Қазақстандықтар 4 жылдан кейін ресейліктердің күнін кешуі мүмкін

264

Кейінгі айларда Ресей жақтан соққан "дауыл" әлі басылмай тұр. 

Қазақстандықтар 4 жылдан кейін ресейліктердің күнін кешуі мүмкін Фото: Alishia Abodunde/Getty Images

Украина бұл елдің бірнеше ірі мұнай өңдеу зауыттарын атқылап, істен шығарғанын жақсы білеміз. Соның салдарынан теріскейдегі елде жанармай тапшылығы басталып, салқынын Орталық Азия елдері сезе бастады.

Расын айту керек, Ресей не десек те алпауыт ел, кез келген мәселесі ішкі шаруасы ретінде бағаланбайды, зардабын көршілері де тартады. Көрші халық жанармай тапшылығын сезсе, түрлі жасырын жолдармен онсыз да арзан саналатын Қазақстанның отынын шекара асырып кетуі мүмкін деген үрей әлі бар. Себепсіз емес, еліміздің Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері 200-ге жуық шетелдік азамат жанармайды заңсыз алып өтуге әрекеттенгенін анықтағаны бар.

Ал Өзбекстан бензин нарығының жартысына жуығын импорт есебінен толтырады. Қазір АИ-80 бензинінен біртіндеп бас тартып, АИ-92 және АИ-95 маркаларына көшіп жатыр. Енді бұл ел Қазақстаннан мұнай өнімдерін сатып алуға өтініш білдіруі мүмкін. Өзіміздікі түгенделмей жатқанда, өзгенің сұрауы ішкі нарықты тағы қысары анық. Күз жақындағанда басталатын егін ору науқаны бар. Сондықтан шекараны солтүстіктен ғана емес, оңтүстік беттен де бақылауға алған абзал секілді.

Тағы бір көршіміз Қырғызстан Ресейдегі жағдайдың ауыртпалығын ең қатты сезетін ел болып отыр. Себебі бензинінің 90 пайыздан астамын Ресейден сатып алатын. Шу басталған мезетте-ақ қырғыздар Қазақстанға, Беларуське, Әзербайжанға, Өзбекстанға және Түрікменстанға өтініш айтып жүгінген.

Сонымен, Ресейде жанармай дағдарысы күшейіп келеді. Осы тұста қазақстандықтар бізде де жанармай тапшылығы басталмай ма деп қауіптеніп жүргені жасырын емес. Әйтсе де PACE Analytics талдау компаниясының директоры, мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың пікірінше, елімізде мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынып тұрғандықтан, таяу арада отын тапшылығы болмауы керек.

"Қазақстан әзірге ішкі тұтынудың негізгі бөлігін өз өндірісі есебінен жауып отыр. Алайда ЕАЭО нарығы өзара ықпалдасқан. Қазақстан дәстүрлі түрде Ресейден мұнай өнімдерінің белгілі бір көлемін импорттап келді. Әсіресе авиациялық керосин бойынша тәуелділік жоғары. Көрші елде ұсыныстың азаюы баламалы жеткізілімдердің қымбаттауына байланысты бағаның өсуіне әкелуі мүмкін", – дейді.

Баға дегеннен шығады, әзірге Қазақстан жанармай бағасын өсіре қойған жоқ. Дегенмен осы оқиғалардың әсерінен отын құны теңселер болса, келешекте инфляцияның қайта үдеуіне соқтыруы мүмкін. Өйткені көбіне жанармай құны маңызды азық-түлік түрлерінің бағасына әсер ететінін жақсы білеміз.

Дегенмен қазір ішкі нарықтағы жанар-жағармай қоры жеткілікті, ал отандық өндіріс салыстырмалы түрде тұрақты. Үкімет бензин мен дизель отынын автокөлікпен, оның ішінде ЕАЭО елдеріне шығаруға салынған тыйымды 2026 жылғы 21 қарашаға дейін ұзартты.

"Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының тоқтап қалуы одан әрі көбейсе, қатер 2026 жылдың күзіне қарай тағы артуы мүмкін. Сондай-ақ Қазақстаннан жанар-жағармайдың заңсыз шығарылу фактілері жиілеп келеді. Дегенмен әзірге олардың теріс әсері байқалмайды. Яғни, заңсыз тасымалданған жанармайдың мөлшері аз болған", – деді Асқар Исмаилов.

Бірақ мәселеден қашып құтылуы мүмкін емес. Сарапшының ойынша, алдағы 4-5 жылда еліміздегі ірі мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етіп отырған кен орындары едәуір сарқыла бастайды. Оның үстіне, Қазақстан мұнай өнімдеріне акцизді көбейтіп тастады. Бюджетке артық қаржы түскенімен, ол ақша саланы қолдауға тікелей бағытталмайды.

Енді мәселелердің бір қорытындысын жасап көрсек. Біріншіден, алдағы айларда елде жанармай тапшылығы бола қоймайды. Екіншіден, баға да көтерілмеуі керек, үкімет оған жол бермейтін де сыңайлы. Тек кей жекелеген отын түрлеріне аздап қосылып отырмақ. Үшіншіден, авиациялық керосинді Ресейден алатын едік, сондықтан ұшақ жанармайына қатысты қиындықтар басталуы мүмкін.

"Жанар-жағармайды сыртқа шығаруға тыйымды ұзартып, қатаң шаралармен нарықты бақылап отырған жөн. Алайда бұнымен шектелмей, әлемнің басқа елдерінен жанармай көздерін іздеуді қолға алған абзал. Егер қазіргідей шарасыз отыра берсек, 2030 жылға қарай Қазақстан жанармай импортына тәуелді елге айналады", – деп түйіндеді Асқар Исмаилов.

Әрине, бұл жайттардан үкімет хабарсыз емесі анық. Дегенмен қалай әрекет етіп жатыр – ол бөлек сұрақ. "Қара алтынға" бай ел де жанармайға тәуелді бола бастайтынын білсек керек.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу