Қазақстанға ЕАЭО елдерінен брокер шақырылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3843

Валюта нарығына енетін жаңа ойыншылардың қызметі заңмен реттеледі. 

Қазақстанға ЕАЭО елдерінен брокер шақырылады

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) шетел валюталарының сауда-саттығы 17,6 %-ға өсіп, 12,3 трлн теңгені құрады. Ал ақша нарығындағы сауда-саттық көлемі 64,0 %-ға ұлғайып, 135,7 трлн теңгеге жетті. KASE өкілдері өткен жылды қорытындылаған кезде осындай мәлімдеме жасады.

Белгілі болғандай, сауданың жалпы жиынтығы 151,5 трлн теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 60%-ға артқан. Бұл биржа тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.

KASE индексінің мәні 10 жыл бұрынғы нәтижесін жаңартып, 59%-ға өссе, акция нарығының капиталдандырылуы 20%-дық межені бағындырып, 17,1 трл теңгені құрады. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарындағы қорытынды орталық депозитариде жеке тұлғалардың 109 245 есепшоты бар екенін көрсетті. Инвестициялық қорлардағы құнды қағаздардың сауда-саттығы 2016 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 1 050,2 млн теңгені құраса, мемлекеттік құнды қағаздардың саудасы 1 985,8 млрд теңгеге жетті.

Корпоративтік облигациялар саудасы да табысты болды. Оң нәтижені санмен сөйлететін болсақ, облигациялардың өтімділігі 2016 жылмен салыстырғанда 2,3 есе өсіп, 1 153,8 млрд теңгені құрағанын көруге болады.

"Валюта нарығында даму тенденциясы сезіліп отыр. Соның айқын айғағы биыл жеке тұлғалармен жұмыс істеу үшін валюта нарығына брокерлер енеді. Болашақта брокерлердің қызмет көрсету аясы кеңейеді. Біз алдағы уақытта  ЕАЭО елдерінен, яғни Ресей мен Белорусьтан брокер тартуға мүдделіміз", – деді KASE басқармасының төрағасы Алина Алдамберген.

Қолданыстағы заңға сәйкес, бүгігі таңда клиентің тапсырысымен атқарылатын валюталық операцияларды лицензиясы бар қаржы ұйымдары ғана жүзеге асыра алады. Дәл қазіргі уақытта KASE мүшелігіндегі 32 екінші деңгейлі банк пен Ұлттық банк қана валюталық операзияларды орындайды. Валюта нарығына брокерлердің енуіне рұқсат беру үшін заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу сондай-ақ биржаның инфрақұрылымын қайта жасақтау қажет.

"Бастапқыда брокерлерге банк операцияларының жекелеген түрлерін атқару құқығын беретін лицензия ұсынылады. Осы рұқсат арқылы олар күніне жеке тұлғаларға қатысты 100 мың долларға дейінгі валюталық операцияларды іске асырады. Бұл түзетулер негізгі нормативтік базада қарастырылады. Заңға түзету енгізілгеннен кейін брокерлер валюталық нарықтың толыққанды мүшесіне һәм ойыншысына айналады. Біздің болжам бойынша, нормативтік-құқықтық акті биылғы жылдың I тоқсанында толықтырылып, өзгертіледі. Ал II тоқсанда брокерлердің валюта нарығына енуіне жағдай жасалады", – деді KASE басқармасының төрағасы.

Айта кетейік, Қазақстан қор биржасы бұл қадамға аяқ астынан барған жоқ. Жоспар осыдан 2 жыл бұрын жасалған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу