Қазақстандықтар табысының басым бөлігін неге азық-түлікке жұмсайды?

7671

Finprom.kz сайтының мәліметінше, ел тұрғындары азық-түлікке табысының 54%-ын жұмсайды.  

Қазақстандықтар табысының басым бөлігін неге азық-түлікке жұмсайды?

Экономист Мақсат Халық ақшаның басым бөлігінің азық-түлікке кетуі тұрғындар табысының аздығымен, жалақының төмендігімен байланысты екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Әлеуметтік жағдай нашарлай түсті"

Сарапшы отбасылық шығын 2 бөліктен тұратынын жеткізді: азық-түлік және демалыс. 

"Азық-түлік шығынының үлесі артса, ол әлеуметтік жағдайдың нашарлағанын, табыстың азайғанын көрсетеді. Статистикалық дерекке сүйенсек, азық-түлік тауарларына жұмсалатын қаржы 54% өскен",  деді сарапшы.

Ол Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 10-12% екенін айтады.

"Жалақы төмен деңгейде"

Мақсат Халық елімізде жалақы төмен екенін де атап өтті. 

"Халықтың жалақысы төмен деңгейде. Себебі Қазақстандағы ең төменгі жалақы - 42 500 теңге. Оның өзі дұрыс есептелмей отыр. Мысалы, Ресейде ең төменгі жалақы - 12 600 рубль (70 615 теңге). Сондықтан бұл жалақының көлемі 70 мың теңге шамасында болуы шарт",  деді экономист.

Сарапшы еліміздегі орташа жалақы 209 мың теңге екенін, алайда халық бұдан төмен жалақы алып отырғанын айтты.

"Алайда медиан орташа жалақысын есептесеңіз, ол мүлдем төмен. Халықтың басым бөлігі шамамен 120 мың теңге алып отыр. Өңірдегі жалақы тіпті төмен. Қызмет көрсету, азық-түлік бағасының өскенін ескерсек, Қазақстандағы орташа жалақы 300 мың теңге болуы қажет", – деді Мақсат Халық.

"Жағдай бұдан да нашар болар еді"

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы әлемдегі барлық елде әлеуметтік жағдайды нашарлатып жіберген. Мақсат Халық COVID-19 елдегі бизнесті тұралатып, жұмыссыздардың санын арттырғанын атап өтті.

Ол Ұлттық қордан қаражат бөлінбесе, елдегі жағдай бұдан да нашар болуы мүмкін еді деген пікірде.
 
"Қазақстанды Ұлттық қордағы қаражат құтқарып тұр. Себебі өткен жылы ұлттық қордан 4,7 триллион теңге аударылды. Осы трансферт арқылы халыққа 42 500 теңгеден берілді, шағын және орта бизнесті қолдауға 1 триллион теңге бөлініп, 2,7 триллион теңгеге салықтық жеңілдіктері жасалды. Елімізде ұлттық қор болмаса, жағдай бұдан да нашар болуы мүмкін еді", деді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстан басқа мемлекеттермен салыстырғанда коронавируспен күреске қомақты қаржы (4,4 триллион теңге) бөлген.

"Доллардың қымбаттауы"

Мақсат Халық теңгенің құнсызданып, доллардың қымбаттауы қарапайым қазақстандықтардың тұрмысына әсерін тигізетінін айтты.

"Менің ойымша, бұл жағдай халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Себебі, доллар қымбаттап жатқанда автоматты түрде көптеген зат қымбаттайды. Біріншіден, жылжымайтын мүлік; екіншіден, көлік бағасы көтеріледі; үшіншіден, дәрі-дәрмектер. Өйткені, құрылыс материалдары мен көлік бөлшектері, дәрілердің басым бөлігі шетелден жеткізіледі", - деп түйіндеді сөзін сарапшы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу