Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2028 жылға қарай 57 трлн теңгеден асады

Ұлттық экономика министрілігі еліміздің 2026-2028 жылдардағы даму болжамын жариялап отыр.  

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2028 жылға қарай 57 трлн теңгеден асады Фото: yandex.kz

Онда 2028 жылы Қазақстанның мемлекеттік борышы 57 триллион теңгеден асатыны айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– 2026-2028 жылдар аралығында әлеуметтік және инфрақұрылымдық шығыстарды қаржыландыру, сондай-ақ инфляциялық қысымды тежеу қажеттілігімен байланысты мемлекеттік борыштық міндеттемелердің біртіндеп өсуі болжанады. Сонымен қатар, бюджеттік реттеу және салық саясаты саласындағы реформалар қарыздың ұлғаю қарқынын бақылауға мүмкіндік береді, оның серпінін рұқсат етілген макроэкономикалық бағдарлар шегінде сақтайды, – делінген болжамда. 

Құжатта 2026-2028 жылдарға арналған үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы органдардың борышынан тұратын мемлекеттік борыш параметрлері қалай болатыны да болжанған: 

– 2026 жылы 46 трлн 477 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 25,3%;
– 2027 жылы 52 трлн 520 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 25,5%;
– 2028 жылы 57 трлн 515 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 25%.

Оның арасында Үкіметтік борыш – 2028 жылы 44 трлн 956 млрд теңге, жергілікті әкімдіктердің борышы – 12 трлн 559 млрд теңге, квазимемлекеттік сектор борышы 47 трлн 108 млрд теңге болатыны айтылған. 

Ал елдің жалпы ішкі өнімі 2025 жылы – 161 трлн 860,5 млрд теңге, 2026 жылы – 183 трлн 788,2 млрд теңге, 2027 жылы – 206 трлн 62,3 млрд теңге, 2028 жылы 229 трлн 797,7 млрд теңгеге жететіні болжанып отыр. Онда "Brent маркалы мұнайдың бағасы 2026-28 жылдары барреліне 60 доллар болады" деген есеп бар. 

Осыған дейін елдің мемлекеттік борышы 30,5 трлн теңгеден асқаны отандық БАҚ-та кеңінен жазылды. 

Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның мемлекеттік борышы былтыр 31,8 трлн теңге көлемінде болса, биыл 37,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу