Қазақстандықтар қарызға өмір сүріп жүр

Мемлекет басшысы қарыз беру саласын реттейтін маңызды құжатқа қол қойды.  

 Қазақстандықтар қарызға өмір сүріп жүр Фото: inbusiness.kz

Жуырда ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саланың қызметтін реттейтін заңға қол қойды. Екінші деңгейлі банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар бұдан былай жаңа ережеге сай жұмыс істейді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Енді коллекторлар борышкерге өзгенің нөмірінен хабарласып, мазасын алмауға тиіс. Егер өзінің телефонынан хабарласса да, әңгіменің аудио-видео жазбасын сақтауға міндетті. 

Бұл өзгеріс микроқаржылық ұйымдарға да қатысты. Енді мұндай мекемелер жарнама тарату кезінде жылдық сыйақы мөлшерлемесін көрсетуі қажет. Бұған қоса несиені қайтаруды кешіктірген азаматтың 90 күн ішінде қарызына өсімпұлды 0,5%-дан, 90 күннен ары 0,03%-дан асыруға болмайды. 

Ал қазақстандықтардың басым бөлігі үшін тағы бір маңызды ақпарат, несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарды. Кредит алып, түрлі себеппен қайтара алмай несие тарихы бұзылған, нәтижесінде қайта кредитке қол жеткізе алмай жүрген қазақстандықтар көп.  

"Несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарғанда біздегі 490 мыңға жуық отандасымыз банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қайта несие алуға мүмкіндік алады", — деген еді сенатор Ольга Перепечина. 

Заңда банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша түйіткілді берешектерді сотқа дейін реттеу тетіктері де жетілдірілген. Енді мерзімі өткен несиелер бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәртібі көзделіп отыр, ол банктердің қарыздарына ғана емес, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының кредиттеріне де қолданылады. Сондай-ақ, қарыз алушылардың өтініштерін қарау мерзімі 180 күннен 90 күнге дейін қысқарды.

"Сонымен қатар ломбардтарға борышкердің проблемалық қарызын шешу туралы өтінішін қарау кезінде кепілзатын сатуға, кепілге қойылған мүлікті ломбардтың меншігіне алуға тыйым салынды", – деп нақтыланған құжатта. 

Жаңа заң бекітілген құжат аясында емес, жеке талаптарымен жұмыс істейтін ұйымдарға тұсау салар деген үміт басым. Микроқаржылық ұйымнан "күліп" қарыз алып, әрең қайтарған алматылық Айсұлу Ахметова осылай деп есептейді. Айтуынша осындай компаниялардың бірінен қарыз алған. Алайда қайтарар кезде белгіленген сома бастапқыдан әлдеқайда жоғары екенін білген. 

"Микроқаржы ұйымының жарнамасында жылдық пайыздық мөлшерлеме 19% деп көрсетілген. Алайда 6 ай бойы алған 200 мың теңгені қайтарған соң әлі дәл сондай сома қарызым бар екенін білдім. Өз есебім бойынша несие 1-2 айдан кейін толық жабылуы керек. Бірақ қарыз алған ұйымға хабарласқанымда пайыздық мөлшерлеме 35%, ал мойнымда тағы қомақты борыш бар екенін түсіндім. Сондағы жарнамадағы 19%, келісім шартта 35% деп көрсетілген екен. Сондықтан заңды қатаңдату осындай жағдайлардың алдын алады", – дейді Алматы тұрғыны. 

Бірінші кредит бюросының мәдіметінше, қазіргі кезде қазақстандағы жалпы несие көлемі – 21,7 трлн теңге. Оның 15,9 трлн теңгесін банктер берген, 3,3 трлн теңге мемлекет, 456 млрд шағын несие ұйымдары, 2 трлн басқа несие берушілерден алынған қарыз. 

Стастистикаға сүйенсек, 100 қазақстандыққа 58 несиелік картадан келеді. Былайша айтқанда еліміздің әр екінші азаматы тауарды несиеге, бөліп төлеуге рәсімдеп, қарызға өмір сүреді. Сондықтан мамандар заңды күшейтіп, өзгеріс енгізу маңызды, дейді. Өйткені несие алушылардың құқықтық, қаржылық сауатының аздығын пайдаланып, борыш беру мен қайтаруда заңды белден басып, солқылдақ тұсын пайдаланатын қаржы ұйымдары баршылық. 

Жыл басында қаржы реттеушісі тәртіпке томпақ келген ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдарға 5,7 млн теңге айыппұл төлеуді міндеттеді. Жалған жарнама беріп, азаматтардан айласын асырған ұйымдарға 30 әкімшілік айыппұл салынып, 9 хаттама толтырған. 

Алайда бұған қарамастан несие алушылар саны көбейіп келеді. Жыл сайын бұрын несие алмаған 500 мың қазақстандық борышкерлер қатарына қосылып отырады. Сарапшылардың болжамынша дәл осы қарқын сақталса, 4 жылдан кейін елдегі экономикалық белсенді адамдардың барлығы несие алғандар қатарына қосылады. 

Бұған дейін экономикалық белсенді адамдардың 20% мүлдем несие алмаған. Заңдағы өзгерістер нарыққа оң әсер етсе, несие алушылар саны күрт артуы  мүмкін. Өйткені қарыз алмағандардың көпшілігі несие берушінің заң тұрғысында басымдылығы көп деп ойлап, сеніммен қарамайды.  

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу