Қазақстандықтар мінген кеме үлкен пәлеге қалды

120

Финляндия теңіз астындағы бір емес, бес бірдей байланыс кабелдерін қасақана үзген кемені және оның экипаж мүшелерін қамауға алды. 

 Қазақстандықтар мінген кеме үлкен пәлеге қалды Фото: raja.fl

Жаңа жыл қарсаңында Финляндия мен Эстонияның бірнеше елді мекені байланыссыз қалған. Ақаудың себебін айқындауға және оны жөндеуге шұғыл кіріскен Elisa компаниясы Фин шығанағында, Хельсинки мен Таллинн арасындағы кабелдерді әлдекімнің кесіп тастағанын әшкерелеген.

Германиялық Deutsche Welle басылымы мұндай "диверсия" біраздан бері қайта-қайта жасалып жатқанына назар аудартады: Фин шығанағымен жүзіп өткен кейбір кеме қарау ниетпен мыңдаған келілік ауыр зәкір-якорын теңіз түбіне тастайды да, тыңға түрен салғандай оны жол бойы сүйретіп, су түбін жыртып шығады. Осы арқылы теңіз түбінде жатқан талшықты-оптикалық байланыс желілерін, тіпті газ және басқа құбырларын бұзады.

Сондықтан көрші эстониялық әріптестерімен күш біріктірген Хельсинки полициясы жандәрмен тікұшақтарға отырып, теңізде түсірулі зәкірмен жүзіп бара жатқан кемелерді іздестіруге кірісті. Ақыры Fitburg атты кемені тауып, оны экипаж мүшелерімен бірге тұтқындады.

"2025 жылдың 31 желтоқсанында, таңертең Elisa компаниясы Хельсинки мен Таллинн арасын қосатын өзінің телекоммуникациялық кабелінің істен шығып қалғанын анықтады. Elisa бұзушылық туралы Шекара күзетінің диспетчерлік орталығына жедел хабарлады. Шекара күзеті уақыт жоғалтпай, дереу төтенше маңызды суасты инфрақұрылымына келтірілген залалды тергеуді бастады", – деп жазды Poliisi.fi финдік порталы.

Оның дерегінше, операция барысында шекарашылардың Turva патрульдік кемесі және тікұшақ ұстап алған күдікті кеме зәкірін теңіз түбінде сүйреткен бойы ары қарай зымырап бара жатқан. Шекара қызметі кеме экипажынан зәкірін көтеруді және Финляндияның аумақтық суларындағы қауіпсіз тұраққа барып тоқтауды талап етті.

"Бірлескен операция кезінде фин билігі кемені өз бақылауына алды. Оқиға үшін жауапкерлерді анықтау мәселесі Фин шығанағының Жағалау күзетінен Хельсинки полиция департаментіне тапсырылды. Полиция Бас прокуратурамен байланысқа шықты, ол тиісті айыптау актісін шығарып, кемені тұтқынға алды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Бұл ретте ауыр шығын келтіру, ауыр шығын келтіруге қасақана оқталу, ауырлататын мән-жайларда телекоммуникацияға қол сұғу баптары бойынша қылмыстық істер қозғады", – деп мәлім етті финдік портал.

Бұл диверсия болуы мүмкін болғандықтан, ресми мәліметке сәйкес, оқиғаны зерттеуге, тергеп-тексеруге бірқатар ұлттық және халықаралық агенттіктер, полиция, шекара күзеті, Қорғаныс күштері, Кеден қызметі, Traficom көлік компаниясы, финляндиялық Қауіпсіздік және химиялық заттар агенттігі (Tukes) және Finngrid жұмылдырылуда.

Финдік Yle қоғамдық-құқықтық медиакомпаниясының нақтылауынша, әңгіме ұзындығы 132 метрлік Fitburg кемесі туралы болып отыр. Ол Сент-Винсент пен Гренадин арал мемлекетінің туының астында жүзіп жүрген.

Marinetraffic сайтының дерегінше, кеме Ресейдің Санкт-Петербург портынан шығып, израилдік Хайфа портына бет алған. Бірақ Израилге не мақсатпен бара жатқаны белгісіз. Басты миссиясы еуропалық телекоммуникациялық желіні үзу болуы мүмкін. Бүгінде кеме Порккала түбегінің жағалауында қаңтарылып тұр.

"Тергеушілер 1 қаңтарда Fitburg кемесінің экипажын тергеуге алды. Полиция бастапқыда кеменің 14 мүшесі ұсталғанын мәлімдеді. Тергеушілер оқиғаның мәнісіне терең бойлап, теңізшілердің кабельді зақымдаудағы рөлін бағалауда. Бүгінде қылмысқа күдікті деп танылған 2 экипаж мүшесі ғана қамауда қалды. Тағы 2 теңізшіге Финляндиядан кетуге тыйым салынды. Yle басылымының мәліметінше, Фитбург экипажының құрамында Қазақстан, Ресей, Грузия және Әзірбайжан азаматтары бар", – деп жазды Deutsche Welle.

Эстония Президенті Алар Карис "Эстония мен Финляндия арасындағы су асты кабелінің зақымдануы туралы хабарламаларға алаңдаушылық білдіретінін" мәлімдеді.

"Бұл қасақана жасалған іс-әрекет емес деп үміттенемін. Бірақ түпкі мән-жайын тергеу анықтайды. Эстония мен Финляндия билігі қосымша ақпарат жинау үшін тығыз жұмыс істеп жатыр", – деді Президент.

Жергілікті сарапшылар оның "үміттенуінің" ар жағында үрей жасырынып тұрғанын болжады. Өйткені телекоммуникациялық желілердің әдейі үзілгені әшкереленсе, онда бұл Балтық жағалауы елдерін басқыншылық қарсаңында оқшаулап тастауға талаптану болуы да ғажап емес.

Себебі, Әділет және цифрлық технологиялар министрлігі соңғы күндері Эстонияны әлеммен байланыстыратын 4 бірдей су асты байланыс және интернет кабелі, сондай-ақ эстониялық Хийумаа аралын құрлықпен байланыстыратын 1 кабель үзілгенін мәлім етті.

DW алпауыт көрші елден шыққан кемелердің Балтық және Солтүстік теңіздерінің түбіндегі еуропалық телеком желілерін бүлдіруі жиілегеніне назар аудартты. Бұған дейін дәл осындай қаскүнемдікке барған Eagle S мұнай кемесінің капитаны – Грузия азаматына, сондай-ақ оның бірінші және екінші көмекшілеріне – Грузия және Үндістан азаматтарына айып тағылған еді.

Олар 2024 жылдың 25 желтоқсанында Фин шығанағында теңіз түбіндегі 5 электр және телекоммуникация кабелін зақымдаған болатын. Алайда күтпеген жерден фин судьясы күдіктілерге айыптау үкімін шығарудан бас тартты. Күдіктілер өз кінәларын мойындамады және сот барысында "кеме зәкірінің суға байқаусызда құлап қалғанын" мәлімдеді. Содан соң экипаж босатылып, танкер жайына жіберілген.

"Тергеушілердің мәліметінше, Кук аралдары туының астында жүзіп жүрген Eagle S танкері Ресей портынан шыққаннан кейін дәл кабелдерге таяғанда, 11 мың келі тартатын ауыр зәкірін тастап, оны теңіз түбімен шамамен 90 шақырым бойы сүйреп отырған. Салдарынан, Финляндия мен Эстония арасында төселген "Estlink 2" энергетикалық кабелі мен 4 телекоммуникациялық кабелді үзіп тастады", – деп хабарлады германиялық жетекші басылым.

LSEG дерегінше, бұл жолғы кеменің қожайыны ретінде құжат жүзінде Fitburg Shipping Company Ltd компаниясы, ал, басқарушы компания ретінде – Albros Shipping and Trading Ltd көрсетілген. Бірақ Reuters агенттігі қанша тырысса да, кеменің шын иелерін және аталған компаниялардың бірде бірінің жұмыс істейтін телефонын таба алмапты.

"Настоящее Время" телеарнасының дерегінше, Fitburg-тің өзі де, оның IMO нөмірі де ресми санкциялық "қара тізімдерге" енгізілмеген. Дегенмен, санкцияға іліккен объектілерді жинаумен және қадағалаумен айналысатын Open Sanctions бұдан былай Fitburg-тің де бақылауға алынатынын жеткізді.

Yle порталы кеше тұтқындалған Fitburg кемесінің тыйым салынған санкциялық тауарларды, соның ішінде мысалы, Еуропалық Одақтың "қара тізімінде" бар ресейлік конструкциялық болатты тасымалдаумен айналысқанын мәлім етті. Бұл ақпаратты журналистерге финдік кеден қызметі хабарлады.

Әйтсе де, Финляндия кедені бұл жағдайда ЕО санкциялары туралы құқықтық актілерін қолдануға болатын-болмайтынын әлі де анықтап жатыр. Нақты шешім қабылданға дейін кеменің бүкіл жүгі жергілікті кеденнің аумағында қала береді.

Кеден қызметі санкцияны ықтимал бүзу фактісі бойынша алдын ала тергеуді бастады, деп жазды Postimees.ee эстондық порталы. Алайда соңғы сөз бәрібір сотта: финдік судья "босат!" десе, құзырлы органдар бұл кемені де алған бағытына қарай қоя береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу