Қазақстандықтар қайтадан доллар сатып алуға жүгіріп жатыр

3724

Сарапшы теңгенің құнсыздану мүмкіндігіне қатысты болжам жасады.

Қазақстандықтар қайтадан доллар сатып алуға жүгіріп жатыр

Бұрынғы билік үлкен даурықпамен дедолларизация процесін бастаған еді. Оны қазақшаға "доллардан арылу", "долларсыздану" деп аударып жүрді. Қалай ат қойып, айдар тақса да, көздеген мақсатына жете алмады. Қазіргі кезде

Қазақстанда керісінше, долларизация қарқыны күрт артқан. Мұны жанталаса доллар алу, долларлану деп атаса болғандай. Бұл – валюта бағамынан күреп табыс тапқысы келетін спекулянттардың немесе дүрлігістен даңқ іздейтін сарапшысымақтардың байламы емес. Мұны Ұлттық банк жариялаған статистикалық және талдау материалдары көрсетіп отыр. 

Жалпы алғанда, бір ай ішінде қазақстандықтар, банктер, бизнесмендер 11,3 млрд доллар сатып алған. Доллар саудасы тек қызуда. 

"Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 10,5%-ға ұлғайып, бір айда 11,3 млрд долларды құрады. Соның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,2 млрд доллар (2022 жылғы шілдемен салыстырғанда 9,1%-ға төмендеді) болса, ал биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 9,2 млрд долларға жетті (16,4%-ға өсті). Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 82,8% немесе 7,6 млрд долларды құрады. Бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы ара-қатынасына әсер етпейді", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Яғни өз сарапшыларының ақылына жүгініп, банктер валютадан қор түзуде. Ал халық ше? Ұлттық банктің мәліметінше, 2022 жылғы тамызда халық 192,6 миллиард теңге сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алыпты. 

Мұны тарата айтсақ, халық 147,9 млрд теңгеге – АҚШ долларын (сатылған барлық шетелдік валютаның 76,8%-ы), 40,2 млрд теңгеге – еуроны (үлесі 20,9%) 4,5 млрд теңгеге – Ресей рублін (2,3%) сатып алды.

Халық өткен аймен салыстырғанда, АҚШ долларын алуды 1,8 есе арттырды. Еуроны сатып алу көлемі 11%-ға өскен. Ал Ресей валютасын сатып алу 20,7%-ға төмендеді. Ұлттық банк мұны "көрші елден туристердің көптеп келуімен" түсіндіреді. Олар өздерімен бірге рубльді көп әкелді, "Ресей рубліне сұраныс төмендеді". Ресейлік "туристердің" нағыз тасқыны 21 қыркүйекте оларда соғысқа мобилизация жарияланған соң болғанын ескерсек, рубль саудасы біразға дейін ес жия алмауы мүмкін. Нарық көршінің сабан ақшасына толды.

Қалай болғанда, Ұлттық банк дерегінше, Қазақстан халқы шетел валютасын сатып алуды еселеп арттырды. Биылғы маусымда – 91 млрд теңгеге, шілдеде – 125 млрд теңгеге, тамызда – 192,6 млрд теңгеге валюта сатып алыпты. Ал қыркүйектің қорытындысында 2 миллиард АҚШ долларын алған екен.  

Әдетте, бәрі керісінше болатын: валюта саудасы жазға қарай күрт артатын да, күзде құлдырай жөнелетін. Бұл дәстүр түсінікті де үш миллионға жуық қазақстандық көктем-жазда шетелге саяхатқа аттанады. Содан шетелдік валютаға сұраныс өсетін. Қазір басқаша.

Қаржыгер Ілияс Арсенов девальвацияны күткен қазақстандықтар ұзақмерзімді жинағын долларда сақтауға ұмтылып жатыр деген пікір айтты.   

Сарапшылар да, салаға жауапты ведомство да тағы бір тосын құбылысқа назар аудартты. Әдетте, күзге қарай теңге нығаяды. Себебі оған салық маусымы қуатты қолдау көрсетеді: табысын валютада алатын экспорттаушылар, шетелдік инвесторлар, жер қойнауын пайдаланушылар және басқалары мемлекетке салық төлеу үшін шетелдік валюталарына ұлттық валютамызды сатып ала бастайды. Өйткені заң бойынша Қазақстанда салық тек теңгемен төленеді. Ал сұраныс күрт артқан соң теңге де нығаятын.

Бұған қоса, биыл ұлттық валютаның қосымша тірегі пайда болды. Ұлттық компаниялар, ұлттық холдингтер валютадағы кірістерінің бір бөлігін KASE арқылы сатады, теңгеге айналдырады. Бірақ осының бәріне қарамастан ұлттық валюта қарқынды түрде құнсызданды.

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2022 жылғы тамызда ұлттық валютаның биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 462,29 теңгеден 479,55 теңгеге дейін құнсызданып кеткен.

"Тамыздың соңында болған ірі салық аптасының аясында теңгенің айырбастау бағамы бір айда 1%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 472,29 теңгені құрады. Тамыздың қорытындысы бойынша теңгенің айырбастау бағамының қалыпты нығаюына экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдері үшін шетел валютасын сатуы ықпал етті. Тамызда Ұлттық банк нарықты теңгерімді ету үшін валюталық интервенция жүргізбеді. Ұлттық қордан бюджетке трансфертті жүзеге асыру теңгедегі түсімдермен қамтамасыз етілді. Сондықтан Ұлттық қордың валюталық активтерін сату жүзеге асырылған жоқ", – деп мәлім етті Ұлттық банк.

Бүгінде доллар 476 теңге бағамымен саудалануда.

Қыркүйек айында да мемлекет валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Оның орнына ұлттық валютаны қолдаудың басқа тетіктері іске қосылды. Мысалы, ұлттық компаниялар арқылы "квазиинтервенция" жасалды. Салық маусымы жалғасты. Сонда да теңге айтарлықтай нығая алмады. Ведомство оның қысымда қалып тұрғанын жасырмады.

"Квазимемлекеттік сектор субъектілері шамамен 583,5 млн доллар валюталық түсімін сатты. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз бетінше жүзеге асырады. Бұдан бөлек, қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қордағы 85,1 млн доллар валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 4,3%-ын құрады. Бірақ валюта нарығы бұрынғысынша сыртқы факторлардың қысымында қалып тұр. Геосаяси аренадағы, іргедегі қақтығыстар күшейді, мұнай бағасы төмендеп, АҚШ доллары жаһандық деңгейде нығайды", – деп түсініктеме берді Ұлттық банк.

"Алда девальвация бола ма?" деген сауалға ведомство тікелей жауап бермейді.

Ұлттық банк сарапшыларының байламынша, "қысқа мерзімді перспективада теңгенің қалай құбылатыны геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады". Ал "Ұлттық банк теңгерімсіздіктің қордалануын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді валюталық бағам режимін ұстануын жалғастырады". 

Қаржыгер Ілияс Арсенов бір қарағанда, Қазақстанда ұлттық валютаның күрт құнсыздануына негіз жоқтығын айтады. Биылғы бірінші жартыжылдықта ағымдағы "төлем балансы" профицитті болды (5,7 млрд долларға асып түсті). Салыстырсақ, былтырғы осы кезеңінде 3,8 млрд долларға дефицит қалыптасқан еді. "Сауда балансы" да жарап тұр. Оның профициті 20,9 миллиард долларға жетті. Сөйтіп өткен жылдың ұқсас кезеңінен 12,6 млрд долларға жақсара түсті.

"Алайда ұлттық валютаның тағдырын өз еліміздегі ахуал емес, негізінен, еліміздің сыртындағы жағдайлар анықтайды. АҚШ Федералдық резервтік жүйесі (FRS) қатаң саясатын жалғастыруда, ол ақша-кредиттік саясатын агрессивті түрде қатайтып жатыр. Соның арқасында АҚШ доллары 20 жылдағы рекордтық құнына дейін қымбаттады. Өйткені әлемде доллар массасы азайды. Оның қасында тіпті жаһандық өзге державалардың ұлттық валюталары, тіпті британ фунты да, еуро да долларға қатысты арзандап кетті. Сонымен қатар ТМД-дағы қақтығыстар ушықты. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы өршіп барады. Мобилизация жариялап, қысқы қырғынға әзірленіп жатқанға ұқсайды. Мұның бәрі экономикаға, халықаралық саудаға соққы. Оның аясында теңге құнсыздануын жалғастыруы ықтимал", – деді сарапшы.

Тіпті Украинада қандай қан-қасап майдан болып жатқанын түсінбейтін қарапайым қазақстандықтардың өзі ТМД кеңістігіне тықыр таянғанын ұғынды. Аласапыранда дүние-мүлікті құтқарудың жолын іздеуде. Мысалы, Ұлттық банктің төлем балансы департаменті директорының орынбасары Жасұлан Мұратов жинағын алып, оған шетелден көлік сатып алуға ұмтылған азаматтар күрт көбейгенін хабарлады. ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктердің "сұр" импорты белең алған.

Ол адамдар машинасын тіркеуге қоймайды, шетелдік тіркеуде қалдыруы мүмкін. Бірақ Ж.Мұратовтың түсіндіруінше, олардың туристердің көлігі еместігін, елімізде тұрақты пайдаланылатынын билік жеке тұлғалар рәсімдеген сақтандыру полистері арқылы біледі екен. Нәтижесінде, қазақстандықтар соңғы бір жыл ішінде жалпы сомасы 980 миллион долларға 131,2 мың автомобиль айдап әкеліпті. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда, рекордтық көрсеткіш көрінеді.

Биылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға баса-көктей кіргенде Қазақстан халқы 198 млрд теңгеге валюта сатып алды. Батыс Ресейге қарсы қуатты санкцияларын енгізуге кіріскенде және РФ рублінің құны күрт құлағанда, мамырда 250 млрд теңгесін шетелдік валютаға айырбастады. Енді 2 миллиард доллар алып отыр. Әсіресе, үш өңірдің тұрғындары жылдамдатып, сейф-сандықтарын шетелдік валютаға толтырып жатқанға ұқсайды. Нақтыласақ, өткен айда алматылықтар 78 млрд теңгеге, шымкенттіктер 31,7 млрд теңгеге, Батыс Қазақстан облысының тұрғындары – 11 млрд теңгеге доллар сатып алған. Осы өңірлерде тұратын ағайын, туыс, таныстарыңыз болса, сыр суыртпақтай жүріңіз, олар өзгеге ашылмаған бір құпияны білетін сияқты. 

Долларизацияның тағы бір көрінісі жинақтан танылады. Жыл басынан бері Қазақстан азаматтарының және бизнесмендердің доллардағы депозиттері 609 млрд теңгеге өсті. Ал теңгедегі салымдары 223 миллиардқа азайды. Тұтастай алғанда, депозиттердің долларлануы, яғни доллардағы жинақтардың үлесі былтырғы 39%-дан 45%-ға дейін артып шыға келді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу