Қазақстаннан Қытайға халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілетін ақша аударымдары күрт төмендеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DataHub Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Ақпан айында ел азаматтары халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы Қытайға 711,8 млн теңге жіберген. DataHubтың жазуынша, бұл – соңғы алты жылдағы ең төмен көрсеткіш. Инфляцияны есепке алғанда да, есепке алмаған жағдайда да көлем айтарлықтай қысқарған. Жылдық есепте аударымдар номиналды түрде 29%-ға, ал нақты мәнде 37%-ға азайған. Бұл туралы Ұлттық банктің деректерінде көрсетілген.
Жалпы алғанда, ақпан айы ақша аударымдары үшін маусымдық тұрғыда қолайсыз кезең болып саналады. Бұған маусымдық факторлар ғана емес, Қытайда Жаңа жылдың тойлануы да әсер етеді. Бұл мереке қаңтардың соңы мен ақпанның ортасына дейін жалғасып, шамамен 15 күнге созылады, ал алғашқы апта Қытайда ресми демалыс болып саналады. 2026 жылы мерекелік кезең 16 ақпаннан 3 наурызға дейін өткен.
"Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болғанымен, ақша аударымдары бойынша жетекші бағыттардың қатарына кірмейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдың үлесі жалпы аударымдардың 3%-ын құраған, ал ең ірі бағыт – Ресей, оның үлесі 31%. Ресейге аударымдар көлемі ақпанда 19,4 млрд теңгеге жеткен", – делінген хабарламада.
Сарапшылар Қытайға ақша аударымдары соңғы тоғыз жыл бойы біртіндеп төмендеп жатқанын айтады. 2017 жылдан бері оның аударымдар құрылымындағы үлесі шамамен үш есеге қысқарған.
Қазақстаннан шетелге ақша аударымдары "Золотая Корона", Western Union, MoneyGram, UPT арқылы жүзеге асырылады. Ақпан айында қаражаттың 82%-ы "Золотая Корона" арқылы жіберілген.