұлттар лигасынан бастап, әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасына дейінгі жарыстарда қызмет етеді.
Олжас Абраев – Ұлттар лигасының ресми делегаты
Қазақстандық футбол функционері Олжас Абраев УЕФА Ұлттар лигасы С лигасының топтық кезеңіндегі Армения – Латвия кездесуіне ресми делегат болып тағайындалды.
Матч 25 қыркүйекте Еревандағы Вазген Саргсян атындағы Республикалық стадионда өтеді. Абраев ойынның ұйымдастырылуын, УЕФА талаптарының орындалуын және тиісті рәсімдердің сақталуын бақылайды.
Қазақстандық төрешілер "Минск" пен "Фенербахче" ойынында төрелік етеді
26 қыркүйекте Мажарстанның Мошонмадьяровар қаласында әйелдер арасындағы УЕФА клубтық жарысының екінші іріктеу кезеңі аясында "Минск" пен "Фенербахче" командалары кездеседі.
Ойынға қазақстандық төрешілер бригадасы қызмет көрсетеді. Бас төреші – Татьяна Сорокопудова. Оның көмекшілері Наргис Магау мен Динара Идрисова. Қосалқы төреші қызметін латвиялық Елена Ермолаева атқарады.
Кездесу Астана уақытымен 19:00-де басталады.
Данияр Сахи Мальта – Лихтенштейн матчын басқарады
Қазақстандық төрешілер бригадасы 27 қыркүйекте Мальта мен Лихтенштейн құрамалары арасындағы халықаралық жолдастық матчқа төрелік етеді.
Та-Калидегі Ұлттық стадионда өтетін кездесудің бас төрешісі – Данияр Сахи. Оған Самат Тергеусизов пен Сергей Калачев ассистенттік етеді. Қосалқы төреші міндеті Мальта өкілі Алекс Джонсонға жүктелген.
Матч Қазақстан уақытымен 21:30-да басталады.