Қазақстандықтардың үлкен тобы мүлік салығынан босатылды

638

Халық жауапты мекемеден осы салық түрін төлеу туралы қате хабарламалар да алуда. 

Қазақстандықтардың үлкен тобы мүлік салығынан босатылды Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Елорда тұрғыны Азамат банктік қосымшасы арқылы мүлік салығын төлеуді талап еткен хабарлама алып, қайран қалыпты.

"Жалпы, 7 мың теңгедей есептеліпті. Мен бұл салықты шілдеде төлеп тастағанмын. Хабарлама болса, төлемегенім туралы құлағдар етті. Бұған қоса, әкемнің атындағы үйдің салығы да менің атыма келді. Төлемесем, бұл берешекті өндіру жеке сот орындаушыларына беріледі екен де, артынан ЖСО-лардың 25 пайыздық сыйақысын қоса төлеуіме тура келеді. Содан дереу Байқоңыр ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жүгіндім", – дейді ол.

Басқарма қызметкері базасын әрлі-берлі ақтарып, қарызды таппады.

"Бәрі төленген. Сонда әлгі жалған дерегі бар ресми хабарлама маған не үшін жіберілгенін, оның келуі кімнің қателігі екенін айтудан бас тартты. Қызметкері тесірейе бір қарап, тиісті сұрағымды жауапсыз қалдырды. Бюджетке түсім жетпей жатыр дейді ғой ақпарат құралдары. Қазақстандықтардың бір бөлігі "УГД"-ға баруға ерініп, не қуынудан қымсынып, қорыққаннан мүлік салығын екі рет төлей салады деп үміттене ме? Егер мен сондай ынжық болғанымда, өзімнің де, әкемнің де салығын қайталай төлейтін едім", – дейді Азамат.  

Сонымен бірге, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті барлық жеке тұлғаларды 2024 жылға арналған мүлік салығын 2025 жылғы 1 қазанға дейін төлеп тастау керектігін ескертті.

Биылғы маусымнан бері тиісті есептемелер, соның ішінде банктік қосымшалардағы push-хабарламалар түрінде де барлық мүлік иелеріне жолданғаны мәлімделді.

Бұл ретте бір ауданда әрі көрші тұрған екі тұрғын үй кешенінің тұрғындарына әртүрлі сома келген. Неге?   

Мүлік салығы қалай есептеледі?

Мемкірістер органының түсіндіруінше, мүлік салығы:

  • "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы анықтайтын әрбір объектінің жеке құны,
  • Мүліктің меншікте болу мерзімі негізінде есептеледі.

Яғни, салық көлеміне тұрғын үйдің қашан тұрғызылғаны, қаланың, елді мекеннің қай ауданында орналасқаны (мысалы, "алтын шаршы" аталатын орталық аудандардағы мүлік құны қала шетіндегі мүліктен қымбат тұрады), тіпті қандай материалдан салынғаны әсер етеді. Осы және басқа деректердің бәрі мемкорпорацияда бар.    

Жаңа Салық кодексінің 597-ші және 588-ші баптарына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, мүлік салығынан қазақстандықтардың келесі санаты босатылады:

  • Кеңес Одағының батырлары,
  • Социалистiк Еңбек ерлерi,
  • "Халық қаhарманы",
  • "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған адамдар,
  • үш дәрежелi "Еңбек Даңқы" орденiнің және "Отан" орденiнің иегерлері – барлық салық салу объектiсінiң жалпы құнынан 1 000 АЕК мөлшері шегiнде;
  • ҰОС ардагерлері, жеңілдіктер бойынша соларға теңестірілген ардагерлер, Ауған ардагерлері және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері,
  • ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар,
  • 1941 жылғы 22 маусым–1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай жұмыс істегендер,
  • мүгедектігі бар адамдар тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша; үй жанындағы жер учаскелері бойынша; құрылыс алып жатқан жерді қоса алғанда, жеке үй (қосалқы – қора) шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері бойынша; гараждар алып жатқан жер учаскелері бойынша – барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан 1 500 АЕК (2025 жылы – 5 898 000 теңге) мөлшері шегінде;
  • жетім балалар және 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар:
  • бала кезінен мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі,
  • "Батыр ана" атағына ие болған, "Алтын алқа" алқасымен наградталған көпбалалы аналар, бөлек тұратын зейнеткерлер,
  • дара кәсiпкерлер – кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын салық салу объектiлері бойынша;
  • көппәтерлі тұрғын үй алып жатқан жер учаскесіндегі пәтер (бөлме) меншік иесінің үлесі бойынша жеке тұлғалар – пәтердің (бөлменің) меншік иелері,
  • өздері ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау және қайта өңдеу процесінде тікелей пайдаланатын меншік құқығындағы салық салу объектілері бойынша шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер,
  • мемлекеттiк мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары,
  • қылмыстық жазаларды атқару саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның түзеу мекемелерiнiң мемлекеттiк кәсiпорындары;
  • дiни бiрлестiктер,
  • көмірсутектерді барлап-өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар келесі жылдан бастап мүлік салығын төлемейді.

Мүлік салығын төлемесе не болады?

Учёт.kz жазуынша, 2025 жылғы 2 қазаннан бастап, мүлік салығы бойынша қарыздың бары туралы хабарламаларды жолдау басталады. Егер берешек сомасы 1 АЕК-тен (2025 жылы – 3 932 теңгеден) асса және иесі оны 30 жұмыс күні ішінде өтемесе, онда осы мерзім өткен соң мемкірістер комитеті қарызды мәжбүрлі өндірту туралы бұйрық шығарады.   

Ал, 5 жұмыс күнінен кейін борышкерлер туралы материалдар жеке сот орындаушыларына тапсырылады. Бұл жағдайда тек салық сомасы мен оған есептелген өсімпұлды ғана емес, сондай-ақ бүкіл соманың 25%-ы мөлшерінде ЖСО-ның ақысын да төлеуге тура келеді.

Бұдан басқа, борышкердің банктік шоттары бұғатталуы, шетелге қыдыруына не іссапармен шығуына шектеу қойылуы мүмкін.

Салықты қалай төлеуге болады? Сіз оны:

  • e-Salyq Azamat ресми мобильді қосымша арқылы,
  • банктердің мобильді қосымшалары арқылы,
  • egov.kz порталы арқылы,
  • банктердің кассасында, терминалдар мен банкоматтар арқылы да төлеуге болады.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу