Қазақстандықтар көлікті несиеге алуды азайтып жатыр

373

Қазақстанда автонесиеге деген сұраныс 11 пайызға азайып, берілген несие көлемі 18 пайызға төмендеген. 

Қазақстандықтар көлікті несиеге алуды азайтып жатыр Фото: ЖИ

Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының шолуында айтылған. Бұл уақытша құбылыс па? Редакция тілшісі осы тақырыпқа байланысты сарапшылардың пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда банктерге автокредитке қатысты 1,2 млн өтінім түскен. Бұл былтырғыға қарағанда 11%-ға аз. Жаңа берілген автонесие көлемі 17,7%-ға төмендеп, 397,7 млрд теңге болды.

"Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бұл көрсеткіштері нарықтың айқын салқындағанын көрсетсе де, бұл күтпеген жағдай емес. Бұл құбылысты нарықтың жаңа тепе-теңдік нүктесіне көшуі деп бағалаған жөн. Бұл тенденцияның артында екі негізгі макроэкономикалық фактор тұр. Біріншіден, реттеушілік қысым және скорингтің қатаңдауы әсер етті. Нарықтың төмендеуі тек халықтың қалауынан емес, банктік сектордағы тәуекелдерді басқарудың күшеюінен, соның ішінде қарыз жүктемесі коэффициентіне қойылатын талаптардың артуынан туындап отыр. Банктер қазір әр өтінішті мұқият тексеріп, мақұлдау пайызын төмендетті. Сұраныстың 11%-ға түсіп, берілімнің 18%-ға азаюы арасындағы алшақтық банктердің сүзгілеу талабын күшейткенін дәлелдейді", – деді экономист Бауыржан Шурманов.

Оның айтуынша, баға мен мөлшерлеме қайшылығы мәселесі де бар.

"Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы коммерциялық автокредиттерді қымбаттатты. Көлік бағасының өсуімен қатар келген мұндай пайыздық жүктемені қатардағы тұтынушының қалтасы көтере бермейді. Бұл феноменді қысқа мерзімді деуге келмейді. Орта мерзімді перспективада, яғни ақша-кредит саясаты жұмсарып, инфляциялық қысым толық басылғанша нарық осы қалыпты трендте қалады", – деп атап өтті сарапшы.

Осы тұста "қазіргі жағдайда қазақстандықтар көбіне қандай қаржыландыру түрін таңдайды: автокредит пе, лизинг пе, әлде қолма-қол сатып алу ма" деген сауал туындайды. Бауыржан Шурмановтың сөзінше, автокредит халық арасында ең танымал құрал болып қала береді.

"Тұтынушылардың басым бөлігі көлікті несиеге рәсімдеуді жөн көреді, өйткені бұл психологиялық тұрғыдан да түсініктірек әрі заңды түрде бірден меншік құқығын сезінуге мүмкіндік береді. Қолма-қол ақшаға сатып алу үлесі жаңа көліктер нарығында айтарлықтай төмен, өйткені машина бағасының өсуі халықтың жинақтау мүмкіндігінен озып кетті. Қолма-қол есеп айырысу көбіне екінші қолданыстағы арзан көліктер сегментінде ғана сақталып отыр. Ал лизинг нарығына келетін болсақ, бұл құрал Қазақстанда жеке тұлғалар үшін мүлдем дамымаған. Батыс елдерінде лизинг көлікті меншікке алу үшін емес, оны тиімді пайдаланып, белгілі бір уақыттан кейін жаңартып отыру үшін қолданылады. Бізде бұл құрал жеке тұлғалар үшін өте тиімсіз және пайыздық жүктемесі тым жоғары болып қалып отыр. Негізгі себеп заңнамалық және салықтық кедергілерде жатыр. Компаниялар үшін лизинг бойынша қосылған құн салығын есепке алу сияқты артықшылықтар бар болса, жеке тұлғалар үшін мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған. Сонымен қатар нарықтағы өнімдердің күрделілігі мен халықтың бұл құрал туралы хабардар болмауы да әсер етеді. Күрделі құқықтық құрылымдар мен жоғары шығындар жеке тұлғалар сегментінде автолизингтің дамуын тежеп тұр", – деді сала маманы.

Ал автосарапшы Алексей Алексеев автонесиеге сұраныстың төмендеуі жаңа көлік бағасының төмендеуімен байланысты болуы мүмкін деп топшылайды.

"Меніңше, бұған биыл жаңа көліктер бағасының төмендеуі әсер еткен. Әсіресе, соңғы екі-үш айда баға айтарлықтай түсті. Бағаның төмендеу процесі былтырдан басталған еді, сол кезде Astana Motors қытайлық көліктерді шығаратын жаңа зауытты іске қосты. Сол уақытта компания өз модельдерінің көбіне бағаны айтарлықтай төмендетті: жеңілдіктер 700 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін жеткен. Оның әсері қазір нарыққа толық жетті. Соңғы 2-3 айда жаңа көлік бағасы айтарлықтай төмендеді. Әрине, бардығына бірдей емес, бірақ Қытай және Оңтүстік Корея көліктерінде байқалады. Мәселен, жарты жыл немесе бір жыл бұрын 18 миллион теңге тұрған көлік қазір 13 миллион теңгеге дейін түскенін байқауға болады. Айырмашылық өте үлкен", – деді сарапшы.

Сала маманы автонесиелер жаңа көліктерге де, бұрын айдалған көліктерге де рәсімделетінін айтады.

"Әр жылдары көліктердің 70%-ға дейінгі бөлігі несие арқылы сатып алынған. Бұл автонесиенің қолжетімділігі мен жаңа көліктердің бағасына байланысты болды. (...) Автонесие рәсімдеу шарттары күшейтілді. Көптеген азаматқа былтырдың өзінде несие өтінімдері мақұлданбады, олар банктердің жаңа талаптарын ескеріп отыр", – дейді Алексей Алексеев.

Ол лизингті негізінен заңды тұлғалар пайдаланатынын, жеке тұлғалар үшін ол тиімді емес екенін жеткізді.

"Көптеген дилерлік орталық бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынады және бұл өнімге де сұраныс бар. Сонымен қатар trade-in бағдарламасы да жұмыс істеп тұр. Меніңше, биыл trade-in жүйесі біраз пайда тапты. Себебі дилерлік орталықтар ескі көліктерді бұрынғы бағамен қабылдауға дайын, ал бұрын айдалған көліктер нарығындағы баға әлі толық жаңарған жоқ", – деп атап өтті автосарапшы.

Алдағы 6-12 айда автокредит нарығында қандай трендтер күтіледі

Бауыржан Шурманов бірнеше трендке тоқталып өтті.

"Ең басты тренд – банктер мен автодилерлердің бірлескен серіктестік бағдарламаларының артуы. Нарықтың жалпы салқындауы аясында дилерлер де, банктер де клиенттерді тартудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр. Осыған байланысты нақты бір брендтерге арналған төмендетілген пайыздық мөлшерлемелер мен жеңілдікті кезеңдері бар бірлескен өнімдер көбейеді. Екінші тренд – қытайлық автобрендтердің экспансиясы мен оларды несиелеудің ұлғаюы. Нарыққа жаңа маркалардың көптеп келуі және олардың агрессивті баға саясаты сұранысты өзіне аударып жатыр. Банктер де бұл үрдіске бейімделіп, қытайлық көліктерді сатып алуға арналған арнайы несиелік желілерді белсенді дамытуда. Үшінші маңызды бағыт – екінші қолданыстағы, яғни бұрын пайдаланылған көліктерді несиелеудің өсуі. Жаңа көліктердің бағасы жоғары болғандықтан, тұтынушылардың айтарлықтай бөлігі бұрынғы қолданыстағы машиналар нарығына ауысуда", – дейді ол.

Экономистің пікірінше, банктер бұл сегменттегі тәуекелдерді бағалау алгоритмдерін жақсартып, бұрын айдалған көліктерді несиелеу көлемін арттырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу