Сенатор Бибігүл Жексенбай шетелдік психологтардың қызметі елімізде қалай реттелетінін сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс қабылдаған "Психологиялық қызмет туралы" заң қаралды.
"Біздің көптеген азаматымыз шетелдік мамандардың онлайн психологиялық көмегіне жүгініп жатады. Бұдан бөлек шетелдік психолог мамандардың Қазақстанға келіп, жүздеген, тіпті мыңдаған аудиторияны жинап дәріс оқитыны бар. Тіпті кейбір азаматтарды жеке терапияға тарта отырып, қабылдау жүргізетін жағдайлар кездеседі. Осыған байланысты мұндай қызметтерді реттеу тетіктері қандай? Азаматтарымызға онлайн режимде қызмет көрсететін шетелдік психологтардың қызметі қалай нақты бақыланатын болады?", – деп сұрады сенатор Бибігүл Жексенбай.
Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жауап берді.
"Осы сұрақ жұмыс топтарында қызу талқыланған мәселелердің бірі болды. Шетелден келіп, Қазақстанда қызметтерді көрсететін психологтардың қызметі осы біз қабылдап жатқан заңның талаптарына сәйкес келуі қажет. Себебі ол біздің мемлекеттің аумағында жүргізілген болып есептеледі, яғни реестрге, басқа да құжаттарды растау туралы қағаздарын әкелу керек болады. Бүкіл әлемде онлайн қызметтерді реттеу туралы біраз сұрақтар көтеріліп отыр. біздің жұмыс тобында айтқан мәселеміз келесідей. Қазір өзіміздегі мәселелерді реттеп алсақ, елдегі психологтардың жұмысын реттеп, осыны бітірсек, келесі сатыда біз бірнеше ұсынысты енгізуге дайынбыз. Олардың бәрін саралау керек", – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, депутаттар, мемлекеттік органдар, қоғамдық өкілдер тарапынан бірнеше ұсыныс айтылды.
"Мысалы, ірі онлайн платформалардың иелерімен келіссөздер өткізу керек немесе халықаралық аккредиттеу ұйымдарымен бір-біріміздің психологтарымызды танимыз деген бір келісімшартқа отыру керек. Сонымен қатар салық жағынан оларды бақылау керек деген де ұсыныс болды. Бірақ та, бұл ұсыныстардың барлығы толық саралауды талап етеді", – деді ведомство өкілі.