Алматылық бизнесвумен Динара Оспан (фамилиясы өзінің сұрауымен өзгертілді) РФ-тің танымал "онлайн-базарларында" оларда ең көп сұранысқа ие заттарды – күнделікті сұранысқа ие тауарларды, тұрмыстық химияны, жеке гигиена заттарын және косметиканы сатады.
"Бізде барлық бөлшек сауданың 60%-дан астамы онлайн-платформалар арқылы өткізіледі. Жыл басынан бері ресейлік "плейстар" (бизнесмендер жаргонында маркетплейстар солай аталады) тауарлардың көпшілік категориялары үшін комиссияларын екі рет көтерді. Біз онсыз да сатудан түскен түсіміміздің 25-35%-ға дейінгісін соларға беруге мәжбүрміз. Қараша айының соңына қарай кезекті рет көтеретінін жариялады. Былтыр маған қайырымды кісілер комиссияны төмендетудің жұмыс істейтін схемасын айтып жіберді. Мәнісі мынада: ресейлік маркетплейстар қытайлық компанияларға үлкен жеңілдік береді", – деп әңгімеледі Динара.
Биылғы жыл басында кәсіпкер осы схемаға жүгініпті. ҚХР-да салық салудың жеңілдікті режимін пайдалану үшін ол қытайлық заңды тұлғасын еркін сауда аймағында тіркепті.
Нәтижесінде, "қызықты" конфигурация қалыптаст. Ресейлік онлайн-сауда алаңдарында Динара Қытайдағы сатушы ретінде көрініс береді. Бірақ тапсырыс жасаушы ресейлік клиенттеріне тауарларын тікелей Қазақстаннан жолдайды. Соның арқасында лезде жеткізіледі.
Дегенмен, бизнес-процестер жөніндегі маман Алексей Бабсковтың (Alexey Babskoff) түсіндіруінше, бұл схема көптеген қазақстандық бизнесменге жарамайды. Себебі, Қытайда төл компанияныңды тіркеу – өте күрделі процесс.
Алдымен, тіркеудің нысаны мен орнын-мекенжайын таңдау қажет. Шың елінде шетелдіктер арасында кең таралған түрі – WFOE (Wholly Foreign-Owned Enterprise), бұл 100% шетелдік капитал қатысатын кәсіпорын, тиісінше, бұл форма бүкіл бизнесті жеке бақылауға және кірісті біршама тез шығарып әкетуге мүмкіндік береді.
Мұнымен бітпейді: бірнеше басты кезеңнен сүрінбей өту қажет және олар аяқталғанша бірнеше ай өтуі ықтимал. Оның арасында:
• путунхуадағы (ортақ қытай тіліндегі) атауды резервтеу,
• Нарықтық қадағалау басқармасының тексеруінен өту және алдын ала мақұлдауын алу,
• қытайлық банктерде есепшот ашу,
• жарғылық капиталды енгізу,
• бизнес жүргізу үшін лицензия мен сертификат алу,
• салық инспекциясында тіркелу және басқасы бар.
Құрылтайшылық құжаттарды сауатты жасап беретін, тіркеуден бас тартуға және бұғаттауға соқтыратын қателіктерден құтқаратын қытайлық құқыққа маманданған заңгерді және өзге мамандарды жалдау талап етіледі. Егер бизнес нысанның маркетплейстардағы айналымы үлкен болса ғана осы және басқа шығындар өзін-өзі ақтайды екен.
Қазақстандықтардың ресейлік "онлайн-базарларға" шығу үшін Қытайда компаниясын тіркеуге неге мәжбүр болғанын "Вот что на самом деле" танымал YouTube-каналында, аты-жөнін жасырған ресейлік кәсіпкер әйел әңгімелеп берді.
"Таяуда Озон менің категориямдағы тауарларға комиссиясын рекордтық 42%-ға дейін көтерді. Маркетплейстағы шығын тек сату комиссиямен шектелмейді, логистика, жеткізу шығыстары, эквайринг пен жарнама тағы бар. Қорытындысында маркетплейс өзіне бүкіл түсімнің шамамен 60%-ын алып қояды. Бұдан бөлек, РФ-қа тауарды әкелгенде, кедендік тазалау үшін 20% (жаңа жылдан бастап 22%) ҚҚС пен 9% баж салығын төлеуің керек. Оны өткізгенде 6% табыс салығын тағы аударуың шарт. Сонда ресейлік кәсіпкерге не қалады? Максимум – нөл!" – деді ресейлік бизнесвумен.
Бүгінде қытайлық жеткізушілер ресейлік Ozon және Wildberries маркетплейстарына кіруде сұрапыл белсенділікті паш етуде. Оларды өзіне көбірек тарту арқылы ресейлік онлайн сауда алаңдары халықаралық нарықтағы беделі мен орнын нығайтуға ниетті.
"Біздің қытайлық бәсекелестерімізге қандай жағдай жасалған? Олар біз сияқты 42% емес, небары 16% комиссия төлейді. Бұған қоса олар Ресейде баж алымдарын, ҚҚС, басқа салықтарды төлемейді. Озонда тіпті Қазақстан үшін ресейліктерге қарағанда әлдеқайда тиімді жағдайлар жасалған. Бірақ енді оларға да комиссияны көтеруде. Осыған байланысты менің Қазақстандағы таныстарым Қытайда бизнес ашуға кірісті. ҚХР-да құрған компаниясы арқылы Ресейде сауда жасайды, аз комиссия төлейді", – деді ресейлік кәсіпкер әйел.
Солтүстік көршінің ақпарат құралдары бүгінде қытайлық сатушылар ресейлік маркетплейстарды орасан қарқынмен игеріп жатқанына назар аудартады: 2025 жылы әрбір үшінші жаңа селлер – Қытайдан болған. Оның арасында бірен-саран болса да қазақстандық бизнесмен жүрсе керек.
"Железно" федералдық патенттік бюросының атқарушы директоры Елена Лучининаның түсіндіруінше, ресейлік алаңдарда қытайлық сатушылардың қаптауынан сатып алушылар ұтады. Тауарлардың ассортименті, ұсынысы мен түр-түрі көбейеді, бағалар арзандайды, тапсырыс та енді тез арада жеткізіледі. Ал, жергілікті селлер үшін бұл – бәсекелестіктің күшеюін және баға демпингін білдіреді.
Бұған дейін қытайлық кәсіпкерлер ресейлік маркетплейстарға тікелей шықпайтын, олар негізінен:
• ресейлік жергілікті селлерлер үшін өнім жеткізуші рөлін атқарды;
• ресейлік маркетплейстарда бөлшек сауданы Ресейдегі бренд өкілі не филиалы арқылы ғана жүзеге асырды.
"Мұндай тәсіл логистиканың күрделілігі және жеткізудің ұзаққа созылуы кесірінен оларға тиімді позицияларды иеленуге мүмкіндік бермеді. Сатып алушылардың көбі ресейлік маркетплейстарда тапсырыс берген тауарын бір ай және одан ұзақ күткісі келмейді. Сондықтан жедел жеткізілетін ресейлік баламасын ала салады. Бүгінде шың елінің кәсіпкерлері тауарларын тікелей WB мен Озонның қоймаларынан жүктеп аттандырады және Ресейдің тұтынушылық аудиториясына делдалсыз, тікелей қол жеткізді. Бұл оларға тауарды тез әрі арзан бағамен сатуына жол ашты", – деді Лучинина.
Bfm.ru хабарлауынша, ресейлік селлерлер қытайлық маркетплейстар сыртында енді ресейлік онлайн сауда алаңдарында да ҚХР сатушыларының бағаны жаппай түсіріп жатқанына шағымдануда.
Өйткені ханзу елінің саудагерлері ресейлік салықтарды, баж алымдарын төлемеуден, соның ішінде қосылған құн салығынан босатылудың заңды схемасын қолданудан ұтады. Нақтылағанда, Еуразиялық одақ пен Ресей заңы бойынша шетелден 200 еуродан арзан және 31 келіден жеңіл тауарды әкелген жеке тұлғалар ҚҚС төлемейді. Себебі, ол шетелден демалып оралған турист болуы мүмкін.
"Осы заңнамалық жеңілдікті пайдаланған қытайлық саудагерлер әрбір тауарын соған тапсырыс берген РФ тұрғынының атына рәсімдейді. Олар аптасына ондаған мың тапсырысты өңдеп, жолдайды. Ресей шекарасынан іші тауарға лық толы контейнер өтеді. Ол үшін бір тиын салық төленбейді – контейнер ішіндегі әрбір тауар бірлігі әртүрлі, нақты бір адамның атына рәсімделген. Ресейліктер басым көпшілігінде бай емес, содан 200 еуродан арзан өнімдерге ("ширпотреб") тапсырыс береді. Тиісінше, оның бәрі салықтан, алымдардан босатылады", – деп мәлім етті "Бизнес ФМ" ресейлік порталы.