Қазақстандықтарға енді жұмысты жасанды интеллект таңдайтын болды

2213

Мемлекет пен жұмыссыздардың өзара іс-қимыл ережелері түбегейлі өзгеріске ұшырауда.  

Қазақстандықтарға енді жұмысты жасанды интеллект таңдайтын болды Фото: AI Atameken Business

2026 жылдың 1 қазанынан бастап жұмыс іздеп, мемлекетке жүгінген азаматтарға ресми түрде "жұмыссыз" мәртебесі берілгенге дейін 13 күн күтуге тура келеді. Ал, бұл мәртебесіз ол мысалы, медициналық сақтандыруға қол жеткізе алмайды.

Реформа аясында мемлекет ЖИ-ге құрылған "Цифрлық жұмыспен қамту қызметін" іске қосады. Оның басты жаңалығы – ЖИ адамның білімін, еңбек өтілі мен дағдыларын өз бетінше талдайды. Бос жұмыс орындарын таңдайды және қажет болған жағдайда жұмыссызды оқуға бағыттайды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Жұмыспен қамту орталықтарын ЖИ алмастырады

Тағы бір жаңашылдық сол, республиканың жұмыспен қамту жүйесі проактивті цифрлық моделге көшуде. Яғни, жұмысынан айрылған адам Мансап орталықтарына (бұрынғыша – Жұмыспен қамту орталықтарына) келмей-ақ көмек ала алуға тиіс.

Жаңа жүйенің басты құралы Enbek.kz платформасына енгізілген жасанды интеллект болмақ. Мақсат – жұмыс іздеу, кәсіби оқыту, біліктілікті растау мен мансаптық дамуды бір жерде біріктіру.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаев Enbek.kz сайтының жаңа модулі – Цифрлық жұмыспен қамту қызметін таныстырды. Жүйе адамды кәсіби бағытты таңдау мен бос жұмыс орнын іздеуден бастап, оқудан өту мен жұмысқа орналасуға дейін сүйемелдеуге тиіс. ЖИ-көмекші үміткердің білімін, тәжірибесін, өтілін, дағдыларын, басқа да сипаттамаларын талдайды.

Сондай-ақ ЖИ оның толық "цифрлық досьесін" түзеді. Жұмыссызға түйіндеме-резюме жасауға немесе оны өзектілендіруге көмектеседі. Бос жұмыс орындарын оның тұрғылықты жеріне жақын жерден, сондай-ақ еңбек ұтқырлығына дайындығын ескеріп іріктейді.

Егер үміткердің өзіне ұнаған нақты лауазым үшін біліктілігі жетпесе, ЖИ оған Skills Enbek арқылы оқу немесе қайта даярлау курстарын таңдап, ұсынады. Осы арқылы мемлекет сонау 90-шы жылдардан бері көп өзгермей сақталып қалған жұмыспен қамту қызметін түпкілікті жаңартуға тырысуда: адамға жай ғана бос орындар тізімі берілмейді, оның дағдыларындағы олқылықтар анықталады және оларды жою жолдарын нұсқайды.

Реформа проактивті түрде жүзеге асырылуда: ЖИ жұмыссыздық мәртебесін алғысы келген әр азаматқа қолда бар мемлекеттік деректер негізінде бос орындар мен кәсіби оқыту бойынша ұсыныстарды автоматты түрде қалыптастырады. Пилоттық жоба таяуда Павлодар облысында іске қосылды. 2026 жылдың соңына дейін ол бүкіл өңірлерге таратылады.

"Жаңа тәсілдің маңызды бөлігі азаматтың бірыңғай цифрлық профилі мен мансаптық жолын қалыптастыру болады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция арқылы еңбек қызметі, білімі, кәсіби тәжірибесі мен дағдылары туралы мәліметтер ескерілетін болады. Бұл жұмысқа орналастыру және одан әрі кәсіби даму бойынша неғұрлым дербестендірілген ұсыныстар түзуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Еңбекмині.

Вице-министр Жазықпаевтың түсіндіруінше, енді түпкі мақсат – жұмыссыздарды жай тіркеу емес, жұмыс іздеушілердің біліктілігін арттыру, анағұрлым өнімді жұмыс орнына ауыстыру.

Еңбекмині жаңа цифрлық жүйенің нәтижесін өңделген өтінімдер санымен емес, нақты өзгерістермен – жұмысқа орналасулар санымен, халық табысының өсуімен және уақтылы алынған көмекпен бағалауды ұсынды.

2 емес, 13 күн: жұмыссыздарды тіркеудің жаңа қағидасы

2026 жылдың 1 қазанынан бастап елде жұмыс іздеген азаматтарды сүйемелдеудің жаңартылған алгоритмін енгізетін пилоттық жоба басталады. Негізгі өзгерістердің бірі – жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін жұмыс іздеу кезеңі бұрынғы 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, екі күндік мерзім толыққанды тексеріс пен жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді. Екі апталық мерзім ішінде енді Мансап орталығының маманы үміткердің тәжірибесін зерделеп, жаңа жұмыс орнына бейімдеуді жүзеге асыруға, бос жұмыс орындарын іріктеп, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға тиіс.

"Енді азаматтың Мансап орталығына жүгінуі тек жұмыссыз ретінде ресми тіркеу рәсімі ғана болмайды. Бұл түпкілікті мақсаты жұмысқа орналастыру болып табылатын толыққанды мансаптық бағыт ретінде қарастырылады", – деп дәйектеді Еңбекмині.

Министрлік пилоттық жобасы іске асыру кезеңінде жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем қолданыстағы тәртіпке сәйкес ұсынылатынын нақтылады.

Сарапшылар бұл өзгеріс ресми түрде тіркелген жұмыссыздар санын жасанды түрде азайтуға бағытталуы мүмкін деген қаупін білдірді. Еңбекмині мұны жоққа шығаруда: мемлекет алдымен азаматты жұмысқа орналастыруға шынайы талап-әрекет жасап, тек содан кейін ғана мәртебе беруге тиіс деп табандайды.

Мансаптық орталықтар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қызметкерлері бүгінде жаңартылған алгоритмдер бойынша оқудан өтуде. Оның барысында мамандардың жұмыссыздарды профильдеу-бейімдеу сапасына және нәтижелерді деректер базасында дұрыс көрсетуіне ерекше назар аударылатыны мәлім етілді.

Жұмыссыздық жәрдемақысын төлеу мерзімі өзгереді

Тағы бір жаңалық қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу мерзімі екі есеге қысқарады: оны ең көп дегенде небары 3 ай ғана алуға болады.

Салыстырсақ, оған дейін, 2026 жылы Қазақстанда мұндай төлем 6 айға дейінгі мерзімге тағайындалады.

Нақты кезең адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қанша уақыт қатысқанына және әлеуметтік аударымдарды қаншалықты тұрақты аударғанына байланысты:

  • 6 айдан 12 айға дейін ғана аударса, төлем 1 айға тағайындалады;
  • 12 айдан 24 айға дейін – 2 айға;
  • 24 айдан 36 айға дейін – 3 айға;
  • 36 айдан 48 айға дейін – 4 айға;
  • 48 айдан 60 айға дейін – 5 айға;
  • 60 ай және одан көп – 6 ай бойы беріледі.

2027 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы ресми түрде жұмыс істеп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) тұрақты түрде әлеуметтік аударымдар жасаған жұмыскерлердің өзі жұмысынан айырылу бойынша төлемді ең көбі үш ай ғана ала алады.

Жаңа жылдағы жаңа жүйенің талабы келесідей болады:

  • Жұмыссыз қалғанға дейін 6 айдан 12 айға дейін МӘСҚ-ке аударым аударғандарға жәрдемақы 1 ай ғана төленеді;
  • 12 айдан 24 айға дейін аударса, 2 ай алады;
  • 24 айдан бастап және одан көп жыл аударып келгендер небары 3 ай төлем алудан үміттене алады.

Төлемнің көлемі де өзгереді. 1 қазаннан бастап мемлекет оның ең жоғары сомасын шектейді: ол 7 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) бар болғаны 45%-ын (немесе қазіргі өлшем бойынша ең көбі 267 750 теңгені) құрайды.

Қор түпкілікті соманы әрбір алушы үшін жеке-жеке есептейді. Бұл ретте соңғы 24 ай ішіндегі орташа айлық табысы, сондай-ақ оның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы ескеріледі.

"2026 жылдың 1 қазаны – жұмыспен қамту қызметінің жұмысын жетілдіру және жұмыс іздеу кезеңін 13 күнге дейін ұзарту бойынша пилоттық кезеңнің басталатын күні. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің ұзақтығына қатысты өзгерістер болса, 2027 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Түзетулер заңды күшіне енгенге дейін министрлік барлық өңірлерде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады", – деп мәлімдеді Еңбекмині.

Еңбек нарығында дүмпу болып жатыр

Бұл өзгерістер еңбек нарығындағы тосын бетбұрыстар аясында жүзеге асырылуда: қызметкерлердің жұмысын тастап кетуі, басқа орынға ауысуы күрт жиілеген.

Мысалы, қыркүйек айы басталғалы бері Enbek.kz электрондық еңбек биржасында бірден 105 907 бос жұмыс орны тіркелді. Тамыздағы өсім де ғаламат: жұмыс берушілер бірден 131,6 мың бос жұмыс орнын орналастырды. Осылайша, бос қалған жұмыс орындарының саны алдыңғы шілдеден бірден 25,8%-ға шарықтап шыға келді.

Жалпы, 2026 жылдың басынан бері платформада 840,6 мың бос жұмыс орны мен 1 млн 22,4 мың түйіндеме жарияланды.

Сұраныс құрылымы экономиканың қандай салалары кадрдың ағып кетуінен зардап шегіп жатқанын паш етті. Тамыз айында білім беру саласы көшбасшы атанды: жаңа оқу жылына дайындық аясында мектептер 61 мың педагогты таппай жатқанын білдірген.

Мемлекет мұғалімдер мен дәрігерлердің тапшылығымен бетпе-бет келіп отыр. Бос жұмыс орындарының едәуір бөлігі денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына тиесілі.

Бір ғажабы, кадр жетіспеушілігі алыс аймақтардан бұрын, ірі мегаполистерде де ушыққан. Өңірлік тұрғыдан Астана мен Алматы қалалары көш бастап тұр: әрқайсысында бір айда шамамен 10 мыңнан бос орны пайда болған.

Біліктілік бөлінісі бойынша бос орындар төмендегідей бөлінді:

  • жұмыс берушілердің 46,6%-ы – жоғары білікті мамандарды;
  • 33,1%-ы – орташа біліктілігі барларды іздейді;
  • 20,3%-ы – біліктілігі төмен, мектеп бітірген соң ары қарай оқымаған жұмысшыларды жұмысқа алуға дайын.

Түйіндеме-резюмелер құрылымы да осыған ұқсас: жұмыс іздеушілердің біліктілігі сәйкесінше 46,5%, 35,5% және 18%.

Жұмыссыздар арасында 35 жасқа толмағандар басым. 35–44 жастағылардың үлесі 25,8%, 45–54 жастағылар – 14,6%, 55 жастан асқандар – 6,7%. Әйелдер 60,6% түйіндеме орналастырса, ерлер 39,4%-ын құрады.

Нарықта 1 млн теңгеден асатын жоғары жалақы төленетін орындар да маман таппай тұр. Тамыз айында жұмыс берушілер мысалы, өндіруші өнеркәсіптегі ауысым бастығын 2,06 млн теңгеге, киберқауіпсіздік маманын 2 млн теңгеге шақырды.

Іздеушілердің тәбеті де тамаша: алғысы келетін жалақысының көлемі бойынша әкімшілік бөлімдердің бастықтары (шамамен 2,02 млн теңге сұрады), өнім жобаларының басшылары (1,84 млн теңгедей) және өткізу шеберлері (1,75 млн теңгедей) көш бастап тұр.

Осындай жағдайда ЖИ-дің міндеті – іздеушінің дағдыларын бизнес талаптарымен дәл сәйкестендіру болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев "оқытуды, біліктілікті растауды және жұмысқа орналастыруды біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйенің" құрылатынын жариялады. Big Data және ЖИ базасында ведомство мемлекеттік білім тапсырысын салалардың нақты сұраныстарына сәйкес қалыптастырып, экономиканың кадрларға деген қажеттілігін болжауға ниетті.

"Цифрландыру жай ғана деректерді есепке алудан тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға көшуге тиіс", – деді Ертаев.

Жаңа модель халықтың табысын нақты өсіретін тетікке айнала ма, әлде әншейін жұмыссыздарды әкімшілік есепке алу тәсілдемесін өзгертумен шектеле ме, мұны өмір мен тәжірибе көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу