Қазақстандықтар жеке кәсіпкерлігін тіркеуден бас тарта бастады

4525

Екі жүз мыңдай әрекетсіз кәсіпкерлік нысаны жабылып үлгермеген.

Қазақстандықтар жеке кәсіпкерлігін тіркеуден бас тарта бастады Фото: canva.com

2024 жылы жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары табысы мен шығысын мемлекетке жариялап, жалпыға бірдей декларация тапсырады.

Сондықтан мемлекеттік кірістер органдары қазақстандықтарға бұрын тіркелген, алайда бүгінде әрекетсіз тұрған жеке кәсіпкерлігін, ЖШС-сын және басқа да компанияларын жыл соңына дейін жауып тастауды ұсынды. Әйтпесе, олардан да іс басындағы бизнесмендер қатарлы декларация тапсыру талап етілетін болады.

Бірақ қолындағы дүниесін салық органдарының алдына жайып салып, мүлкін декларациялағысы келмеген бірқатар азамат істеп тұрған ЖК-ларын (ИП) жабуға жүгірді. Мемкірістер комитеті осыдан кейін олар кәсібін жасырын жалғастырса, жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертті.

Сонымен, желтоқсан айында әрекетсіз кәсіпкерлік ұйымын жабуға өтініш бергендердің бәрі бірдей соған қол жеткізе алмағаны мәлім болды. Әсіресе, ЖШС, АҚ сияқты ұйымдастырушылық-құқықтық формадағы компаниялардың көбі сол бойы жабылмады. Оларды тарату үшін әлдеқайда көп уақыт қажет етіледі.

Енді олардың қожайындары мен басшыларына жұбайларымен бірге декларация тапсыруға тура келеді.

Мемкірістер комитетінің үндеуі нәтижесінде 2024 жылдың басында барлық әрекетсіз тұрған кәсіпкерлік субъектілері жойылып, статистика тазарады деген болжам болған. Ол әзірге орындалмай тұр.

Ұлттық статистика бюросы жаңа құбылысты тіркеді. Декларациялаудан ат-тонын ала қашқан қазақстандықтар жеке кәсіпкерлігін жаңадан тіркеуден аяқ тарта бастады.

"Салдарынан, 2023 жылдың желтоқсан айында жаңа тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны алдыңғы аймен, 2023 жылдың қарашасымен салыстырғанда бірден 2,4%-ға азайды. Нәтижесінде, 1 млн 719 мың субъекті қалды. Ал бұған дейін, жылдың бірінші жартысында өсім болды, соның арқасында жылдық мәнде жеке кәсіпкерліктің саны, керісінше, 8,5% өсті", – деп мәлім етті Ұлттық статбюро.

Декларацияға қатысты үрей болмағанда, өсім бұдан көп болатын еді.

Статистика ведомствосы шынайы табысы, шығысы мен мүлкі туралы ақпаратты мемлекетпен бөліскісі келмеген кейбір кәсіпкерлердің көлеңкеге кеткенін ішінара растады.

"Желтоқсанда жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік субъектілері санының да азаюы тіркелді. Алдыңғы қараша айымен салыстырғанда олардың саны бірден 1,9%-ға кеміді. Ал өткен жылмен салыстырғанда бәрібір 11,1%-ға өсті. Осылайша, барлығы 1 млн 638 мың субъект жұмыс істеп тұр. Жеке кәсіпкерлік субъектілері санының бір айлық мәнде төмендеуі 2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың енуімен байланысты", – деп байлам жасады Ұлттық статистика бюросы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша таратсақ, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ең көп саны "Көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу" салаларында тіркелген. Олардың үлесі – 37,5%. Яғни, шағын кәсіпкерлер арасында саудагерлер мен СТО-лар (техникалық қызмет көрсету станциялары) басым. Екінші орында "Өзге де қызмет түрлерін ұсыну" (17,4%), үшінші орында "Ауыл, орман және балық шаруашылығы" (16,2%) орналасқан. Жиынтығында осы үш қызмет түрінің үлесі барлық тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 71,1%-ын құрайды.

Тағы бір қызықты дерек "жұмыс істемей тұрған" жеке кәсіпкерліктерге қатысты. Әлгінде айтылғандай, декларацияға ілікпеу үшін олардың бәрі жабылып тынуы керек еді. Желтоқсан айының түпкілікті қорытындысын Мемкірістер комитеті сәл кейінірек шығарады. Бірақ олардың көбі жауып үлгермегені байқалады.

Сонымен, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 1 719 279 жеке кәсіпкерлік тіркелген күйде тұр. Соның ішінде 1 638 998-і ғана нақты жұмыс істейді. Басқаша айтқанда, 80 281 әрекетсіз жеке кәсіпкерлік жабылмай, қалып қойды.

Жұмыс істемесе де жабылмаған компаниялар саны бұдан көп. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 526 290 заңды тұлға тіркелсе, соның тек 421 209-ы ғана бүгінде "жұмыс істейтін" саналады. Яғни, иелері 105 081 әрекетсіз жатқан компаниясын жаба алмады.  

Желтоқсандағы деректерді 2023 жылғы қарашамен салыстырғанда, заңды тұлғалар саны біршама азайды: тіркелген заңды тұлғалар саны 0,4%-ға, жұмыс істеп тұрғандарының саны 0,2%-ға кеміді.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша тіркелген заңды тұлғалардың ең көп саны "Көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу" салаларына тиесілі – 27,7%. Әрі қарай "Құрылыс" (13,3%), "Қызметтердің басқа түрлерін ұсыну" (9,9%) бағыттары орналасқан. Осы үш қызмет түрінің жалпы үлесі барлық тіркелген заңды тұлғалардың 50,9%-ын құрайды.

Өңірлер бөлінісінде тіркелген компаниялардың ең көп саны Алматы (148 244 немесе 28,2%) және Астана (100 990 немесе 19,2%) қалаларының, сондай-ақ Қарағанды облысының (28 737 немесе 5,5%) еншісінде.

Компаниялар жерсінбейтін аутсайдерлер де белгілі. Ең аз саны Ұлытау (2 969 немесе 0,6%), Жетісу (8 288 немесе 1,6%) және Абай (8 281 немесе 1,6%) облыстарында тіркелген.

Finprom мониторинг агенттігі сарапшыларының байламынша, декларациялаудың мән-жайын халыққа түсіндіру кең етек жайғалы бері қазақстандықтар ЖК-сын (ИП) тіркеуді де азайтты, әрі әрекетсіздерін жабуға белсенді кірісті.  

"Тіркелген және жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлердің саны жылдық мәнде өсті. Соған қарамастан, ай сайынғы динамикаға жүгінсек, жыл соңына қарай олардың екеуінің саны да азая бастады. Мәселен, 2023 жылы тіркелген жеке кәсіпкерлердің ең көп саны шілденің үлесіне тиіп, жалпы саны 1,78 миллионға жетті. Әрі қарай төмендеді. Тамыз айында 0,4%-ға азайды. Қараша мен желтоқсанда төмендеу жалғасты. Тиісінше 0,8% және салмақты 2,4%. Себебі белгілі былтырғы жыл ортасында Мемкірістер комитеті қазақстандықтарға үндеу жасап, 2024 жылы табысты декларациялауға қатыспау  үшін жұмыс істемей тұрған ЖК-ны жабуды ұсынған болатын", – деп тұжырымдады сарапшылар.

Жұмыс істеп тұрған, яғни қолданыстағы ЖК-ларды жабу үрдісі де қарқын алуда. Тамызда 0,2%-ға, қарашада 0,5%-ға қысқарды. Жыл соңында, желтоқсанда тағы 1,9%-ы жабылды. Яғни, қарқыны еселенді. Бұл құбылыстың қаңтарда жалғасын таппасына кепіл жоқ.

Finprom байламынша, биыл жеке кәсіпкерліктер санының өзгеруіне жаппай декларациялау сыртында, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған бірыңғай жиынтық төлемнің жойылуы әсер етуі мүмкін. Енді олар кәсіпкерлік қызметін жалғастырғысы келсе, ЖК немесе ЖШС ретінде тіркелуі қажет.

Айта кетейік, 2023 жылдың аяғында 2,2 миллиондай өзін-өзі жұмыспен қамтушы адам болған.

Жаппай декларациялаудың жеке кәсіпкерлік пен заңды тұлғаларды тіркеу және жою саласына қалай – оң немесе теріс әсер еткені биылғы жыл соңында түпкілікті белгілі болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу