Қазақстанға алапат "Эль-Ниньо-Годзилла" мен рекордтық аптап таяп қалды

1487

Жер-ана бүкіл әлемде "сауна" режимін қосуды жөн көрген сияқты.

Қазақстанға алапат "Эль-Ниньо-Годзилла" мен рекордтық аптап таяп қалды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Бүкіл ғаламға, соның ішінде Орталық Азия елдеріне климаттық қауіп төнді. Ғылыми орта мен ақпарат құралдарын дүр сілкіндіріп, мұхиттың экваторлық тереңдігінен "Эль-Ниньо-Годзилла" деген үрейлі атқа ие феномен бас көтеріп келеді,

Ғалымдардың алаңдауынша, бұл – температураның жай ғана маусымдық ауытқуы емес, Жердің метеорологиялық картасын астаң-кестең қылуға қауқарлы, жоғары деңгейдегі жаһандық апаттың хабаршысы болуы мүмкін. Әлемнің жетекші болжау орталықтары дабыл қағуда: 2026 жылы адамзат бұрын-соңды болмаған қуатты табиғи сынақпен, жойқын дүлеймен бетпе-бет келгелі тұр.

Климаттық ақырзаман таяды ма? Супер-Эль-Ниньо планетаны өзгертуі мүмкін

Қиырдағы Тынық мұхиттың экваторлық бөлігіндегі жасырын процестер мен алыстағы Қазақстан даласындағы аптап ыстықтың арасында бір қарағанда, байланыс жоқтай көрінуі мүмкін. Алайда жаһандық климатология заңдары қатал әрі өзара әрекеттеседі.

Биылғы жылы өте қауіпті кумулятивті-жиынтық әсер өз күшіне енеді. Планетамыздың атмосферасы мен гидросферасы қазірдің өзінде антропогендік факторлар кесірінен қатты қызып кетті: табиғат адамзаттың қазба отынды тоқтаусыз жағуынан бөлінген парниктік газдардан онсыз да зардап шегіп отыр. Оған енді Эль-Ниньо түріндегі табиғи температуралық аномалия қосылуда.

БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) ресми түрде мәлімдейді: Орталық Азия жойқын, аномалді нөсер жауындар мен жан төзгісіз аптап ыстықтың басты нысанасына айналады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Эль-Ниньоның дамуын "климаттық шұғыл ескерту және төтенше дабыл" ретінде қарастыруға шақырды.

"Эль-Ниньо мен планетаның жылынуы арасында адамзат екі оттың ортасында қалғалы тұр. Салдары бұрынғыдан да алапат және кеңірек сезілетін болады. Бұл сын-тегеурінге тиімді жауап беру үшін әлем жаңғыратын энергия көздеріне көшуді жеделдетуге тиіс. Сондай-ақ бұл жайт мемлекеттерден халықтың ең әлсіз топтарын, әсіресе, балалар мен қарияларды аптап ыстықтан қорғауды және ауа райы болжамы мен ерте ескерту жүйелерін дамытуды талап етеді", – деп мәлімдеді Гутерриш барша халықтарға жолдаған бейнеүндеуінде.

Оның бұл сөздері үрейлі дабыл сияқты естіледі: өйткені әңгіме тұтас мемлекеттердің үйреншікті тыныс-тіршілігін тоқыратуға қауқарлы сұрапыл құбылыс туралы. Бұл үрейлі феноменнің негізінде Тынық мұхитының экваторлық бөлігінің орталық және шығыс аумағындағы беткі сулардың қалыптан тыс жылынуы жатыр. Ол 9 айдан 12 айға дейін созылады және атмосфералық циркуляцияны толықтай астаң-кестең қылғалы тұр.

Планетаның қалыпты күйінде пассат желдері жылыған суды Азия жағалауларына қарай тұрақты түрде айдап, Оңтүстік Америка маңындағы суық терең қабаттардың жоғары көтерілуіне мүмкіндік беретін. Бірақ биыл үйреншікті тепе-теңдік күйреп жатыр. Көктемде батыс желдерінің қуатты екпіні орасан зор жылу массаларын кері, шығысқа қарай айдап әкетті.

Годзилланың тууы: жерсеріктер мұхитта құпия "жылу жарылысын" тіркеді

Sentinel-6 Michael Freilich радиолокациялық серігі "Кельвиннің жылы толқыны" деп аталатын құбылыстың – орасан зор энергия тасымалдайтын су асты ағысының қарқынды қозғалысын тіркеді. Мұхиттың тропикалық аймағында су астындағы температураның қызуы қазірдің өзінде нормадан 6 градустан астам асып кетті.

Америкалық болжау орталықтары Эль-Ниньоның 2026 жылдың жазында белсенді фазаға шығу ықтималдығын 80%-дан жоғары деп бағалайды, ал қысқа қарай бұл көрсеткіш 100%-ға жақындайды. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Бас хатшысы Селеста Сауло қазіргі жағдай үкіметтерден бұрын-соңды болмаған жоғары дайындықты талап ететінін ашық әрі кесіп айтты.

"Біздің бәріміз құрғақшылық пен нөсер жауындарды күрт күшейтетін, сондай-ақ құрлықта да, мұхитта да аптап ыстықтың толқын-толқынмен соғу қаупін арттыратын ғаламат күшті Эль-Ниньо құбылысына дайындалуымыз керек", – деп қадап айтты ол.

Селеста Сауло сонымен қатар шектен тыс аптаптың өзімен бірге ала келуі мүмкін сұмдықтарын да еске салды: әлем азық-түлік пен ауыз су қорының күрт қысқаруына, сондай-ақ масалар мен кенелер тарататын қауіпті індеттердің өршуіне тап болуы ғажап емес.

Алдағы құбылыстың бұрынғылардан қауіптілігі неде?

Ғалымдардың басты мазасыздығы тек Эль-Ниньоның қайта оралуымен ғана емес, оның Жердің климаттық жүйесі онсыз да нормадан тыс қатты қызып тұрған сәтте келуімен байланысты. Егер алдыңғы циклдар басқа жағдайларда өрбісе, енді қосымша жылу жаһандық жылынудың салдарларымен қабаттасуда. Климатологтардың пікірінше, дәл осы фактор жаңа циклды бұрынғылардың бәрінен де қауіпті әрі жойқын еткелі тұр.

Мамандар бір ерекшелікті байқады: Эль-Ниньо өрістейтін жыл әдетте ең ыстық жылдардың біріне айналады, алайда абсолютті температуралық рекордтар көбіне келесі жылы орнап жатады. Мұхиттың жылынуы мен атмосфераның реакциясы арасында бірнеше айға созылатын уақытша кідіріс болады. Сондықтан 2026 жылғы жаз бен күзде ми қайнатар ыстық күндер тіркелгелі тұр, әйтсе де, келесі 2027 жыл метеобақылау тарихындағы ең аптап, жалын шарпыған ыстық жыл атағын иеленуі ықтимал.

Климаттық тәуекелдер картасы Қазақстан үшін үрейлі көрінеді. Жауын-шашынның шектен тыс көп түсуі, су тасқыны және тіпті құрғақшылық қаупі жоғары аймақ қатарына келесі аумақтар кірді:

  • АҚШ-тың оңтүстік аумақтары;
  • Оңтүстік Американың жекелеген аудандары;
  • Африка мүйісі елдері (әсіресе, Сомали, Эфиопия, Эритрея);
  • Орталық Азия және Қазақстан.

"Sentinel-6 Michael Freilich серігінің деректері Эль-Ниньоның күшейіп жатқанына қосымша бұлтартпас дәлел ұсынды. Бақылаулар жылы сулардың Тынық мұхит арқылы шығысқа қарай қарқынды қозғалып бара жатқанын көрсетіп отыр. Кельвин толқыны ретінде белгілі бұл процесс қуатты климаттық құбылыстың қалыптасуының басты хабаршыларының бірі болып саналады", – деп жазды Gizmodo.

Бүкіл әлемдегі метеорологтардың деректері бір арнада тоғысады: Эль-Ниньо алдағы бірнеше аптада басталып, жаһандық температура мен ауа райы жағдайларына орасан зор әсер еткелі тұр.

ECMWF, NOAA және BOM климаттық моделдерінің де тұжырымы ұқсас: бұл супер-құбылыс 1877–1878 жылдардан бергі ең күштісі болуы мүмкін. Бақылау тарихында күші жағынан бұрын бұған ұқсас тек үш жағдай тіркеліпті.

1982–1983 жылдары дүлей табиғат Австралияны лапылдаған өртке орады, Америка құрлықтарын сұрапыл су тасқының астында қалдырды. 1997–1998 жылдары супер-Эль-Ниньо Перу мен Эквадорды батпақты көшкіндерге тұншықтырды, ал, Қытайда Янцзы өзенінің алқабында үш мың адамның өмірін қиып, 15 миллион адамды баспанасыз қалдырған жойқын су тасқынын тудырды. Соңында, 2015–2016 жылдары "Эль-Ниньо-Годзилла" Үлкен Тосқауыл рифінің бір бөлігін күл-талқан етіп жойып, Африканы апатты аштық пен қаталаған құрғақшылыққа душар етті.

2024 жыл қуатты Эль-Ниньоның кесірінен тарихтағы ең ыстық жыл атанып, барлық рекордтарды жаңартқан еді. Бірақ бұл тек басы ғана екен. Енді таяп келе жатқан құбылыс, сарапшылардың пікірінше, бұдан әлдеқайда қорқынышты, әлдеқайда үрейлі.

"Болжамға сәйкес, Тынық мұхитының тропикалық бөлігінде жылыну осы ғасырдағы кез келген кезеңдегіден гөрі жылдамырақ жүруде. Демек, тарихтағы ең бір ерекше, табиғаттан тыс құбылыс орын алуда", – деді Ұлыбританияның метеорологиялық басқармасының ғалымы Адам Скейф NewScientist басылымына сұхбатында.

Күзге қарай мұхит температурасы нормадан екі-үш градусқа жоғары секіруі мүмкін. Бұл құбылысты абсолютті рекорд қатарына шығарады. Беделді Carbon Brief басылымы 2026 жылдың өзі жылу деңгейі бойынша тарихтағы екінші орынға ие болады деп болжайды. Бірақ мұхиттық процестің ең жоғарғы шыңы құрлыққа бірнеше айлық кідіріспен әсер етеді. Тиісінше, алдағы 2027 жыл адамзат тарихындағы ең аптап жыл болғалы тұрғандай.

Эль-Ниньо Қазақстанға қалай әсер етеді?

Climate Impact компаниясының болжамдары қазірдің өзінде жаппай құрғақшылық пен аномалді ыстық толқындары төнгенін ескертуде. Метеорологиялық карталар үрейлі қан-қызыл түске боялып үлгерді. Су тасқыны Африка мүйісі елдеріне, АҚШ пен Оңтүстік Американың оңтүстігіне қауіп төндірсе, Индонезия, Орталық Америка және Австралия бір тамшы ылғалға зар болып, шөлдейді.

Орталық Азия бұл планетарлық тәуекелдер тізімінде ерекше, екіұдай позицияда тұр: аймақ жерді табадай қуырған аптап пен айналасын шайған жойқын нөсерлер арасында өмір сүруге мәжбүр болады.

Осы климаттық жарылыстың қақ ортасында Қазақстан орналасқан. Кейбір сарапшылар: "Ел екі жыл бойы мұндай табиғат соққысына төтеп бере ала ма?" деп, үреймен қарайды. Қазгидромет мамандары болса, біріне басу айтып, жұртты сабырға шақыруға асықты.

Олар жаһандық процестер планетаның ағындарын өзгертіп, ел ішінде экстремалды аномалиялардың, тұрақсыз жауын-шашын мен құрғақшылықтың ықтималдығын арттыратынын растады. Сонымен қатар, отандық синоптиктер уақытынан бұрын үрейге бой алдырмауға шақырады.

"Бұл ретте Эль-Ниньо тек климаттық факторлардың бірі екенін түсіну маңызды. Қазақстандағы ауа райы жағдайлары аймақтық циркуляцияға, топырақ ылғалдылығының жай-күйіне, қар жамылғысына және басқа да атмосфералық процестерге байланысты. Сондықтан Қазақстан үшін қандай да бір кепілді салдарлар туралы айту әлі ерте", – деді Қазгидромет сарапшылары.

Соған  қарамастан, жалпы көрініс шошытады. Әлемдік ықпалды басылымдардың, соның ішінде The Guardian-ның беттерінде жарияланған ескертулер ешқандай күмән қалдырмайды: адамзат ауа райы әлемді дүрбелеңге салатын дәуірге қадам басты. Табиғат өзінің қатал, асау мінезін көрсетіп, адамзат өркениетінің қаншалықты әлжуаз екенін еске салып тұрғандай.

"Эль-Ниньо-Годзилла" ауқымды дағдарыстың себебіне айнала ма, әлде адамзат соққыға дайындалып үлгере ме – оны уақыт көрсетеді. Бірақ бір нәрсе анық: биылғы жаз бен күз әрқайсымызға өзгеріп жатқан планетаның ыстық тынысын сездіретіні сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу