Биылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойғаны мәлім. Құжат ресми жарияланды, дегенмен, ол тек 2026 жылдың басынан қолданысқа енгізіледі.
Оған дейін, яғни, жыл аяқталғанша, сонау 2017 жылы қабылданған, әрі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі)" деген ұзын-сонар атауға ие кодекс қолданыла тұрады.
Сонымен, жаңа "Қазақстан Республикасының Салық кодексіне" сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап көлік салығын төлеуден мүлдем босатылатын қазақстандықтардың санаты ұлғайтылды.
Мысалы, бұл игілікке қол жеткізетіндер қатарына І, ІІ және ІІІ дәреженің біріне ие "Еңбек даңқы – Трудовая слава" орденінің иегерелері де қосылып отыр.
"Еңбек Ері" атты ең жоғарғы атаққа ілеуде біреу ғана қол жеткізеді. Сондықтан еңбеккерлерді марапаттайтын және оларға барынша қолжетімді болатын орденді тағайындауды 2014 жылғы желтоқсанда өткен "Қазақстанның жаңа индустрияландыруы" жалпыұлттық телекөпірінде сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын.
Тиісті орден 2015 жылы тағайындалды. Ережеге сәйкес, "Еңбек даңқы" орденімен өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да салалардың жұмысшылары мен қызметкерлері жемісті әрі ұзақ жұмыс істегені үшін, сондай-ақ өндірістегі жоғары көрсеткіштері, еңбек өнімділігінің өсуіне, өнім сапасын жақсартуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал еткені үшін марапатталады.
Бұл биік мәртебені иеленгендер бұрын орден алып қуанса, енді көлігін алым-салық атаулыдан азат етіп, тағы бір қуанатын болды.
Бұған қоса, "темір тұлпары" үшін бюджетке бір тиын да төлемейтіндер қатары фермерлермен толықты. Олар мысалы, пикапын "тегіннен тегін" пайдалана алады.
Жаңа Салық кодексі бойынша келесі санаттағы азаматтар көлік салығынан босатылып отыр (563-бап):
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, соның ішінде Ауған ардагерлері,
- ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы орден-медальдарымен наградталмаған адамдар,
- Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi,
- "Халық Қаhарманы",
- "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған адамдар,
- үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденiнің иегерлері,
- "Отан" орденiнің иегерлері,
- "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар,
- меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектігі бар адамдар – 1 автокөлiгі үшін көлік салығынан босатылады.
Бұдан бөлек, егер есеп-қисап қорытындылары бойынша жүк автомобильдерінің саны 1 бірліктен кем болса, қозғалтқышының қуаты барынша аз бір жүк автомобилі босатылуға жатады:
- мемлекеттік мекемелер,
- орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары (мектептер),
- мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері – қозғалтқышының көлемі 3 000 текше сантиметрден аспайтын 1 жеңіл автокөлігі және бір автобусы үшін көлік салығын төлемейді.
Бұған қоса, келесі санаттар да көлік құралы салығын төлеушілер болып табылмайды:
- ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және мүшелері – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы өнімін өзі өндіру процесінде пайдаланылатын мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасы үшін;
- шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және мүшелері – осындай арнаулы салық режимінің күші қолданылатын, қызметте пайдаланылатын мынадай қажеттілік нормативтері шегіндегі жеңіл және жүк көлігі үшін;
- бір шаруа немесе фермер қожалығына қозғалтқышының көлемі 2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда 1 жеңіл автомобиль үшін;
- бір шаруа немесе фермер қожалығына жүк бөлігінен қатты стационарлық қабырғамен бөлінген жүк платформасы және жүргізуші кабинасы бар 1 жеңіл моторлы көлік (пикап) үшін;
- бір шаруа немесе фермер қожалығына 1:1 арақатынасты сақтай отырып, қозғалтқышының шекті жиынтық қуаты егіндіктің (шабындықтардың, жайылымдардың) 1 000 гектарына 1 000 кВт мөлшеріндегі жүк автомобильдері үшін көлік салығын төлемейді.
Нәтижесінде, арнайы салық режимін қолданатын шаруа және фермерлік шаруашылықтар бір салықтан құтылғалы тұр. Алайда егер бұлар осы аталған көліктерін басқаға пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берсе, салық төлеуіне тура келеді. Егер көлік қаржы лизингi шарты бойынша алынса, онда көлік салығын лизинг алушы төлейді.
Жаңа Салық кодексі ескі көлік иелерін де қуантады. Нақтылағанда, кодекстің 565-бабының 8-тармағына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, көлік салығын төлегенде, 10 жылдан 20 жылға (қоса алғанда) дейінгі мерзім бойы пайдаланылған автокөліктер үшін – 30%, 21 жылдан көп пайдаланылған автокөліктерге – 50% жеңілдік жасалады.
Кодексте бұл ресми тілде келісідей жазылған: "Жеңіл автомобильдер бойынша салықты есептеу кезінде көлік құралын пайдалану мерзіміне байланысты, шығарылған жылына қарай мынадай түзету коэффициенттері қолданылады:
- пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары 20 жылды қоса алғанға дейін – 0,7;
- пайдаланылу мерзімі 20 жылдан жоғары – 0,5".
Нәтижесінде, елдегі 4 407 300 автокөліктің иесі осы игіліктің жемісін көре алады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының жалпы саны 6 460,4 мың бірлікке жетті.
Соның ішінде 86,6%-ы – жеңіл автомобильдер, 9,6%-ы – жүк көліктері, 1,8%-ы – автобустар, 2%-ы –мотокөліктер.
"Автокөлік құралдарының шығарылған жылдары бойынша 3 жасқа дейінгі автомобильдер саны 453,1 мың бірлікті немесе жалпы саннан 7%-ды құрайды. Автопарктің тағы 25,8% немесе 1,6 миллионы – 3 жылдан 10 жасқа дейінгі автомобильдер. Сонда елдегі автокөліктердің 67%-ының шыққан жылы 10 жылдан асқан", – деп хабарлады статбюро.
Сондай-ақ, жаңа Салық кодексіне сәйкес, құны 18 000 АЕК-тен (2025 жылы – 70 776 000 теңгеден) асатын жеңіл көлікті сатсаңыз, онда сізге көлік құнының 10%-ы көлемінде мемлекетке акциз төлеуіңізге тура келеді. Өйткені мемлекет алдағы жылдан бастап қымбат көліктерге акциз түріндегі "салтанат салығын" енгізді.
Бұл ретте, егер автомобиль меншігіңізде 1 жылдан артық болса, онда оны сату кезінде салық төлемейсіз.
Егер иелігіңізде 1 жылдан аз ғана уақыт болған автокөлікті сатсаңыз, онда айырмашылықтан жеке табыс салығын төлеп, мұны декларацияда (форма 270.00) көрсетуге тиіссіз.