Қазақстанға қатаң кедендік тариф орнатты

Артур Мискарян Артур Мискарян
14699

Отандық автоөндірушілер Өзбекстаннан жеткізілетін көліктер мен машина жиынтықтарына салынатын акциздерді өзгертуді сұрады.

Қазақстанға қатаң кедендік тариф орнатты

25 қыркүйекте Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы ("ҚазАвтоӨндіріс") ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке жолдаған ашық хатты жариялады. Онда салалық қауымдастық Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді Өзбекстан нарығына шығаруға дайын екенін мәлімдеген. Хатқа қауымдастық атынан директорлар кеңесінің төрағасы Дәулет Бақберген қол қойған.

"Құрметті Тимур Мұратұлы! 2017 жылдың 15-17 қыркүйек күндері Ташкент қаласында Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумы өтті. Онда қазақстандық автоөндірушілер өз өнімдерін таныстырды. Бүгінде отандық кәсіпорындарда автокөліктердің 60-қа жуық түрі шығарылады және олар Өзбекстан нарығына техниканың кең түрін жеткізуге дайын.

Бұл идея форумға қатысқан екі ел президенттері тарапынан қолдау тапты. Өзіңіз білетіндей, Өзбекстан экономиканы ырықтандыру саясатына көшті. Бұл қазақстандық өндірушілерге мүмкіндік беріп отыр. Қыркүйек айында республика басшылары импортталатын 15 тауар түріне акциздік салық мөлшерлемесін қысқартты", – делінген ашық хатта.

Қауымдастықтағылар Өзбекстанның акциздік саясатына алаңдаушылық білдіріп отыр. Импортты техниканы шектеу шараларының бірі ретінде қозғалтқыш көлемінің текше сантиметріне 2,4 доллар көлемінде баж салығын төлеу қарастырылған.

"19 қыркүйекте жарияланған "Өзбекстан Республикасының алдағы уақыттағы сыртқы экономикалық қызметін реттеу шаралары туралы" Өзбекстан президентінің қаулы жобасы көрші елдің нарығындағы қазақстандық өндірушілердің қолжетімділігіне қауіп төндіріп тұр. Құжат мәтінінде қазақстандық техникаға акциздік мөлшерлеме 2,4 текше сантиметр/доллар көлемінде белгіленген. Ал Ресей мен Украина аумағынан импортталатын автокөліктерге кедендік құн 2% көлемінде қарастырылған. Бұл Өзбекстан нарығы қазақстандық автоөндірушілер үшін жабық деген сөз".

"ҚазАвтоӨндіріс" деректеріне сүйенсек, 1996 жылдан бері Өзбекстан кәсіпорындары Қазақстанға 720 млн долларға 85 мың көлік экспорттаған. Ал қазақстандық өнімді көрші елдің нарығына жеткізу жолы қатаң кедендік-тарифтік кедергілермен бұғатталған.

"ҚазАвтоӨндіріс" ұлттық экономика министрлігіне өтінішпен шығуына да осы жағдай себеп болып отыр. Қауымдастық мүшелері министрдің шетелдік тараппен келіссөз жүргізе отырып, Өзбекстанның қазақстандық кәсіпорындарға қатысты кедендік-тарифтік саясатына ықпал етуді қалайды. Егер Ташкент келіспесе, онда өзбекстандық автоөндірушілердің техникасына арнайы акциздер белгілеуді сұрайды.

"ҚазАвтоӨндіріс" одағы 2015 жылы құрылған болатын. Одаққа "Бипэк Авто – Азия Авто", "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС және "СемАЗ" ЖШС компаниялар тобы мүше.

Еркебұлан Қыздарбек, Артур Мискарян

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться