Қазақстанның 192 елден қарыз алғаны анықталды

2341

Депутаттар азаматтарға жаңа несие алуға шектеу қойылып жатқаны сияқты енді мемлекеттің де сырттан қаптатып қарыз алудағы "тәбетін" тежегенін қалайды.

Қазақстанның 192 елден қарыз алғаны анықталды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Мәжіліс бүгінде елде екіұдай, кереғар үдеріс қатар жүріп жатқанына назар аудартады: бір жағынан, ішкі нарықта азаматтардың несиелік жүктемесін реттеу шаралары күшейтілсе, екінші жағынан мемлекеттік деңгейде халықаралық қаржы нарықтарынан қарыз қаражат тарту рекордтық көлемде күрт артқан екен.

Мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны Парламент қабырғасында қызу талқыға түсті. Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтың байламынша, мемлекет пен ұлттық компаниялардың жаңа қарыздарды барған сайын көп алуы қоғамның қаржылық мінез-құлқына кері әсер етуі мүмкін.

Алайда Қаржы министрі Мәди Такиев елдің қаржылық болашағына үлкен сеніммен қарайды және алаңдамауға шақырды. Ол сыртқы капиталды тарту барынша тиімді шарттармен жүзеге асып жатқанына және ел қазынасы бұл міндеттемелерді еш қиындықсыз өтеуге толық қауқарлы екеніне сендірді.

Депутаттар қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығы мен тәртібін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар кеңінен насихатталып, іске асырылып жатқанын қаперге салды. Олар енді осындай қаржылық тәртіпті Үкімет пен квазимемсектордан да талап ету керек деп есептейді. Бірақ бұған бас қаржыгер қарсы көрінеді.

"Қазіргі кезде елімізде банктердің, микроқаржы ұйымдарының алдына қарыз сұрап келген жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігі мен борыштық жүктемесіне қатаң баға бермей тұрып несиені мақұлдауына заң жүзінде шектеу қойылды. Өйткені бақылаусыз несиелендіру қаржылық тұрақсыздыққа әкелетіні белгілі. Сонымен бір мезгілде мемлекеттік деңгейде тартылып жатқан борыш қаражат жоғары күйде қалып тұр. Мәселен, 2025 жылы Үкіметтің қарызының өсімі 2024 жылмен салыстырғанда бірден 4,8 триллион теңгеге көбейген. Бұл ресурстардың үлкен бөлігі стратегиялық даму жобаларын қаржыландыруға емес, бұрын алынған берешекті қайта қаржыландыруға және ағымдағы шығындарды жабуға жұмсалып кеткен", – деді депутат Стамбеков.

Ресми мәліметтерге сүйене отырып, мәжілісмен 2025 жылы тартылған барлық займдардың жартысынан астамы, яғни, 8,2 триллион теңгенің 51 пайызы – ескі қарыздарды қайта қаржыландыруға шығындалғанын мәлім етті. Парламентшінің пікірінше, қаржылық тәртіп пен жауапкершілік талабы алдымен мемлекеттік деңгейде айқын көрініс табуға және елге үлгі болуға тиіс.

Өз кезегінде Қаржы министрі Мәди Такиев "мемлекеттік органдар қаржылық жауапкершілік бойынша өзгеге өнеге-ұлағат болуы шарт" деген байламмен келіседі. Бірақ халықтың шектен тыс кредиттелуі мен мемлекеттің стратегиялық қарыз алу саясатының табиғаты екі бөлек екеніне сендіріп бақты.

"Тәуелсіздіктің 35 жылы ішінде еліміз халықаралық еурооблигациялар нарығына тек 10 рет қана шықты, оның ішінде үшеуі – соңғы 2 жылдың еншісінде. Бұл қадамдар бұрынғы міндеттемелерді әлдеқайда төмен пайызбен қайта қаржыландыру мақсатында жасалды. Бұл – әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын стандартты қаржылық құрал", – деп мәлімдеді бас қаржыгер.

Министр халықаралық борыш нарығындағы Қаржы министрлігінің сәтті қадамының мысалы ретінде панда-облигацияларының шығарылымын атап өтті.

"Біз мемлекеттің несиелік портфелін әртараптандыру мақсатында алғаш рет Қытай нарығында құнды қағаздарымызды орналастырдық. Нәтижесінде, 500 миллион доллар сомасындағы панда-бондтарды өте тиімді – 1,9% мөлшерлемесімен тарттық. Бұл отандық квазимемлекеттік сектордың халықаралық нарыққа жолын ашатын сенімді бағдар (бенчмарк) іспетті болды", – деді бас қаржыгер Такиев.

Сонымен қатар, министр республиканың жиынтық мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 20% деңгейінде тұрақты сақталып тұрғанын, бұл заңмен белгіленген 32%-дық шекті межеден әлдеқайда төмен екенін жеткізді.

Сыртқы берешектің серпіні мен құрылымы

Ұлттық банктің соңғы статистикалық мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының жиынтық мемлекеттік қарызы 181 миллиард 737 миллион доллар деңгейінде қалыптасты.

Мемлекеттік борыштың жылдар бойынша өсу серпіні келесідей:

  • 2023 жылғы сәуірде – 162 млрд 814 млн доллар болды;
  • 2024 жылғы сәуірде – 163 млрд 953 млн доллар;
  • 2025 жылғы сәуірде – 170 млрд 38 млн долларға жетті.

Небәрі 1 жылдың ішінде мемлекеттік басқару органдарының міндеттемелері 12,5 миллиардтан 16,6 миллиард долларға дейін ұлғайыпты.

Дәл осы кезеңде Ұлттық банктің қарызы 2 миллиард 213 миллионнан 2 миллиард 382 миллион долларға, отандық екінші деңгейлі банктердің қарызы 14,5 миллиардтан 18,8 миллиард долларға, ал "басқа секторлардың" берешегі 48,2 миллиардтан 57 миллиард долларға дейін ұлғайды.

Сонымен қатар, фирмааралық берешек түріндегі тікелей инвестициялар көлемі 92 миллиард 518 миллионнан 87 миллиард 100 миллион долларға дейін төмендеген.

Қазақстан қай елдерден қарыз алды?

Ұлттық банктің ресми есебіне сәйкес, бүгінде Қазақстан әлемнің 192-ге дейінгі елінен қарыз қаржы тарта алыпты. Қазақстанға несие берушілердің жаһандық тізіміндегі көшбасшылар келесі:

  • Нидерланды – 42 млрд 188 млн;
  • Ұлыбритания – 19 млрд 773 млн;
  • Ресей – 16 млрд 632 млн;
  • Қытай – 12 млрд 874 млн;
  • Франция – 11 млрд 227 млн;
  • АҚШ – 11 млрд 79 млн;
  • Бермуд аралдары – 7 млрд 430 млн доллар.

Осы ірі қарыз берушілерге мына елдер ілесті: Біріккен Араб Әмірліктері (5 млрд 756 млн), Жапония (4 млрд 714 млн), Люксембург (3 млрд 708 млн), Виргин аралдары (2 млрд 463 млн), Германия (2 млрд 78 млн), Швейцария (1 млрд 863 млн), Кипр (1 млрд 167 млн), Оңтүстік Корея (1 млрд 360 млн), Сингапур (1 млрд 164 млн) және Түркия (1 млрд 146 млн) мемлекеттері орналасқан.

Қазақстан мейлінше аз қарыз елдер қатарында Сент-Винсент және Гренадина (23 млн), Түрікменстан (14 млн), Шри-Ланка (9 млн), Чили (6 млн), Пуэрто-Рико (5 млн), Черногория (2 млн), Жаңа Каледония (2 млн) және Филиппин (1 млн) бар.

Аталған халықаралық юрисдикциялар алдындағы міндеттемелердің негізгі иегерлері ретінде ҚР мемлекеттік органдары мен экономиканың өзге де құрылымдық секторлары танылды.

Бұдан бөлек, Қазақстанның ірі халықаралық қаржы институттары алдында 14 миллиард 523 миллион доллар көлеміндегі берешегі бар.

Қазақстан қарызды қандай пайыздық сыйақымен тартты?

Елдің 181,8 миллиард долларды құрайтын жалпы сыртқы қарызының ішкі құрылымына талдау жасау маңызды экономикалық жайттарды анықтады.

Қаржылық тұрақтылық пен төлемдердің нақтылығын қамтамасыз ететін "тұрақты (фиксацияланған) ставка" бойынша Қазақстан жалпы қарыздың 33%-ға жуығын, яғни 59 миллиард долларды алыпты.

Алайда қарыз портфелінің басым бөлігі – 92 миллиард доллары (немесе 51%-ы) – "өзгермелі (құбылмалы) ставкамен" ұсынылған займдарға тиесілі болып шықты. Бұл көрсеткіш жаһандық нарықтардың құбылмалылығы жағдайында болашақ экономикалық жоспарлау үшін ерекше назар аударуды талап етеді.

Сонымен қатар, жалпы қарыздың тағы 7,3 миллиард доллары бойынша Ұлттық банктің ресми тұжырымдамасында "сыйақының түрі мен мөлшерлемесі туралы ақпараттың жоқтығы" көрсетілген.

Ranking мониторинг агенттігі сарапшыларының мәліметінше, республиканың сыртқы берешегі соңғы 17 жылдық кезеңдегі ең үлкен өсу тенденциясын байқатуда.

Бұл ретте ұзақжылдық қаржылық серпінді нақты ұғыну үшін агенттік ҚР Ұлттық банкінің дерегіне сүйеніп, мемборыштың жалпы көлемі өткен жылдары қалай өзгергенін көрсетті:

  • 2015 жылы: -2,6% (керісінше, кеміген);
  • 2016 жылы: +6,9% өсті;
  • 2017 жылы: +2,4% артты;
  • 2018 жылы: -4,3% төмендеді;
  • 2019 жылы: -0,5% азайды;
  • 2020 жылы: +2,8% көбейді;
  • 2021 жылы: +0,1% ұлғайды;
  • 2022 жылы: -1,8% кеміді;
  • 2023 жылы: +1,6% артты;
  • 2024 жылы: +0,6% өсті;
  • 2025 жылы: +10,4%-ға күрт жоғарылапты.

Агенттік мамандарының тұжырымдауынша, өткен жылы елдің сыртқы қарызының көлемі айтарлықтай ұлғайып, өсімі 10,4 пайыздық рекордтық межеге жеткен. Бұл соңғы 17 жыл ішіндегі ең жоғары серпін болып табылады.

Салыстырмалы түрде алсақ, 2025 жылға дейінгі кезеңде елдің сыртқы қарызының динамикасы бірқалыпты сипат алып, белгілі бір кезеңдерде қысқару немесе шамалы ғана өсу үрдістерімен ерекшеленіп келген болатын.

Мұның бәрі депутаттардың алаңдаушылығының негізсіз еместігін аңғартқандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу