Қазақстандықтар Үкімет бөлетін 1 триллион ақшадан өз үлесін ала алады

7285

Бұл үшін азаматтар ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысуы керек.

Қазақстандықтар Үкімет бөлетін 1 триллион ақшадан өз үлесін ала алады Фото: inbusiness.kz

Мемлекет келесі 2024 жылы бұл секторға субсидия төлеудің жаңа тәртібін енгізеді.

Ауыл кәсіпкерлері субсидия алуда көп жылдан бері қиналып келеді. Жаңа жылда жағдай жақсарады деген үміт бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі сыйақы ставкаларын субсидиялау тетігін жетілдіргенін жариялады.

Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілері алған кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізді. Түзетулер "заем келісімшарттары күту парағында тұрған" фермерлер үшін субсидиялау шарттарын жақсартады.

Әйтпесе, ауыл шаруашылығы кәсібін дамытуға алған несиесінің банкке төлейтін сыйақы пайызын арзандату үшін субсидия кезегінде тұрған кәсіпкерлер көп. Оларға бюджеттен бөлінген қаражат лезде үлестіріліп, тез таусылып қалады.

"Субсидиялау бағдарламасының талаптарына сәйкес, шаруалар кредит алған күннен бастап 4 жыл бойы өздерінің несие келісімшарттарын субсидиялау бағдарламасына енгізуге ұсыныс жасай алады. Алайда шаруалар өтініштерін бірден бермей, уақытты өткізіп алатындықтан, қосымша бюджет қаражаты түскенше мерзімі қысқа несие келісімшарттарының уақыты бітіп, жарамсыз болып қалады деген қауіп бұрын болған. Сондықтан қағидаларға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, күту парағындағы тіпті қолданылу мерзімі аяқталған ұсыныстарға да субсидия төленетін болады", – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұл субсидиялау бағдарламасына қатысу кезінде АӨК субъектілерінің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұдан былай "басым жобаларды кредиттеу мен қаржылық лизинг тетігі" аясында қаржыландырылған жобалар бойынша субсидиялауды есептеуге арналған номиналды ставка – Ұлттық банк белгілейтін базалық ставкамен байланыстырылатын болады. Нәтижесінде, Ұлттық банктің ағымдағы базалық ставкасына жылдық 4,5 пайызды қосқандағы сыйақы көлемі ғана субсидияланады.

Бұл ретте оның 13,25 пайызын мемлекет өтеп береді, ал қалған айырмасын қарыз алушының өзі төлеуге тиіс. Аграршылар банктердің беретін несиесінің сыйақы ставкасы тым үлкендігіне, 35 пайыздан асатынына шағымданады. Демек, мұның жартысына жуығын мемлекет көтеруге тиіс.

Субсидиялау қағидаларының жаңа тәртібі 2023 жылғы 10 желтоқсанда қолданысқа енгізілді. Барлық түзетулермен және толықтырулармен толығырақ сілтеме арқылы танысуға болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі дерегінше, соңғы үш жылда тек осы бағытта 44 700-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушісі бюджеттен субсидия түрінде жалпы сомасы 167 миллиард теңге қайтарымсыз көмек алды.

Биылғы 2023 жылы жергілікті бюджеттерден сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға шамамен 81,3 миллиард теңге бөлінді.

Алда ауылға бұдан да көп миллиардтар тасқыны ағындайды деп күтілуде. Үкімет 2030 жылға дейінгі "Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасына" түзетулер енгізіп жатыр. Егер ол жүзеге асса, ал бюджетті шенеуніктер мен олардың сыбайластары жолай талан-тараж етпесе, онда ауыл кәсіпкерлерінің қалтасына триллион теңгеден астам сома түсуі мүмкін.

Бұл жерде мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеуге кірісті.

Сонымен, біріншіден, 759,5 миллиард теңгеге дейінгі сома ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларын іске асыру үшін жеңілдікті кредит түрінде таратылмақ.

Екіншіден, 191 миллиард теңгеге дейінгі сома қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікті кредит ретінде үлестіріледі деп күтілуде.

Үшіншіден, 216,6 миллиард теңгеге дейінгі сома ауыл шаруашылығындағы барлық басым бағыттар бойынша қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға және қолданыстағыларын кеңейтуге арналады. Бұл ақшаны ауыл бизнесмендері инвестициялық шығындарын субсидиялайтын қайтарымсыз демеу қаржы түрінде ала алады.

Төртіншіден, мал ұстайтын ағайынның қайта өңдеуге тапсырған ауыл шаруашылығы өнімін субсидиялау көлемі 8,7 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылады деп жоспарлануда.

Бесіншіден, терең өңдеу өнімдерін өндіру үшін шикізат сатып алуға субсидиялау көлемі 3,6 миллиард теңгеге дейін көбейтілуге тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, субсидиялау жүйесіндегі жоғарыдағы өзгерістер фермерлік шаруашылықтарға елеулі әсер етеді. Ол әсер теріс болуы да ғажап емес.

Мәселен, 2024 жылдан бастап, бұқаларды жалға алуға, шаруашылықтың міндетті түрде есептік нөмірінің болуына қатысты өзгерістер бар екен.

Субсидия жөніндегі менеджер Динара Молдагаипова бірінші кезекте, фермерлерге, тауарлық шаруашылықтарға арендаға тапсырылған өндіруші-бұқалар үшін беріліп келген субсидиялардың жойылатынына назар аудартты. Бұрын субсидиялық ақшалар бұқалардың иелеріне, соның ішінде бордақылау алаңдарына төленетін.

"Ескі схема бойынша фермерлер жануарды арендаға алып, оның туғызған бұзауларының бір бөлігін сол бордақылау алаңдарына нарықтық бағамен сатады. Бұл бір жағынан, фермерлерге ыңғайлы еді, өйткені асыл тұқымды өндіруші-бұқаларды сатып алуға шығындалу, миллион теңгеге жуық ақша іздеу қажет болмайды. Оның үстіне бұқаны бөлек орналастырып, қыста бағып-қағып, асырау керек. Ал кейбір бордақылау алаңдары бұқаларын жалға беру арқылы фермерлерден тұрақты табыс тауып тұратын. Бірақ екінші жағынан, бұқалардың арендасы тәуекелді іс саналады. Себебі, бұл процесті әкімшілендіру, есеп-қисабын жүргізу күрделі. Сондықтан бордақылау алаңдарының үлкен бөлігі бұл бағытта жұмыс істеуге қызықпады. Олар үшін ештеңе өзгермейді. Фермерлерге мұның керісінше, қатты ықпалы болады", – деген пікірде сарапшы.

Оның болжамынша, аталған субсидияның жойылуы тұқымды асылдандыру ісінің құлдырауына соқтырады. Бағасы удай асыл тұқымды бұқаны сатып алуды шаруалардың көбінің қалтасы көтермейді. Мемлекеттен қолдау қаржы алмайтындықтан, бұқаны арендаға берушілер қатары сиреуі мүмкін.

Сонымен бірге, келесі 2024 жылы өз құрылымында репродукторы немесе бордақылау алаңы бар шаруашылықтар да дотациядан қағылатын көрінеді. Бұған дейін мұндай фермерлер ірі қара малын төл репродукторынан өзінің бордақылау алаңына ауыстырғанда, мемлекеттен оның әрбір басы үшін 60 мың теңгеден өтемақы алатын. Енді бұл шаруашылықтарға өз күнін өзі көруге немесе басқа субсидия түрлерін алуға талпынуға тура келеді.

Салада басқа да жаңашылдықтар өмірге жолдама алады. Олар ауыл кәсіпкерінің жұмысын күрделендіруі мүмкін. Бірақ субсидия саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар сарапшы Динара Молдагаипова ауыл шаруашылығы өндірушілері, төрт түлік ұстаушы ауылдықтар бір нәрсені түсініп алғаны жөн екенін айтады. Субсидия – батып бара жатқанға тасталатын "құтқару дөңгелегі" емес.

Субсидия – барлығын дұрыс жасаған, заң мен қағидалар аясында адал қызмет етіп, ақ жолмен жүретін өндірушілерге берілетін мемлекеттің демеуқаржысы, қолдауы. Соған лайық болған абзал. Өйткені ел бюджетіндегі әрбір теңге – әрбір қазақстандық салық төлеушінің қаражаты.

Әйтпесе, қит етсе, фермерлер тарапынан "Үкімет субсидия бермесе, барлық малымызды сойып тастаймыз, ауыл шаруашылығы кәсібінен кетеміз, өндірісті жабамыз" деген сыңайдағы "шантаж" да жиі естілетінді шығарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу