Қазақстан капитал нарығының екі түрлі секторы үшін ойын ережелерін бір мезгілде өзгертіп жатыр.
Қаржылық реттеуші жеке тұлғалардың цифрлық активтерді сату операцияларынан тапқан табысынан жеке табыс салығын (ЖТС) алмауды ұсынды. Мұнда бір шарт бар: салықтан құтылу үшін айталық, биткоинды лицензияланған провайдерлер арқылы өткізу қажет.
Сонымен бірге капитал реформасы аясында шағын және орта бизнестің биржаға шығып, ай-пи-о өткізуі жеңілдетілетін болды. Екі жағдайда да мемлекеттің көздеген мақсаты біреу – халық пен бизнеске өз әл-ауқатын арттыра алуы үшін қолайлы жағдай жасау.
Бұл жерде цифрлық активтер адамдарға барынша тез баюға мүмкіндік бергенімен, сондай-ақ адамды инвестициясынан айырып, тақырға отырғызу қаупі де жоғары екенін ескерген жөн. Әрбір азамат цифрлық актив сатып алмас бұрын маманмен ақылдасып, өзі жеке шешім қабылдауға тиіс.
Мысалы, биткоин бағасы 2016 жылғы мамырда 150 мың теңгеден бүгінде 37 млн 459 мың теңгеге дейін шығандады. Яғни, он жыл бұрын 1 биткоин иеленген адам бүгінде 37,3 миллион теңге таза табысқа кенелді.
Алайда 1 жыл бұрын биткоин сатып алған адам керісінше, 30 миллион теңгесінен қағылды. Өйткені бұл криптовалютаның бағамы 2025 жылғы 5 қазандағы 67,4 миллион теңгеден 2026 жылғы 24 қыркүйекте 37,4 миллион теңгеге дейін құнсызданып қалды.
Цифрлық активтер табысына 2028 жылға дейінгі жеңілдік
Мемлекет жеке тұлғаларға цифрлық активтермен (ЦА) операциялар жасау үшін үш жылдық салықтық ынталандыру тетігін жасап жатыр. Бұл жерде тек Bitcoin пен Ethereum сияқты криптовалюталар туралы ғана емес, сонымен қатар стейблкоиндар, Tether USDT және USDC, NFT, токендер, токенизацияланған бағалы қағаздар және басқа да цифрлық активтер жайында сөз болуда.
Басты шарт – оларды сатып алу-сату мәмілелері Қазақстанда цифрлық активтерді ресми ұсынушы, лицензияланған провайдерлер арқылы өтуге тиіс, деп жазды inbusiness.kz.
"Ашық НҚА" порталында жарияланған "ҚР Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы жеке тұлғалардың цифрлық активтер операцияларынан тапқан табысын ЖТС-тен босатады. Құжат 2026 жылдың 25 қыркүйегіне дейін қоғамдық талқылауда болады.
Осы мақсатта қолданыстағы Салық кодексінің 337-бабының 2-тармағына жаңа 16-тармақшаны енгізу жоспарланып отыр. Егер осы заңды Құрылтай қазіргі күйде қабылдаса, онда салық төлеушілер еліміздегі ресми платформалар арқылы жасаған ЦА операцияларынан түсірген табысына салық салынатын кірісті азайту құқығына ие болады.
Яғни, іс жүзінде мұндай табыстарға ЖТС есептелмейді. Жеңілдік 2026 жылдың 1 қаңтарынан 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін ретроспективті түрде қолданылады.
Криптовалюталарды бұған дейін көлеңкелі нарықтан сатып алған азаматтар ше? Қаржылық реттеу агенттігінің түсіндіруінше, цифрлық активтерді өз еркімен лицензияланбаған айналымнан заңды айналымға шығарғандарға салықтық рақымшылық ұсынылады. Заң жобасы Салық кодексінің 337-бабын жаңа 3-тармақпен толықтырады.
Оған сәйкес, егер жеке тұлға 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта бұл активтерін лицензияланбаған, көлеңкелі алаңдардан Қазақстанда лицензияланған платформаларға толық көшірсе, онда оған ЦА операциялары бойынша салық берешегі есептелмейтін болады.
Бұған қоса, 2026 жылдың 1 қаңтары мен 2028 жылдың 31 желтоқсаны аралығындағы тиісті салық бұзушылықтары үшін есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар да есептен шығарылады деп ұсынылып отыр.
Бұл шара нарықты заңдастыруға бағытталған: мемлекет сол арқылы цифрлық активтерді көлеңкеден шығаруды, лицензияланған алаңдарға қаражат тартуды, капиталдың сыртқа кетуін азайтуды қалайды.
Шағын бизнес те енді биржада өз ІРО-сын өткізе алады
Капитал нарығындағы бұл реформа тек жеке тұлғалармен шектелмейді. Ол кәсіпкерлердің де бағын ашып, баюына мүмкіндік беруі ықтимал.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда шағын және орта бизнестің (ШОБ) биржаға шығып, өз акциясын сатуы барынша қиындатылған. Эмитенттердің нарыққа шығу рәсімдері тым күрделі, әрі оларға сайма-сай емес талаптар жүктеледі.
Мысалы, қосарланған мембақылау орнатылған: бағалы қағаздарды мемлекеттік тіркеу ҚНРДА арқылы жүреді, сонымен бірге "Орталық бағалы қағаздар депозитарийі" АҚ-ынан акцияларына ISIN кодын алуы шарт. Онсыз мемлекеттік тіркеуден өткенінің пайдасы жоқ. Агенттік саладағы осы мембақылауды депозитарийге толық беруге дайын.
"Сондай-ақ корпоративті облигацияларды жекелей орналастыру кезінде ақпаратты ашуға қойылатын шектен тыс талаптар қосымша салмақ түсіреді. Салдарынан алпауыт жария компания мен шағын ғана бизнеске бірдей талап қойылады. Олардың құнды қағаздарының шығарылым ауқымы, инвесторларының шеңбері мен нарықтағы тәуекелдері әртүрлі екені ескерілмейді", – деп түсіндірді агенттік мамандары.
ШОБ үшін бұл аса маңызды мәселе. Биржа арқылы қаржы тарту инвесторларға пайыздық сыйақы төлеуді ғана емес, сондай-ақ құжаттарды дайындауға, заңгерлік сүйемелдеуге, ақпаратты ашуға және листинг рәсімдерін орындауға мол шығын шығаруды талап етеді.
Бұл эмитенттердің ұйымдасқан нарыққа шығу мерзімін ұзартады. Жеке сектор компаниялары үшін биржаның тартымдылығын төмендетеді. Соның кесірінен, "Даму" қорының мәліметінше, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары дамуға қажетті қаржының шамамен 90%-ын әлі күнге, өткен ғасырдағы сияқты тек банктерден алуға мәжбүр.
Қаржылық реттеуші бизнестің қаржы тарту үшін биржаға шығуына тосқауыл қоятын 3 кедергіні атады:
- біріншісі – ШОБ пен ірі жария компаниялар үшін бірыңғай талаптардың қойылуы;
- екіншісі – ЖШС-ні АҚ етіп қайта құру кезінде үлкен ұйымдастырушылық және қаржылық шығындардың талап етілуі;
- үшіншісі – ШОБ-тың IPO-ға шығуына жеткілікті ынталандырудың болмауы.
"Осы аталған мәселелер компанияларға жария компания мәртебесін алуды тартымсыз етеді. Оның үстіне кәсіпкерлікті қосымша қаржыландырудың көзі ретінде қор нарығының дамуын шектейді", – деді агенттік мамандары.
Реттеуші бұл мәселені эмитенттерге талаптарды дифференциялау, саралау арқылы шешуді ұсынады. Мәселен, заң жобасы арқылы шағын және орта бизнестің төл бағалы қағаздарын сатуы және биржаға шығу рәсімі жеңілдетілмек.
"Капитал нарығы туралы" жаңа заң жобасы 2003 жылдан бері қолданылып келе жатқан "Бағалы қағаздар нарығы туралы" заңның орнын басуға тиіс. Құжат 2026 жылдың 5 қазанына дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Қазіргі уақытта шығарылым проспектісі компанияның көлеміне, инвесторларының ауқымына және несиелік сапасына қарамастан "бірдей көлемде ақпарат ашуды" талап етеді. Бұл шағын шығарылымдар мен бұрыннан белгілі эмитенттердің қайта орналастырулары үшін қиындық тудырып, биржа арқылы ақша тартуды қымбаттатады.
Жаңа тәсіл талаптарды орналастыру әдісіне – қағаздардың кімге және қалай ұсынылатынына байланыстырады. ҚНРДА тарапынан проспектіні мақұлдау тек 3 жағдайда ғана қажет болады деп күтілуде:
- Бағалы қағаздарды жария ұсыну кезінде;
- Білікті емес инвесторларға (халыққа) ұсынғанда;
- Ұйымдасқан нарыққа жіберген кезде.
Қалған жағдайларда агенттіктің мақұлдауын күту талап етілмейді.
Облигациялар тек білікті инвесторлар арасында ғана орналастырылса, онда проспектінің орнына жеке меморандум жасау қарастырылған. Оған ҚНРДА мақұлдауы қажет емес.
Тағы бір өзгеріс – жеңілдетілген проспект. Оны құнды қағаздары биржада кемінде 18 ай тұрған тәжірибелі эмитенттер қолданады. Құжаттың көлеміне, мазмұнына талаптарды ҚНРДА белгілейді.
Биржаның ресми тізімінде ШОБ субъектілері үшін жеке санат пайда болады. Тізімге ену, онда болу және ақпаратты ашу талаптары бизнестің ауқымын ескереді.
Әрине, биржа банк жүйесін алмастыра алмайды. Бірақ егер жаңа ережелер жемісті жұмыс істей алса, онда бизнес үшін қосымша капитал қайнары ашылады. Мемлекеттің күтіп отырған нәтижесі де осы: сараланған талаптар нарыққа шығу шығындарын азайтып, бизнеске банк несиесіне балама құрал беруге тиіс.