Қазақстандықтар өз паспорттарының тәркіленуіне қарсы шығып жатыр

1104

ІІМ Ішкі істер министрінің жаңа бұйрығының жобасын әзірледі. 

Қазақстандықтар өз паспорттарының тәркіленуіне қарсы шығып жатыр Фото: Monitor.kz

Үкімет пен Парламент енгізген жаңа тыйым Қазақстан азаматтарының Америкадан қуылуына ықпал етуі мүмкін. 

"ҚР азаматының паспортын, ҚР азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің ҚР-да тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы" Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №532 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деген ұзынсонар атауға ие құжат ел арасында дау тудырды.

Өйткені бұйрық дамыған елдерде жоқ жаңа тәжірибені енгізіп отыр. Жаңа паспортты жасатқанда, визаға толы ескі паспортты тәркілеуді қарастырады.

Салдарынан, мысалы, шетелде жүріп, төлқұжатын қашықтан ауыстыртып алғызған азаматтар қолданыстағы визасынан айрылып қалады. Бұл сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтардың Америкадан, жалпы, басқа да мемлекеттерден жаппай депортацияланып, қуылуына және ол елдерге біраз жыл қайтып бара алмауына соқтырғалы тұр.

Ішкі істер министрлігі өзінің бұл бұйрық жобасы Парламент қабылдаған, 2024 жылғы 5 шілдеде күшіне енген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау және статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, халықты қорғау, деректерді басқару жүйесін жетілдіру, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау туралы" заңының нормасын іске асыру мақсатында әзірленгенін айтып ақталды.

Сол заңға сәйкес ел Үкіметінің 2018 жылғы 31 қаңтардағы "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" №36 қаулысының күші жойылды.

"Қазіргі уақытта жарамсыз құжаттарды қайта пайдалану фактілері анықталуда. Осыған байланысты, мұндай фактілерді болдырмау үшін жаңа паспортты ресімдеу кезінде уәкілетті органға тапсыруға жататын ескі паспортты дереу алып қою ұсынылады. Бұл ретте паспортты уақытша пайдалану қажет болған жағдайда, азаматтар себебін көрсете отырып, ерікті өтініш жазу негізінде тек жаңасын алғанға дейін ескі паспортты қолында қалдыра алады", – деп түсіндірді министрлік.

ІІМ бұл бұйрықты қабылдау "теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық немесе өзге де салдарларға әкеп соқпайтынына", сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке теріс әсер етпейтініне сендірді.

Алайда сарапшылар бұған күмәнданады. Бүгінде АҚШ-та тұратын экономист Марат Ерғозин мұндай талап шетелде жүрген қазақстандықтарды осал етіп, қиын жағдайда қалдыруы мүмкін екенін ескертті.

"Бұл қадамның не үшін жасалып отырғаны түсініксіз. Өйткені Қазақстанның ішінде еш жерде паспорт сұралмайды, жеке куәлік қана талап етіледі. Ал, ескі паспортпен шетелде алысқа ұзай алмайсың. Бірақ шетелге шыққанда, ескі паспортты да қоса ала жүруге тура келеді. Өйткені мысалы, Америкаға кіргенде, офицер жаңа паспортыңызбен бірге визалары бар ескі паспортыңызды сұратуы мүмкін. Осы арқылы соңғы 5 жылдағы "саяхаттарыңыздың тарихын" қарайды. Егер Құрама Штаттар жау санайтын елдерге барғыштап кеткеніңізді аңғарса, Америкаға кіргізбей, кері қууы мүмкін", – деді экономист.

Ол сондай-ақ америкалық консульдық қызметтің офицері виза рәсімдеу үшін сұхбаттасқанда аппликанттың DS-160 нысанында көрсеткен ақпаратының дәлелі ретінде ескі паспорттарын сұраттыратынын еске салды.

Егер ІІМ мына бұйрықты қабылдап, жаңа талап күшіне енсе, АҚШ және тағы басқа мемлекеттер қазақстандықтарға виза беруден жаппай бас тарта бастауы мүмкін.

"Онда бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы беделіне соққы болар еді. Қазіргі кезде Трамптың солақай көші-қон саясаты кесірінен, Қазақстан азаматтары онсыз да Америкада күрделі жағдайда қалды, қашып-пысып, бетегеден биік, жусаннан аласа жаншылған күйде жүр. Енді келіп, өз елінен сойыл сілтеп, олардың ахуалын бұлайша ары қарай ауырлатудың қажеті жоқ", – деп ұсынды сарапшы.

Заңгер Нариман Омаровтың түсіндіруінше, Қазақстан аумағында Қазақстан азаматының тұлғасын оның паспорты негізінде растап, сәйкестендіру қарастырылмаған. Сондықтан жарамсыз паспорттарды қайта пайдалану фактілері қайда және қандай жағдайда тіркелгені белгісіз.

Оның үстіне бүгінде азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттар банктердің қосымшасында бар, содан электронды күйде пайдаланылады.

Егер әңгіме ескі паспортты ломбардтарда, немесе микроқаржы ұйымдарында кепілге қалдыру туралы болып отырса, заңнамаға енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес, енді кез келген жерде кепілзат ретінде паспортты не жеке куәлікті қабылдауға қатаң тыйым салынған.

"Осыған байланысты жаңа паспортты бергенде ескі паспортты тартып алудың не үшін қажеттігі, одан қандай қауіп-қатер келетіні белгісіз, егжей-тегжейлі түсініктеме берілмеген. Ал, азаматтардың ескі паспортын сақтауға деген қажеттілігі бар және анық. Өйткені сол арқылы шет мемлекеттердің құзырлы органдары берген визаларды сақтайды. Азамат шетелге сұрау салып, олардың бәрін жаңа паспортына қайта соқтыра алмайды ғой. Қорыта айтқанда, егер бұл заңдық акт қабылданса, Қазақстан азаматтарының өзге елдерге шығу құқығы жанама шектелгелі тұр", – деді заңгер.

Сондай-ақ оның айтуынша, Қазақстан осы қадамы арқылы консулдық жұмыс пен виза беру саласында бекітілген келісімдерге қайшы келеді және өз мойнына алған міндеттемелерін бұзады.

Ішкі аудиторлар институтының президенті Жәмила Науанованың байламынша, жаңа бұйрық жобасында "шет мемлекеттердің қолданыстағы визалары бар ескі паспорттар мұндай визалардың қолданыс мерзімі аяқталғанша иесінің иелігінде қалуға тиіс" деп те нақтылаған жөн.

Қаржы саласының маманы Әлімжан Күнбаев та мұндай өзгерістерге қарсы екенін жеткізді.

"Оның себептері келесідей: біріншіден, көптеген азамат паспорттың қолданыс мерзімінен асатын ұзақ мерзімді визаларға ие. Мәселен, АҚШ-тың 10 жылдық визасы, Шенген аймағының көпжылдық мультивизасы, бизнес-визалар, студенттік визалар болады. Осыған орай шетелде жаңа паспортпен бірге, визасы жапсырылған ескі паспортты ұсынуға тура келеді. Себебі, Америка, Еуроодақ елдері және басқа да мемлекеттер визасын жаңа паспортыңа қайта жапсырып бермейді", – деді Күнбаев.

Ондай қызмет мүлдем қарастырылмаған. Әлемде салмақты орны жоқ Қазақстанда әлдебір министрлік бұйрық қабылдады екен деп, дамыған елдердің уәкілетті қызметтері бұл тәртібін бізге бола өзгертпейді.

Екіншіден, сарапшы жаңа паспортты беру кезінде ескі паспортты тартып алуды енгізу арқылы шенеуніктер өз азаматтарының қозғалыс және жүріп тұру бостандығын кепілдендіретін ел Конституциясын бұзады.

Жалпы, қазіргі кезде ескі паспортын тартып алу тетігі тек Қазақстан азаматтығынан шыққан және өзге мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адамдарға қатысты қолданылады. Олардың ескі паспортты ары қарай қолдануы мемлекетке қауіп.

Енді осы тетікті Қазақстан азаматтығында қалатын адамдардың бәріне жаппай қолдану ақылға сыймайды, қисынға келмейді.

Егер "жарамсыз құжаттарды қайта пайдалану фактілері" болса, Әлімжан Күнбаев онымен күрестің басқа тәсілін көрсетті: Цифрлық даму министрлігі мен "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының базасында барлық ресурстар мен материалдық-техникалық база бар.

Соның көмегімен, жаңа құжатты – паспортты, жеке куәлікті, жүргізуші куәлігін берген кезде бұрынғы құжатының нөмірін, мысалы, паспорт нөмірін базада "жарамсыз" деп белгілеу керек.

Сонда құжат тексеретін кез келген ведомство мен қызмет ұсынылған құжаттың жарамсыз екенін бірыңғай базадан біледі де, қабылдамайды. Айтпақшы, бұл сарапшы да неге аққұла паспортты ғана тартып алу туралы бұйрық жобасы әзірленіп отырғанын түсінбегенін жеткізді.

Өйткені ел ішінде алаяқтар қандай да бір құжатты өз мақсатына пайдаланса, оның тіпті де паспорт болмасы даусыз. Ал, Қазақстан азаматтарының қолындағы ескі паспорттары оларға әлемде кедергісіз, еркін сапарлап, саяхаттауына, бизнес жүргізуіне, оқуына, емделуіне мүмкіндік береді. Шенділер болса, соның бәріне жасанды кедергі тудырғалы тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу