Өйткені, Үкімет мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті ақылы форматқа ауыстырып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2025 жылдың көктемінен бастап Қазақстанның банктер саласы жаңа "сынаққа" тап болып отыр. Басты себеп – "Қазақстанның ұлттық ақпараттық технологиялары" АҚ-ның (ҚҰАТ) банктерге Smart Bridge платформасы арқылы мемлекеттік қызметтерге кіріс үшін ақылы келісімшарт жасау туралы талаптар жолдай бастауы.
Бұл бастама қоғамда қызу талқыланып, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығын (ҚҚҚ) қатты алаңдатуда. Олар "мұндай қадам цифрлық мемлекеттің ұстанымына қайшы" деп есептейді. Бұл болашақта қағаз түбіртектерге қайта оралып, мемлекеттік органдар алдында ұзын-сонар кезек туындатуы мүмкін екенін еске салады.
Smart Bridge жайлы бірер сөз
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми жауабы бойынша, Smart Bridge – электронды үкіметтің маңызды элементі. Бұл – мемлекеттік және жекеменшік ақпараттық жүйелері арасында интеграцияны жеңілдететін "қызметтер витриналары" форматындағы ақпараттық-коммуникациялық қызмет.
Министрліктің мәліметінше, ақылы қолжетімділік құқығы 2018 жылы электронды үкіметтің информатикалық объектілерін біріктіру ережелерімен бекітілген. Тек 2025 жылдың 25 наурызындағы өзгерістермен толықтырылып отыр. Демек, келісімшартсыз ешбір жеке IT-жүйе, оның арасында банктер де, Smart Bridge арқылы мемлекеттік қызметтерге қосыла алмайды.
Тарифке қосылу құны қанша, ол қалай анықталады?
Қазіргі уақытта нақты баға жарияланбаған. Министрлік "тарифтер жақын арада Smart Bridge порталына жүктеледі" деп мәлімдеген. Тарифтің көлемі транзакциялар мен қосылу санына тікелей байланысты болмақ. Әрі банктер платформаны көп пайдаланған сайын төленетін сома да арта түседі.
Төлемдер Қазақстанның ұлттық ақпараттық технологиялары" АҚ-ның (ҚҰАТ) бюджетіне түседі, ал компанияның 100% акциясы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне (ЦДИАӨМ) тиесілі. Демек, бұл қаражатты министрлік басқарады.
Егер банк келісімшарттан бас тартса...
Министрлік келісімшарт және төлемсіз интеграциялық сервистерге қол жеткізу мүмкін емес екенін ескертеді. Бұл – кейбір банк Smart Bridge арқылы деректер ала алмай қалады деген сөз. Мемлекеттік жүйелер әдеттегінше жұмысын жалғастырса да, ол банк тұтынушыларына қиындықтар туғызуы мүмкін.
Мысалы, мәлімет арқылы банктер клиенттерді идентификациялай алмайды, мүлікті тіркеуге қабілетсіз, әлеуметтік төлемдер мен салықтық жеңілдіктер беруде мәселе туындайды. Бұл, әсіресе, мемлекеттік қызметтерді телефон арқылы пайдаланған азаматтарға кері әсерін тигізуі ықтимал.
Ақысыз қолжетімділікке қайта оралу қажет
Бүгінде "банктермен әріптестік қарым-қатынас жалғасып жатыр" деген ақпарат бар. 2025 жылдың 15 мамыры мен 4 шілдесінде қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен кездесу өткізіп, жаңа тарифтік модель талқыланған. Десе де, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы өкілдері мұндай түсініктемелерді жеткіліксіз деп есептейді. Олар ақысыз қолжетімділікке қайта оралу қажеттігін алға тартып отыр. Қазір келіссөздер жалғасып жатқан көрінеді. Бірақ, қанша банк келісімшарт жасағаны туралы нақты мәлімет жоқ.
"Smart Bridge-ті ақылы ету шешімі – цифрландырудағы ірі бетбұрыс" деп сайнайтындар жоқ емес.
Монетизациялаудың зардабы бола ма?
Финтех сарапшылары "ақылы қолжетімділік цифрландыруды бәсеңдетіп ғана қоймай, әлеуметтік теңсіздікті күшейтуі мүмкін" екенін жасырмайды. Шағын банктер үшін цифрлық жүйеге қатысу шығынды жоғарылатпай қоймайды. Бұл өз кезегінде монополия мен бәсекенің төмендеуіне әкеліп соғады, тұтынушыларға кері әсер етеді.
Бүгінде тұрғындар банктік қосымшаларды ақша сақтау, аударымдардан бөлек, мемлекеттік қызметтер алу үшін де пайдаланады. Сондықтан, мемлекеттік деректерге қолжетімділікті монетизациялау қазіргі уақытта бизнестің және қоғамның нақты талқылдауында тұр. Өйткені, оның шешімі Қазақстанның цифрландыру стратегиясының болашағын айқындауы ғажап емес.