Қазақстаннан миллиардтар кетіп жатыр

1024

Таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіні көші-қон мен еңбек мигранттарына қатысты жоспарын жария етті.

Қазақстаннан миллиардтар кетіп жатыр Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Көші-қон дегенде ең алдымен қандастардың еске түсетіні анық. Үкімет қаулысымен Қазақстанға тұрақты тұруға келген адамдар енді халық өсімі төмен делінетін 7 өңірге қоныстанады.

Олар: Ақмола (Косшы қаласы, Аршалы және Целиноград аудандарын қоспағанда), Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облысы. Яғни, халық саны аз өңірлерге қандастарды жіберіп, сол арқылы демография мен әлеуметтік-экономикалық жағдай реттеу көзделген.

Бұл бастаманы құптауға болады, себебі Қазақстан өз алдына ел болғалы 1,7 млн-ға жуық қандас атажұртына оралды. Жыл сайын 15-20 мыңның арасында толығып отырады. Биыл алғашқы 2 айдың өзінде тағы 3,3 мыңнан астам азамат көшіп келгені мәлім.

Ведомство жария еткен құжатта біздің назар аударғанымыз басқа дүние болды. Әңгіме алыс-жақын шетелден келетін еңбек мигранттарына қатысты. Елімізде 2025 жылдың қорытындысында ресми заңды еңбек ететін мигранттар саны 15 мыңның төңірегінде болды. Құжатта 2026 жылға арналған квоталардың саны көрсетілген.

Министрлік 2026 жылдың басынан бері шетелдік жұмысшыларды тарту үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 5 мыңнан астам адамға рұқсат берген. Ал еңбек иммигранттарына шамамен 75 мың квота беріліп үлгерген екен. Бұдан бөлек, бірінші санатқа арналған – 23,6, үй шаруашылығында жұмыс істеу үшін 221,8 мың квота қаралған. Сонда жалпы шамамен 300 мыңның төңірегіндегі шетелдік елге келіп, нәпақасын табады деген сөз.

Негізі еңбек мигранттары экономика үшін қай кезде де керек, тіпті дамыған кәрі құрлық елдерінің өзі жыл сайын 500 мыңнан 1 млн-ға дейін квота бөліп жатады. Сондықтан бұны қалыпты нәрсе санауға болады.

Бірақ осы тұста екінші мәселе жол тосады, ол – заңсыз еңбек мигранттары. Еліміз шеше алмаған түйткілдің бірі – осы. Әзірге Қазақстанда қанша шетелдіктің жұмыс істеп жүргені жөнінде нақты деректер жоқ. Дегенмен жыл басынан Ішкі істер министрлігі жүргізген "Нелегал" секілді операцияларға қарап, аз емес екенін ұғамыз. Наурызда өткен рейдте 7 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзу фактісі анықталған, 2,7 мың шетелдік Қазақстанда рұқсатсыз жұмыс істегені үшін жауапқа тартылған, тағы 500-ден астам қазақстандық заңсыз шетелдік жұмыс күшін пайдаланғаны белгілі болыпты. Осының бәрі тек бір рейдте ғана анықталғаны.

Өйткені құрылыс, базар, таксист, ауыл шаруашылығы, жеткізу қызметі секілді салаларда олардың тым көп екені айтылады. Негізінен заңсыз жұмыс істеуге келетіндердің басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Қытай азаматтары.

Осы тұста бір дерек: 2024 жылы Халықаралық еңбек ұйымы 4 айдың ішінде Қазақстанға 200 мыңнан астам еңбек мигранты кіргенін жария етті. Оны былай шамаласақ болады, осы аралықта елге 4,2 миллион шетелдік келген, бірақ 4 миллионы ғана кері отанына қайтқан. Заңсыз қалғандардың көбі – Өзбекстан азаматтары.

Ел экономикасына кесірі тимей ме?

Мейлі, заңсыз жүргендер арзан еңбек күші ретінде пайдалы болуы мүмкін, бірақ олардан келер залал жоқ емес. Соның біріншісі – қылмыс. Осыған дейін ауыр қылмыстар да жасалғаны белгілі. Бас прокуратура 2026 жылдың алғашқы тоқсанында шетелдіктер 700-ден астам қылмыс жасағанын мәлім еткен. Бірақ оның қаншасы заңсыз мигранттарға қатысты болғаны туралы нақты деректер аз.

Екінші мәселе, қаржының шетелге кетуі. Олар елде жүріп заңсыз ақша табады, табысынан салық та төлемейді, ақыры табысын өз еліне алып кетеді. "Заңсыз еңбек мигранттары осынша ақшаны еліне аударды" делінетін нақты статистика жоқ, дегенмен қаражат көлемі аз емес екенін шамалай аламыз.

Мәселен, 2026 жылы алғашқы 3 айда 129,5 млрд теңге шет елдерге аударылған. 1-орында Ресей тұрса (58,5 млрд теңге), 2-орынды Өзбекстан алып (19,6 млрд теңге) тұр. Әрине, бұл қаржының арасында жеке аударымдар, бизнес төлемдер, заңды еңбек мигранттары мен компания қызметкерлерінің үлесі бар. Әйтсе де заңсыз еңбек мигранттарының осынша сомаға қатысы жоқ деп айта алмас едік. Оның үстіне көптеген сарапшылар Орталық Азиядан келген еңбек мигранттары табысының едәуір бөлігін Өзбекстанға аударатынын алға тартады.

Әйтсе де экономист, қаржы сарапшысы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, өзге елдермен салыстырғанда біздегі жағдай аса күрделі емес.

– Ұлттық банк шет елдерге аударылған ақшалардың есебін жүргізіп отырады. Оның ішінде "оплата труда" атты бөлім бар. Кейінгі жылда көрсеткіші 2 млрд доллар болған. Оны 12 айға бөлсек, 170 млн доллардың төңірегіне барады. Ал 2026 жылдың қаңтарында шетелге шыққан 37,9 млрд теңге болса, былтырғымен салыстырғанда 2 еседей азайғанын байқаймыз. Пандемия кезінде де көрсеткіш осылай азайған еді. Биылдан бастап төлем балансының көрсеткіштері қайта кеміп отыр. Яғни, елімізге келіп, жұмыс істеп, ақшаны шетке шығару да азайған, – дейді сарапшы.

Сапарбай Жобаев осы тұста бір салыстырма келтірді. Алдыңғы жылдарда шетелге аударылған 2 млрд доллардың 400 млн доллары Өзбекстанға аударылды дейік, бірақ қараңыз, Ресейден Өзбекстанға жыл сайын 14-15 млрд доллар ақша өткізіледі. Қазақстанның көрсеткішінен 40 есеге жуық көп.

Дегенмен экономист төлем балансы өте күрделі есеп екенін жеткізді. Себебі Өзбекстанға аударылған ақшаның басым бөлігін расымен заңсыз еңбек мигранттары өткізді ме, әлде осындағы отандасымыз сондағы туыстарына аударды ма, ажырату қиын. Оның үстіне, жылына шетелдерге аударылған 2 млрд долларды тым көп деуге келмейді.

– Сондықтан экономикаға кері әсері тимейді. Негізі Ресейдің экономикасына еңбек күші арқылы өзбекстандықтар өте көп үлес қосып жатыр. Жалпы ішкі өніміне де тиімді жақтары бар. Менің болжамымша, Қазақстанда бар болғаны 300 мыңдай өзбекстандық жұмыс істейді. Көрші Ресейдегі бірнеше миллион өзбекстандықтың қасында түк емес. Сол себепті бұдан мәселе көрмеймін, керісінше, өзімізде жетпейтін жұмыс күшін көрші ел азаматтары арқылы толтыруға болады, Көше сыпырушы, көлік жөндеуші, аспаз секілді мамандықтарды қарастыра аламыз. Тек бір мәселе, олардың заңды жұмыс істеп, елімізге салық төлеуін реттесе, жеткілікті, – деп түйіндеді экономист Сапарбай Жобаев.

Қорыта айтқанда, біз көші-қонға қатысты түйткілдерге аз-кем тоқталдық. Әзірге елімізге қандастардың көші тұрақты келуде. Еңбек мақсатымен келгендердің басым бөлігі бақылауда секілді. Тек құзырлылар қоғамдық қауіпсіздік пен еңбек мигранттарының заңдылығын қамтамасыз етсе болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу