Соның жарқын мысалы – Премьер-министр Олжас Бектеновтің Абай облысына сапары. Мұнда ол Президенттің тікелей тапсырмасы аясында жергілікті туризмнің тамыр бүлкілін басып қайтты.
Үкімет жетекшісіне Алакөл көлінің жағалауын өркендетудің Мастер-жоспары таныстырылды: құжат аумақты заманауи туристік-рекреациялық аймаққа айналдыруды көздейді. Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірде туризм саласын дамыту аясында 2029 жылға дейін 49 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын хабарлады. 2025 жылы жағалау инфрақұрылымын құлпыртуға 1 млрд теңге шығындалыпты: қаржы жағалауды бекітуге, абаттандыруға, көшелерді жөндеуге жұмсалды.
Дегенмен, қаржы бөлу қарқыны ерекше таңғалдырады: 2026 жылға енді 10 млрд теңге қарастырылған, яғни, ақша он есеге артқан! Бұл қаражат инженерлік және көліктік инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, тұрақты мобильді интернетпен қамтуға дейінгі цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталады деп күтілуде. Осының барлығы заманауи туризм үшін қажетті минимумді түзеді. Қаражат көлемінің он есе өсуі – көркем көрсеткіш, ал, оның талан-тараж болмауы және тиімділігі – ертеңгі күннің еншісіндегі сапалық деңгей.
Өңірде Бас жоспарды түзету жұмыстары жүргізілуде: туристік аймақтың ауданын он есе (!): 300 гектардан 3 мың гектарға дейін ұлғайту, ал, өткізу қабілетін тәулігіне 75 мың туристке дейін жеткізу жоспарланған. Бұл түзетуді биылғы қыркүйек айына қарай аяқтау көзделіп отыр. Бірақ елдегі қоғамдық тыңдаулар мен келісу процестерінің "маңғаз" қарқынын ескерсек, қыркүйек айына дейінгі меже тым асқақ көрінеді.
Оның үстіне электр беру желілерін тарту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды салу жобалары қолға алынады екен. Егер өткен жылы туристер әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстандағы демалыс базасында бірнеше күн бойы электр жарығысыз отырғандарына шағымданғанын ескерсе, энергиямен жабдықтау тақырыбы өңірде күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе көрінеді.
Жалпы алғанда, Үкімет бүкіл республика бойынша салада оң динамика байқалып отырғанын мәлімдеді. Туристік инфрақұрылым белсенді дамып, орналастыру нысандары – қонақүйлер, хостелдер, турбазалар және басқасы жаңғыртылып, көлік қолжетімділігі жақсаруда.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда ішкі туристер саны алдыңғы жылғы 9,1 миллионнан енді 10,1 миллионға дейін, ал, шетелдік туристер саны – 1,3 миллионнан 1,4 миллионға дейін өсті, деп мәлім етті Үкімет. Орналастыру нысандарының табысы 350,6 млрд теңгені құрады, ал, салаға құйылған инвестиция 32,6%-ға өсіп, 1,26 трлн теңгеге жетті.
Алакөл арманы: мұздан қорғау және мобилді интернет
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туристік Жетісу облысына аттанды. Астанадан келген мәртебелі қонақтар жергілікті туристік инфрақұрылымның жазғы маусымға дайындығын және Алакөл жағалауындағы негізгі нысандардың жай-күйін тексерді. Тексеріс қонақ үй кешендерін, кәріздік тазарту құрылыстарын, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту жұмыстарының учаскесін және Үшарал қаласының әуежайын қамтыды.
Үкіметтің дерегінше, облыс әкімдігі тарапынан "жағалауды жазғы туристік маусымға дайындау бойынша үлкен және жүйелі жұмыс жүргізілген". Бұл жұмыстар 2025 жылы туристік аймақтарда тәртіп орнату, инженерлік және көліктік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ инвесторлар үшін нақты жағдайлар жасау қажеттілігіне баса назар аударған Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша атқарылуда. Бүгінде бұл мәселе әлі де Президенттің ерекше бақылауында қалып отыр, деп нықтады үкіметтегілер.
Өңірдегі нақты жетістіктердің қатарында жалпы ұзындығы 488 шақырым болатын "Талдықорған – Үшарал" және "Үшарал – Достық" автожолдарын реконструкциялау аталды. Бұл Алакөл жағалауының көліктік байланысын шынымен жақсартады. Ұшу-қону жолағы реконструкцияланған соң Үшарал әуежайы енді ірі ұшақтарды қабылдай алады. Сондай-ақ қосымша терминал салу жобасы дайындалды: себебі қолданыстағы инфрақұрылым ауқымы артып келе жатқан жолаушылар ағынын игере алмай жатқан көрінеді.
Жағалауды бекіту мәселесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Жоба Алакөл жағалауының 13 шақырымын қамтиды. Алайда тексеру барысында жағалау сызығын су шайып кетіп жатқаны, соның ішінде құрылыс нысандарына жақын жерлерде жағалаудың опырыла бастағаны әшкереленді. Туристік нысан иелерінің түсіндіруінше, қысқы-көктемгі маусымда алып мұз массалары жыл сайын жағалау сызығын күйретеді, абаттандырылған жағажайларды құм мен қирандылардың үйіндісіне айналдырады. Кәсіпкерлер әрбір жаңа туристік маусымды мұз қиратқан мүлік-нысандарды қайта тұрғызудан бастайтындарына шағымданады.
Адамның жоспарын табиғаттың бір ғана мінезі тас-талқан ететін тұста, инженерлік шешімдердің көркем сөзден салмақтырақ болғаны абзал. Қазіргі кезде Көктұмада 960 метрлік учаскеде, Ақшиде 200 метрлік учаскеде жағаны бекіту жұмыстары орындалды. Бұл жұмыс жалғасуға тиіс, өйткені аумақты қорғау, нысандардың сақталуы және жағалаудың одан әрі дамуы тікелей осыған байланысты, деп азсынады кәсіпкерлер.
Балқаш тайм-менеджменті: Жетісу "жұмақ" орнатып үлгере ме?
Маусымның таяп қалғанын ескерген Үкімет қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Жағалауда құтқару бөлімшелері жұмыс істейді, жазғы кезеңде қосымша маусымдық құтқарушылар тартылады, техникамен және жабдықтармен жарақтандыру күшейтіледі. Сондай-ақ бейнебақылау және тіпті аспаннан дрон-мониторинг қарастырылыпты.
Алакөлмен шектелмей, Балқаш көліндегі туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша да жұмыс жүргізілуде. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың мәліметінше, жағалау аймағының Бас жоспары мен Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілген. Абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр, ал жағажай инфрақұрылымын аяқтау 15 маусымға жоспарланды.
Бұған дейін ұқсас тексерулер көршілес Алматы облысында да өтіп, Қонаев қаласының коммуналдық жағажайлары мен "ASP Arena" көпфункционалды кешені инспекцияланған болатын. Вице-премьер Аида Балаева нысандардың дайындығын дәл қазір қамтамасыз ету қажеттігін нықтады. Бірақ Алматы облысындағы барлық жағажайлар мен демалыс аймақтары әкімдіктердің құзырында емес екені белгілі болды. Осыған байланысты Үкімет басшысының орынбасары жекеменшік нысан иелері де тазалыққа, қоғамдық тәртіпке, инфрақұрылымның жай-күйіне және ең алдымен, судағы адамдардың қауіпсіздігіне толықтай жауапты болуға тиіс екенін қадап айтты.
Сонымен қатар, ол Туризм министріне осы жауапкершілікті бекітетін құқықтық механизмдерді пысықтауды тапсырды. Бұл мәселенің көптен бері созылып келе жатқаны даусыз. Дегенмен, о бастан бекітілуге тиіс қажетті қағидаларды министрліктің әлі күнге қабылдамағаны назар аудартады. Тек вице-премьердің сілкілеуі ғана жауапты шенеуніктерді серпілтіп, есін жиғызғандай. Жекеменшік демалыс аймақтарының азаматтар мен мемлекет алдындағы тиісті жауапкершілікті ұмытып, тек коммерциялық қызметпен ғана шектелмеуі керектігі қатаң ескертілді.
"Үміт жағалауы": қағида пайдадан маңызды ма?
Жалпы алғанда, Үкімет "жазғы туристік маусымға дайындық шараларын күшейтіп жатқанын" мәлімдеп отыр. Алайда осы орайда инспекциялармен немесе қаржыландыруды көбейтумен шешілмейтін құрылымдық мәселелердің де бары әшкереленді.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы тұмса табиғат аясында бизнесмен заманауи туристік аймақ құру жобасы жүзеге асыруға ниетті.
Жеке инвестор бастамашы болған бұл жоба тұжырымдамалық тұрғыдан пысықталған және жыл 12 ай бойы жұмыс істеуге бағытталған. Әлеуметтік маңыздылықты, жеке инвестицияларды, өңірлік дамуды қарастыратын жоба қолдау үшін мінсіз үміткер сияқты. Соған қарамастан, жобаны іске асыру тоқтап тұр: басты кедергі жер учаскесін алу мүмкіндігінің жоқтығы болып қалуда, деп хабарлады ШҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Надежда Иванченко.
Тұжырымдамаға сәйкес, құрылыс кешені орналастыру нысандарынан (қонақ үйлер мен коттедждерден), отбасылық демалыс аймақтарынан, дәмханалар мен сервис нүктелерінен, бақылау алаңқайларынан, серуендеу бағыттарынан тұрады деп жоспарланған. Басты міндет – иппотерапия бағытын дамыту, яғни, ерекше балаларды оңалту екен.
"Кешен демалушылардың әртүрлі санаттарына – отбасыларға, жастарға, шетелдік қонақтарына арналған. Бірақ қазір біз алға жылжи алмай отырмыз: жерсіз құрылысты да, инфрақұрылым тартуды да бастау мүмкін емес", – деп атап өтті инвестор Мәди Мәдиев.
Ұлан аудандық жер қатынастары бөлімінің өкілі Серік Оразханов бұл проблема құқықтық сипатта деді: "Бұл жерлер елді мекен жерлеріне жатады, халыққа ортақ. Оларды бизнеске беру үшін міндетті түрде бекітілген Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы (ЕЖЖ) қажет. Әзірге бұл елді мекенде ЕЖЖ жоқ. Жыл сайын біз осындай 2-3 жоспарды әзірлейміз, биыл үшеуі қарастырылған. Басымдық туристік әлеуеті бар аумақтарға беріледі. Бірақ ЕЖЖ-сыз, дәл қазір бұл учаскені бөле салуға заңды негіз жоқ", – деп дәйектеді шенеунік.
Бөлім өкілінің түсіндіруінше, жалпы, аукцион немесе тендер механизмін пайдалануға болар еді, бірақ мына санатта заң ол тетікті қолдануға тыйым салады. Осылайша, туристік саланың даму мәселесі ауданда идеяның немесе инвестицияның жоқтығына емес, реттеуші тетіктердің сәйкес келмеуіне тіреліп тұр.
Кәсіпкерлер палатасы мұндай кедергілерді жою уәкілетті органдар тарапынан неғұрлым икемді әрі жедел тәсілді қажет етеді деп есептейді.
"Бизнес қаржы салуға, инфрақұрылым құруға, туризмді дамытуға дайын. Бірақ жерге қолжетімділік сияқты негізгі, базалық жағдайлардың болмауы процесті тежейді. Мұндай жобалар қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін мемлекеттік органдардың жұмысын синхрондау маңызды", – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәкен Абдуллин.
Отырыс қорытындысында палата кеңесі аудандық мәслихат пен әкімдікке жүгініп, аталған елді мекен үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге қосымша бюджет қаражатын бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жолдауға шешім қабылдады.