Қазақстан құрамасы Филиппиннің Тагайтай қаласында өтіп жатқан велотректен Азия чемпионатында екінші алтын медалін жеңіп алды.
Аталған жарыста Анель Ташбай мен Аружан Кабдулова жасөспірімдер арасындағы мэдисон сайысында үздік нәтиже көрсетіп, құрлық чемпионы атанды.
Бұл бағдарламада екінші орынды Өзбекстан құрамасы иеленсе, Тайбэй командасы үшінші орынға тұрақтады.
Айта кетейік, бұған дейін Анель Ташбай, Аружан Кабдулова, Виталина Хоружая, Әлия Букаева және Айгерим Смайлканова жасөспірімдер арасындағы командалық із кесу жарысында алтын медаль жеңіп алған болатын.
Құрлықтық додаға 19 елден 300-ден астам спортшы қатысуда. Бұл жарыста Қазақстан ұлттық құрамасы жасөспірімдер, элита және паравелоспорт санаттары бойынша ел намысын қорғауда. Чемпионат 31-наурызға дейін жалғасады.