Қазақстанға жеті елден кірген азаматтар карантинге оқшауланады

4358

Карантин мерзімі 14 күн көлемінде қалды.

Қазақстанға жеті елден кірген азаматтар карантинге оқшауланады

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин коронавирус қаупінің үш санатына жататын елдерден келген отандастарымыз қалай бақыланатынын түсіндірді.

Ведомствоаралық комиссияның 25 ақпандағы қаулысы бойынша оқшаулау шарттары өзгерген көрінеді. Бірақ карантин мерзімі 14 күн күйінде қалып отыр.

"Қытай Халық Респубилкасынан келген азаматтарға кешегі қаулы жүрмейді. Яғни олар үшін карантин режимі сақталады. Қаулыларды шатастырмау үшін 1 наурыздан бастап 17 қаңтардағы қаулыны жойып, кеше ведомствоаралық комиссия қабылдаған қаулы бойынша жұмыс істейміз. Бұл қаулыда да құрлықтық Қытайдан келген азаматтар 14 күндік карантинге жатқызылады. Карантиннен шыққаннан кейін 10 күн бойы медициналық бақылауда болады.  Ал Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран мемлекеті мен Макао, Гонконг, Тайвань аймақтарынан келгендер 1 наурыздан бастап 14 күндік үйдегі карантинге өз бетімен оқшауланады. Мұндай жағдай халықаралық тәжірибеде бар. Мысалы Израильде осылай жасалып жатыр. Біз де осы алгоритмге көшіп жатырмыз", – деген бас санитар бірінші санаттағы 7 мемлекеттен келген адамдар үшін 14 күн бойы қоғамдық көлікке шектеу қойылатынын ескертті.

"Бұл кезде оларға орналасқан мекенжайы бойынша медицина қызметкерлері күн сайын барып, денсаулығын біліп тұрады. Үйлерінде оқшауланған азаматтардан әуелі анкета алынады. Ең біріншіден, оларға жақсы желдетілетін бөлме бөлінуі керек. Үйге бөгде адамдарды шақыруға қабылдауға шектеу қойылады. Екіншіден, адам көп шоғырланатын жерлерге міндетті түрде бармау керек. Үшіншіден, қоғамдық көлікті пайдалануға шектеу қойып жатырмыз", – деді ол.

Жандарбек Бекшин екінші санаттағы қауіпті елдердің тізімінде әзірге үш ел бар екенін айтады.

"Ал екінші катергорияны алсақ, олар да 14 күн бойы үйінде өз бетімен оқшауланады. Бұл елдерден келген азаматтардан әуелі анкета алынады. Соның деректері бойынша аймақтық департаменттерге,  денсаулық сақтау басқармаларына жібереміз. Олар өздерінің медициналық мекемелерін бекітеді. Әрбір азамат осылай медициналық бақылауда болады. Егер жіті респираторлық инфекция белгілері анықталса, жедел жәрдем шақыруы керек. Мұны нақты білу керек. Екінші категорияда Сингапур, Тайланд, Малайзия елдері бар. Үшінші категорияда Вьетнам, Германия, АҚШ, Австралия, БАӘ, Канада бар. Осы елдерден келген азаматтар еркін жүріп, шаруаларын істейді. Бірақ олардың жағдайын 14 күн ішінде медициналық қызметкерлер телефон арқылы күнара біліп тұрады. Әзірге осындай өзгеріс бар. Аталмыш елдердің бірінде жағдай күрделеніп бара жатса, біз тағы арнайы шешім шығарамыз", – деді ведомство басшысы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу