Қазақстандықтар тамақты етсіз жеуі мүмкін

237

Кейінгі кездері басты әлеуметтік тақырыптың біріне айналған ет бағасы күн тәртібінен түспей отыр. 

Қазақстандықтар тамақты етсіз жеуі мүмкін Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Тұтынушы қымбат десе, фермерлер баға арзан дейді. Осылай тартысып жүргенде елдегі ет бағасы әлдеқашан дамыған елдермен теңесуге шақ қалыпты.

Алдымен елдегі ет бағасының динамикасына қарап көрейік. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2000 жылы бір келі ет 214 теңге болса, арада 10 жыл өткенде 641 теңгеге жеткен. Тағы 15 жылдан астам уақыт өткенде сүйексіз сиыр еті – 4900 теңге, жылқы еті – 4100 теңге, қой еті – 3900 теңгеге жетті. Яғни, ширек ғасыр аралықта 25 еседей өсіп отыр. Бірақ қазіргі баға сөрелерде ресми деректе көрсетілген құннан да қымбат болуы мүмкін.

Мысалы, былтырғы қыркүйек пен биылғы ақпан айының арасында, яғни, жарты жылда кей қалада сиыр еті 26,8 пайызға қымбаттаған. Жылдық өсімі 50 пайызға жуықтаған Жезқазған секілді қалалар да бар. Қазір Астанада кей дүкен сөрелерінде сүйексіз сиыр еті 6100 теңгеге дейін жетті. Арзан деген Павлодардың өзінде келісі 4100 теңге тұрады.

Бұл қарқынмен халық таяу арада жаппай құс етін тұтынуға көшетін секілді. Өйткені елде құс етін тұтыну көлемі жыл сайын артып жатқаны анық көрінеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы халықтың құс етін тұтынуы – 430,8 мың тонна, 2023 жылы – 460,1 мың тонна, 2024 жылы – 452,4 мың тонна құраған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 470 мыңға тоннаға жуықтаған.

Өз кезегінде нарықтағы құбылмалы жағдай шаруаларды алаңдатып отырғанын бұған дейін де жаздық. Мал азығының бағасы өсіп, экспортқа шектеулер қойылып, ішкі нарыққа 3000 теңгеден асырып сата алмай отырғандарын алға тартады.

Енді ең қызық тұсына келейік. Рас, бізде ғана емес, әлемдік нарықта ет бағасы өсіп, азық-түлік қауіпсіздігі аздап теңселе басталады. Бірақ Қазақстандағы қымбатшылықтың бет алысы жақсы емес. Халықаралық Global Product Price порталының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар айында еліміз сиыр етінің қымбаттығы бойынша 76 елдің ішінде 42-орынға тұрақтаған. Онда бір келі ет 15,1 доллар деп көрсетілген, шамамен 7 400 теңге.

Осы құнды өзге елдермен салыстырар болсақ, кейбір Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінен қымбаттау екенін көреміз. Дамыған Біріккен Араб Әмірліктерінде бір келі сиыр еті 12,5 доллар тұрады. Кәрі құрлықтың Словения (14,6 доллар) мен Румыниясы (14,2 доллар), Сингапур (13,7 доллар), мұхиттың арғы бетіндегі Мексика (12 доллар), Сауд Арабиясындағы (9,9 доллар) бағалар Қазақстаннан арзан.

Халық үшін маңызды саналатын бұл азық түрінің осылайша қымбаттауы әлеуметтік көңіл-күйге әсер етпей қоймасы анық. Иә, бұған дейін нарықтық заңдылықтарға қарсы шығып, ет экспортына шектеу енгізілгенін, үкімет бағаны қолдан қыстап ұстап отырғанын сөз еттік. Кәсіпкерлер тіпті ет келісінің бағасын 10 мың теңгеге жеткізейік деп шулады. Бір сөзбен айтқанда, халық пен кәсіпкерлер дейтін таразының екі басы теңеспей отыр.

Бұл тақырыпты Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та айналып өте алмапты. Оның айтуынша, базардағы ет бағасының келісі 4 мыңнан аспауы тиіс.

"Экспорттық баға еттің санатына қарай 4,5 мыңнан 6 мың теңгеге дейін жететінін, ал ішкі нарықта малдың тірілей салмағы орта есеппен 1,7 мың теңге. Бұл көрсеткішті таза етке шаққанда келісіне 3-4 мың теңгеден айналауы тиіс", – деген министр.

Демек, бұндай көзқараспен ведомство таяу арада жұрт болжағандай еттің келісін 10 мың теңгеге жеткізуге жол бермейді. Халық үшін тиімдісі де – осы.

Айтпақшы, үкімет бұл мәселеге қатысты жанама жолдарды да қарастырып отырғаны аңғарылады. Мәселен, қазір нарыққа ресми түрде киік еті еніп жатыр. Бағасы сиыр, жылқы және қой етінен біршама арзан, тіпті екі еседен астам айырмашылық бар. Алдымен дүкендерде киік етінен жасалған консервілер пайда болды. Артынша мұздатылған бүтін еті сатылымға шықты. Әзірге ел бойынша лицензиясы бар 35 сою нысанының 27-сі іске қосылған. Олар жеті өңірде жұмыс істеп тұр. Барлығы ветеринарлық талаптарға сай тексерілген, арнайы цехтары мен тоңазытқыштары бар. Осыған дейін сою орындарына 196 мыңнан астам киік жеткізіліп, 137 мыңнан көбі саудаланған.

Қазақстан сиыр етін экспорттауды табыс көзіне айналдыру мақсатында фермерлерге субсидия, жеңілдетілген несие беру секілді бастамаларды қолға алған. Әзірге Аустралия, Уругвай, Аргентина, Бразилия секілді елдердің нарығына жеткізу көзделіп отыр. Бірақ бұл жоспардың іске асуы үшін қыруар қаржы мен еңбек, әрі шетелдік тұтынушылардың сенімі керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу