Қазақстанға жұмыс орны тапшылығы төніп келеді

3051

Дамыған мемлекеттерде 1 шағын және орта бизнес нысаны 4,8, ал бізде – 2,6 жұмыс орнын ғана құрады. 

Қазақстанға  жұмыс орны тапшылығы төніп келеді

Кейінгі он жыл ішінде елде жұмыс күші жарты миллионнан астамға – 570,1 мың адамға артқан, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Нәтижесінде, бүгінде еңбекке жарамды қазақстандықтар саны 9,1 миллионға жетті. Үкімет олардың бәрін бірдей жұмыспен қамти алмай отыр. Салдарынан, отандық еңбек мигранттары өзге елдердің бас ауруына айналды. Бұған биылғы наурызда Ресейдің Мурманск облысындағы жаппай төбелес, Оңтүстік Кореяның, Германияның және өзге елдердің Қазақстаннан келетін заңсыз көші-қонмен күрес шараларын қабылдауы, виза беруді шектеуі дәлел.

"Еңбек нарығына қысым күшейеді"

Бұл проблема тау басынан құлаған жентек қардай жыл өткен сайын тек өсе беретінге ұқсайды. Осы салаға талдау жүргізген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көңілсіз қорытындыға келді. Мысалы, 2010 жылы республикада 2,6 миллион "өзін-өзі жұмыспен қамтушы" адам болыпты. Жалпы, сарапшылар да, Парламент депутаттары да бұл терминнің ақылға сыйымсыз, жасанды екеніне, оны шенеуніктер елдегі жұмыссыздықты жасыру үшін ойлап тапқанына назар аудартты.

Бұл ұғымнан бас тарту үшін ел басшылығы арнайы тапсырма жүктеген: Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтиды деген азаматтардың жағдайына талдау жүргізуі, соның нәтижесінде, кәсіппен айналысып, нәпақа тауып жүргендерді – "жеке кәсіпкер", ал екі қолға бір күрек таба алмай, бос сенделгендерін – "жұмыссыз" ретінде тіркеуге тиіс еді.

Содан бері он жыл өтті, не бітірді? Еңбек министрлігі 2025 жылға дейінгі Еңбек нарығын дамытудың жаңа тұжырымдамасында Қазақстанда қазір "өзін-өзі жұмыспен қамтушы" 2 миллион адам барын көрсетіп отыр. Яғни, он жыл ішінде 659,4 мың адамға ғана азайыпты. Яғни, Елбасы қойған тапсырма орындалмаған. Өз күнін өзі көруге мәжбүр адамдар сол бойы мемлекет тарапынан еш көмексіз қалуда. Аталған құжатта өзін-өзі жұмыс қамтушы тұрғындардың үлесі жөнінен қазақ елі Мексикамен қатар тұрғаны көрсетіліпті. Мақтанарлық дүние емес.

Оның үстіне елдегі демографиялық рекордтық өсім нәтижесінде жұмыссыздық проблемасы ары қарай өрши түспек.

"2025 жылға қарай еңбек нарығына қысым күшейеді деп күтілуде. Елдің еңбек нарығына жастардың келіп қосылу қарқыны артады және бұл көрсеткіш жыл сайын 256 мың адамға дейін жетеді. Бұған қоса, зейнеткерлік жасының жоғарылатылуына байланысты әйелдердің нарықтағы саны 415 мың адамға дейін ұлғаяды. 2025 жылға қарай жұмыс күші санының озыңқы өсуіне орай 221 мың жұмыс орнының тапшылығы туындайды деп болжануда", – деп түсіндірді еңбек министрлігі.

Бұл – оптимистік сценарий болса керек. Әйтпесе, Еңбек нарығын дамытудың жаңа тұжырымдамасында 2025 жылға қарай Қазақстанда 9 миллион 463 мың жұмыс қолы болатыны туралы болжамды дерек көрсетілген. Алайда 2025 жылы жұмыс күшіне деген сұраныс елімізде тек 8 миллион 797 мыңды ғана құрамақ. Ендеше алыс-жақын шетелге ағылатын қазақстандық еңбек мигранттарының саны көбейеді.

Триллиондарды елге таратып бергенде...

Билік халықты еңбекпен қамтудың қаптаған бағдарламаларына орасан зор көлемде қаражат шығындауда. Мысалы, осы саладағы алғашқы мембағдарлама – 2011–2012 жылдары жүзеге асырылған "Жұмыспен қамту" бағдарламасына 95 миллиард теңге жұмсалған. Содан кейінгі 2013–2016 жылдарды қамтыған "Жұмыспен қамту жол картасы-2020"-ға 360 миллиард теңге бағытталды (2,3 миллиард долларға тең). Артынша "Жұмыспен қамту жол картасы-2020" жаңа редакцияда қабылданды.

Ақыр соңында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған "Еңбек" мембағдарламасы өмірге жолдама алды. Оған 2019 жылы 295 миллиард теңге шығын етілді. Одан кейін "тәбет" күрт өсті. Жұмыссыздықпен күреске былтыр 1 триллион теңге бөлінді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы 20 мамырға дейін қоғамдық талқылауға жаңа бағдарламаны шығарып отыр: ол Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" ұлттық жобасы деп аталады. Қынжылтатыны сол, ведомство бұл ұлттық жобаға қанша қаражат шығындалатынын жасырып қалды.

Бұған қоса, Үкімет былтыр жастарды жаңа кәсіптерге оқытуға арналған "Жас маман" бағдарламасын іске қосты. Білім және ғылым министрі игеретін оның аясында 2020 жылы 60 миллиард теңге шығын етілген.

Осыдан "миллиардтаған доллар жұмсалған мұндай бағдарламалардың тиімділігі қандай? Қайтарымы қайда?" деген сауал туады. Еңбек ведомствосы әр бағдарлама бойынша Үкімет отырыстарында үнемі есеп береді. Алайда игерілген ақша және қамтылған адамдар саны бойынша құрғақ цифрды санамалаумен тынады.

Бірақ әлеуметтанушы Серік Бейсембаев "мембағдарламалар саласында қол жеткізілді деп мәлімделген барлық жетістіктер елдегі жұмыссыздықтың статистикалық деңгейінге еш көрініс таппайтынын" алға тартты.  

Сарапшылардың байламынша, егер осы жүздеген миллиард қаражатты жұмыссыз азаматтардың бизнес ашуына тегін грант түрінде таратса, оның қайтарымы әлдеқайда зор болатын еді. Қынжылтатыны сол, миллиардтардың кімдердің қалтасында шөгіп қалғаны, кімдерді байытқаны белгісіз. Жұмыссыздық проблемасы болса, министрлік мойындағандай, алда тек күшейе бермек.

Қалыптасқан жағдайға кәсіпкер кінәлі ме?

Проблеманың ушығуына шенеуніктер әдеттегідей кәсіпкерлерді кінәлайды. Себебі, "жеке секторда жұмыс орындарын құру қарқыны жеткіліксіз" болып отыр.

"Қазақстанда 1,2 млн адам немесе 13%-ы – ауыл шаруашылығында, 1,7 млн адам (20%) – өнеркәсіп пен құрылыста, 5,8 млн адам (67%) – қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Негізі, шағын және орта бизнес жұмыс орындарын құрудың басты көзі болуға тиіс еді. Бірақ 2020 жылы елдің жұмыспен қамтылуының жалпы құрылымындағы ШОБ үлесі 38% ғана болды (ЭЫДҰ-да – 50%). Қазақстанда 1 белсенді ШОБ субъектісі тек 2,6 жұмыс орнын құрады ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде 1 ШОБ нысаны 4,8 жұмыс орнын ашады", – деп хабарлады еңбек министрлігі.

Экономист, тәуелсіз сарапшы Данияр Молдақановтың пікірінше, әртүрлі отырыс-жиында билік өкілдері жариялап жүрген статистика мен макрокөрсеткіштер проблеманың пәрменді шешіліп жатқанын білдірмейді. Тіпті мембағдарламалар арқылы жұмысқа орналастырылған адамдардың өздері БЖЗҚ-ға жарна аудара бермейді екен. Яғни, қағаз жүзінде жұмыс тапқан.

"Мысалы, 200 мыңнан астам адам ешқандай еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеуде. 136 мыңдай адам әлеуметтік аударымдар, жарналар аудармайды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс берушілердің тапсырысын ара-тұра орындайтын қаншама мың еңбеккердің құқығы қорғалмаған, олар еңбек демалысын ала алмайды, сырқат парағы төленбейді. Соған қарамастан, бұл азаматтар мембағдарламалардан тыс қалады. Бұл адамдарға да көңіл бөлетін кез жетті. Олар мемлекеттің қолдауына зәру", – дейді сарапшы.

Министрліктің ресми дерегінше, жұмыссыздар саны пандемия жайлаған 2020 жылы керісінше, 49 мыңға дейін азайып, 449 мың адамды құрапты.

"Жұмыссыздық деңгейі 2020 жылы 4,9% болды. Министрлік нағыз сыйқыршы сияқты, бұл көрсеткішті қаншама жылдан бері ұлғайтпай, бір межеде ұстап тұр. Бүкіл дамыған елдер дағдарыс жағдайында жұмыссыздық проблемасы артқанын ашық жариялады, сонымен ашық күресуде. Ал бізде экономикалық есеңгіреулерге, экономика заңдылықтарына қарамастан, бұл көрсеткіш өзгермейді. Кәсіпкерлердің де жағдайы нашарлағаны ескерілмейді. Барлық жұмыспен қамту бағдарламаларына 2011 жылдан бері жалпы саны 2 миллионнан астам адам тартылыпты. Оның 857,6 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа тұрған. Бұл да жұмыссыздық деңгейіне әсер етпеді", – деді экономист.

Ол тағы бір мәселені көтерді. Ауылдықтар өз ісін ашуға қажетті кредитті негізінен кредит серіктестіктері арқылы алады. Бұл ұйымдар ел өңірлерінде қаптап ашылған.

"Мен осы кредиттік серіктестіктер туралы статистиканы таптым, сонда аңғарғаным, олардың көбі – 43,11%-ының рейтингі қанағаттанарлықтан төмен екен. 35,43%-ы банкрот алдында. Тек 21,46%-ы сенімді көрсеткіштерге ие. Бұл жерде кедергі бар: кредиттік серіктестік мүшесі болып, несие алу үшін мүшелік жарна төлеуіңіз керек. Жарнаның ең төменгі мөлшері 100 АЕК көлемінде. Ауылдықтар 291 мың теңгені қайдан алады?!", – дейді сарапшы.

Қалай болғанда, салада мәселе жетерлік және олар қордалануда. Ол жаңа бағдарлама қабылдай берумен шешілмейді. Салаға мәселенің тың шешімдерін ұсынып, іске асыра алатын білікті менеджерлер қажеттей.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу