Қазақстандық зілтемірші Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

1335

Грекияның Ираклион қаласында 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Әлем Чемпионаты өтуде. 2-мамыр күні басталған турнир 10-мамырға дейін жалғасатын болады.

Қазақстандық зілтемірші Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Қазақстандық ауыр атлет Алексей Чуркин Грекияда жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. 18 жастағы қазақстандық жарысты 329 (146+183) келі нәтижемен  аяқтап, 20 жастағы америкалық Райан Генри Гримслендтен (145+182) небәрі екі ұпай айырмашылығымен алға шықты. Алексей серпе көтеруде 187 келі салмаққа тапсырыс берді. Қазылар алқасы рұқсат бергенімен, бірақ кейіннен шешімдерін қайта өзгертті.

Америкалық спортшы Гримсленд те 187 келіге тапсырыс беріп, Чуркинді басып озуы мүмкін еді. Бірақ ол мүмкіндігін пайдалана алмай, үшінші орында қалды.

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша индонезиялық 18 жастағы Ризки Жуниансиа жеңімпаз атанды. Ол 341 (156+185) келі нәтиже көрсетті. Оған қоса турнирдің жеңімпазы жұлқа көтеруде әлемдік рекордты жаңартты.

Сонымен қатар 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 19 жастағы қазақстандық ауыр атлет Петр Хребтов Әлем чемпионатында бесінші нәтиже көрсетті. Ол  турнирді 307 (137+170) ұпаймен аяқтап, алты мүмкіндігінің үшеуін орындай алмады.

Естеріңізге сала кетейік, Әлем біріншілігінде Қазақстан намысын сегіз спортшы қорғауда: Алякина Екатерина (55 келіге дейін), Сансызбаева Айсамал (87 келіден жоғары), Хребтов Петр (73 келіге дейін), Чуркин Алексей (73 келіге дейін), Полубояринов Денис (81 келіге дейін), Шерер Егор (81 келіге дейін), Башаргин Клим (89 келіге дейін), Мейрам Сұлтан (96 келіге дейін).

Бүгін, 6-мамыр елорда уақытымен 18:00-де ерлер арасында  (А тобы) 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшылардан Шерер Егор мен Полубояринов Денис жарыс жолына шығады.

Ермұхамед Мәулен