Қазақстанға ресейлік университеттерден бас тартуға тура келе ме?

1819

Ресей елімізде қабылданған Болон жүйесінен шығатын болды.

Қазақстанға ресейлік университеттерден бас тартуға тура келе ме?

РФ жоғарғы білімнің Болон жүйесінен шығады. Бұл туралы Ресей Ғылым және жоғарғы білім министрі Валерий Фальков мәлімдеді.

"Болон жүйесіне артта қалған кезеңіміз ретінде қарауға тиіспіз. Біздің болашағымыз – біздің төл, бірегей білім беру жүйесінде. Оның негізіне Ресейдің ұлттық экономикасының мүдделері іргетас болып қаланады", – деді министр "Коммерсантъ" басылымына сұхбатында.

Оның нақтылауынша, бірінші кезекте, әңгіме жоғарғы оқу орындарында қос деңгейлі жүйеден – 4 жылдық бакалавриатта және 2 жылдық магистратурада оқудан бас тарту және кеңестік замандағы "специалитетке" (5-6 жыл бойы оқу) оралу жөнінде болып отыр.

Солтүстік көрші жоғарғы білім саласында да кеңес заманына оралуға дайындыққа жедел кірісіп кетпек. 2024 жылы жаппай көшеді, сол жылы министрлік мамандықтардың жаңа тізбесін енгізетін көрінеді.

Болон жүйесінен аулақтауды Петербор парламенті бірінші қолдады.

"Бұл қадамды бұрыннан пісіп-жетілген шешім деп атаған дұрыс. Болон жүйесі біздің білімге қандай игілік әкелді? Бар жеткеніміз – ресейлік дипломдарды Батыс және өзге де елдер ішінара мойындады. Қазір қарап тұрсақ, бұл тақырып біз үшін өзекті емес. Мидың ағып кетуін ынталандыруды қою керек", – деп мәлімдеді Санкт-Петербург заңнамалық жиналысының төрағасы Александр Бельский.

Еске сала кетсек, Қазақстанда ресейлік жоғарғы білім бұған дейін жақсы бағаланатын. Мысалы, билікте жас қызметкер ең құрығанда, ресейлік университетті бітірсе, ол қазақстандық дипломы ғана бар білікті маманнан жоғары тұратын, мансап сатысымен өсуде мол мүмкіндікке ие.

Тіпті Президентіміздің өзі Ресейдің маман даярлау жүйесінің айбынын асырып, мерейін тасытқан еді.

Биылғы "қаңтар оқиғаларынан" кейін "Жаңа Қазақстанды" құруға кіріскен жаңа билік "Болашақ" бағдарламасы аясында негізінен батыстық білімге басымдық беріп келген Н.Назарбаевтың бағдарынан кілт бұрылып, көрші жаққа ден қойғандай болды.

"Қасіретті қаңтардан" кейін, 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жетекші ресейлік ЖОО-лар елімізге келетініне аңдатпа жасады.

"Жақын уақытта Ресейдің озық техникалық жоғарғы оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін біздің елімізде кем дегенде 5 беделді шетелдік университеттің филиалын ашу қажет деп санаймын. Бұл ретте техникалық бағыттағы екі филиалды еліміздің батысында ашу керек", – деді Қ.Тоқаев. 

Бұл мәлімдемені отандық сарапшылар сонда қатты сынаған болатын. Ізінше Білім және ғылым министрлігі түсініктеме беріп, Қазақстанның тек Ресеймен шектеліп қалмайтынына сендірді.

Жуырда, сәуір айында РФ Ғылым және жоғарғы білім министрлігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ресейлік Ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалы ашылатынын хабарлады. Онда екі елге арнап, ядролық энергетика, фармацевтика, медицина, экономика салаларының мамандарын даярлау жолға қойылмақ. Ресей жағы тіпті гранттар да бөліп қойыпты. Бірақ әзірге бөлімшесі жұмысқа кірісе қойған жоқ.

Егер Ресей Болон жүйесінен шықса, оның жоғарғы білім беру жүйесі Қазақстанға қайшы келетін болады немесе ресейлік филиалдарға Қазақстандағы қалыптасқан жүйеге бейімделуге тура келеді.

Мұның мысалы да бар. 2001 жылы Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан ашылған М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемуниверситетінің (МГУ) қазақстандық филиалы қазақстандық жоғарғы білім жүйесіне ішінара кірігіп үлгерді. Жергілікті студенттерге Қазақстан тарихы оқытылады. Әрі бакалавриат пен магистратура бағдарламалары бойынша маман дайындайды.

ММУ-дан бөлек, елімізде Мәскеу авиациялық институтының, Челябі мемлекеттік университетінің және Санкт-Петербург кәсіподақтардың гуманитарлық университетінің филиалдары жұмыс істейді. Биыл Н.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің және И.Губкин атындағы Ресей мұнай-газ мемлекеттік университетінің өкілдіктерін ашу жоспарланған. Кремльдің Украинадағы соғысы және Батыстың санкциялары бұл үдеріске тежеу болып еді. Енді Ресей Болон жүйесінен шықса, бұл жобалардың тағдыры не болатыны белгісіз.

Петербургтегі Еуропалық университеттің Ғылым және білімді институционалдық талдау орталығының аға қызметкері Алексей Железнов Ресей ғылымының деградацияға ұшырағанына қынжылады.

"Қазір Ресейдің оқу орнын бітірген маманға сезікпен қарайтын, теріс айналатын заман туды. Ресейлік ғалымдармен ынтымақтасудан шетелдік ғылыми орта бас тартуда. Ресейлік дипломы бар мамандарды шетелде жұмысқа қабылдамайды. Алда Болон жүйесінен бас тарту біздің білім жүйесіне нұқсан келтіреді, күйретуі ықтимал", – деді ғалым.

Ол РФ Үкіметі ілгерілетіп отырған жаңа бетбұрыстың қандай салдарлары болатынын атап көрсетті. Біріншіден, мұның соңы еуропалық ЖОО-лармен келісімдердің бұзылуына соқтырады. Бұл Болон жүйесінің басты принципіне – студенттердің академиялық мобилділігіне теріс әсер етпек.

Екіншіден, ескі жүйеге көшсе, ресейлік ЖОО-лар басқа елдердегі әріптестерімен студент алмаса алмай қалады. Әйтпесе, ресейлік шәкірттер ешқандай емтихансыз, қайта тапсырусыз және өзі үшін қандай да бір кедергі-проблемасыз батыстық беделді ғылым ордаларына жарты-бір жылға ауысып, үздік білімнен сусындайтын, тағылымдамадан өтетін. Осы арқылы біраз ресейлік ЖОО ресейлік және шетелдік қос диплом бере алатын.

"Бұл аса маңызды тәжірибе еді. Ол өз сорпаңда қайнаумен шектелмей, халықаралық білім айдынында жүзуге мүмкіндік беретін. Болон жүйесінің өркен жаюына тек Еуропа немесе АҚШ қана мүдделі деген жаңсақ түсінік, оған Азия, Африка, Латын Америкасының ғалымдары мен студенттері де мүдделі. Мына өзгеріс енген соң Ресейге көзқарасы түзу елдерден, соның ішінде Орталық Азиядан келетін студенттердің легі айтарлықтай сұйылады. Себебі кез келген шәкірт алты жыл ғұмырын кетіріп алған дипломының өзге елдерде мойындалғанын қалайды. Әсіресе, сол оқуға төл қаржысын жұмсаса", – дейді Алексей Железнов.

Оның байламынша, Болон жүйесінен бас тарту арқылы Ресей өзін жазалайды, артқа қадам жасайды. Ал Батыс елдерінің түгі де кетпейді.

Үшіншіден, оның түсіндіруінше, Ресей "бірегей пәнаралық мамандықтарды да жоғалтып алады". Қазіргі жүйеде студентке бірден екі түрлі саланың маманы болып шығуға жол ашық. Айталық, Химия-Биология, Математика-Физика, Физика-Информатика және басқасы. Ал кеңестік специалитет нақты бір тар саламен шектелуге құрылған. Болон жүйесі Ресейде бакалавр мәртебесін алған маманға оқуының бастапқы бағытын өзгертіп, магистратураға мүлдем жаңа мамандықты игеруге мүмкіндік беретін. Бұл – шәкірт жастардың мобильділігінің мүлдем басқа қыры саналады: ол ЖОО-лар мен елдер арасында ғана емес, мамандықтар мен бағыттар арасында да еркін қозғала алады. Бұл "мүмкіндік терезесі" де ресейліктер үшін тарс жабылуы ықтимал. 

"Мұндай жүйе салааралық мамандардың пайда болуына кең өріс ашты. Мысалы, жас адам бакалавриатта физикаға оқиды, ал магистратураны биология бойынша бітіреді немесе журналистика бакалавры әлеуметтану магистры болып шыға алады. Осының арқасында осы екі саланың түйіскен тұсында әлдебір қызықты жаңалық, жоба ойлап таба алатын бірегей салааралық маман шығатын еді", – дейді РБК шолушысы Юлия Воробьева.

Басылым Болон жүйесінен бас тартқанда туындайтын тағы бір проблеманы атады. Бакалавриат пен магистратурадан ат-тонын ала қашып, специалитетке кері қайтатын Ресейге ондаған жыл бойы қалыптасқан бүкіл білім беру стандарттарын қайта қалыптастыруға тура келеді. Бұл стандарттар ұзақ уақыт жетілдіріліп, таяуда ғана қабылданыпты. Болон жүйесіне сәйкес келу үшін Ресейден аса күрделі, өте ауқымды реформа жүргізу талап етілді. Енді өзі соғыс ашып, сол үшін жазалаған Батысқа өкпелеп Мәскеу сол ерен еңбегінің, ірі жетістігінің бәрін қоқысқа лақтырмақ. Мұндай өзгеріс сондай-ақ ЖОО оқытушыларына алапат жүк түсіреді. Олар мұның бәрін еңсергісі келмесе, орыс тілінде оқытатын өзге елдерге кетуге мәжбүр болады.

Ресей Ғылым академиясының білім экожүйесін дамыту және сапасын басқару бөлімінің басшысы Татьяна Павлова да Болон жүйесінен бас тартқан жағдайда ресейлік диплом автоматты түрде өзге елдерде, оның ішінде Қазақстанда да мойындалмайтынын айтады. Яғни, оған ие мамандар тек Ресеймен шектеледі.

Deutsche Welle "Болон жүйесінен бас тарту РФ жастарын болашақтан айырады" деген талдау мақала жариялады. Онда да бұл қадамның теріс жақтары нақты санамаланған.

Жалпы кеңес кезіндегі маман даярлау жүйесін мадақтап, соған оралуды ұсынатын сарапшысымақтар, тіпті ғалымдар Қазақстанда да жетерлік. Олар Болон жүйесінен шығу – қазақтың білім қуған жастарын бәсекеге қабілетті білім алу мүмкіндігінен айыратынын түсінбейтінге ұқсайды.

Сонымен бірге бұдан былай Қазақстанға Ресейдің жоғарғы біліміне көп қарайлаудың қажеті қалмайтын болса керек.

Осы орайда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы 10 мамырда Түркияға мемлекеттік сапары кезінде "Түркияның іргелі техникалық университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға ұсыныс" айтуы үміт отын жақты. Оның үстіне мұнысы жай ұсыныс күйінде қалмады. Сапар соңында екі ел ЖОО-лар арасында тікелей байланыстар орнатуға уағдаласты.

Жанат Ардақ