Моноқалаларды дамыту бағдарламасының іске қосылғанына 15 жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде елімізде болған экономикалық және әлеуметтік оң өзгерістерге сай, мұндай елді мекендердің де бет-бейнесі түбегейлі өзгеріпті. Бастапқыда бұл тізімге еліміздің 12 облысындағы 27 қала енген болатын, содан бері олардың әрқайсысы өзіне тән даму жолынан өтті, деп жазды inbusiness.kz.
Осы жылдарда кейбір қалалар экономикасын табысты әртараптандырып, жаңа өндіріс орындарын ашты және сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Басқалары өтпелі кезеңнің объективті қиындықтарымен бетпе-бет келіп, дамудың жаңа тіректерін іздеуге көшті.
Уақыт өте келе бастапқы тізімнен Текелі, Қаратау, Жаңатас, Жезқазған, Саран (Сораң), Арқалық, Екібастұз және Серебрян қалалары шығарылды.
Бұл өзгеріс кейбір қалалар үшін табысты экономикалық жаңару мен өсудің заңды нәтижесі болса, енді бірі үшін бұрынғы өнеркәсіп базасын терең қайта құрылымдау кезеңіне айналып, қазіргі заманғы шынайы жағдайларға бейімделудің жаңа мүмкіндіктерін ашты. Осылайша, моноқалалар ұмыт қалған жоқ, бір орында да тұрып қалмады. Олардың дамуы жалғасуда, экономикалық моделдері өзгеруде. Жаңа әлеуетін ашып та жатыр. Олардың алдында жай ғана қала ретінде сақталып қалу емес, тұрақты өсу нүктелерін қалыптастыру арқылы сенімді де жарқын болашағын қамтамасыз ету міндеті тұр.
Қарағанды облысындағы Саран қаласы табысты трансформацияның жарқын көрінісіне айналды. Мұнда автокөлік шиналарын шығаратын өндірістің іске қосылуы қаланы моноқалалар санатынан сенімді түрде алып шықты. Оның қазіргі статусы – қалыпты қала.
Президенттің тікелей тапсырмасымен, Үкімет Саранның оң тәжірибесін өзге өңірлерге де ауқымды түрде таратуды жоспарлап отыр. Назар аударуға тұрарлық өзге жобалардың қатарында 2025 жылдың тамызынан бастап, осы қалада Samsung брендімен сұранысқа ие өнімдер шығара бастаған "Silk Road Electronics" тұрмыстық техника зауыты аталуда.
Тек өткен жазда ғана іске кіріскендіктен, жыл соңына дейін бұл кәсіпорын шамамен 10 мың теледидар мен 25 мың кіржуғыш машина өндіріпті. Толық жобалық қуатына шыққан кезде зауыт жылына 150 мың теледидар мен 200 мың кіржуғыш машина шығара алатыны хабарланды. Қазіргі кезде онда SmartThings экожүйесін, жасанды интеллект элементтерін және қашықтан басқару функциясын қолдайтын кір жуғыш машиналардың 17 түрі шығарылуда. Бұл – қазақ тіліндегі интерфейсі мен смарт-мүмкіндіктері бар Қазақстандағы тұңғыш осындай өнім көрінеді. Ал, телевизорлар желісі Crystal UHD 4K, FHD, HD және басқа да форматтардағы 21 Smart TV моделін қамтиды.
Тағы бір оң мысал – Премьер-министр орынбасарының–ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 10 наурыздағы №75 бұйрығымен моноқалалар тізімінен ресми түрде алынып тасталған Екібастұз қаласы. Ұлттық экономика министрлігі өнеркәсіптік өндіріс, инвестиция, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және экономиканың тұрақтылығы сияқты 78 негізгі көрсеткіш бойынша моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына бағалау жүргізді.
"Екібастұз тұрақты әртараптандыруды, барынша теңгерімді салалық құрылымды және жоғары инвестициялық белсенділікті паш етті. 2025 жылдың қорытындысында мұндағы өнеркәсіптік өндіріс 1 трлн 629,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 28,1%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 429,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,2 есе артық. Жұмыспен қамту бірнеше сектор арасында бөлінгендіктен, бұл бір ғана қала құраушы кәсіпорынға тәуелділікті айтарлықтай төмендетеді", – деп түсіндірді ведомстводағылар.
Моноқалалар демография "емтиханын" тапсыруда
Екібастұз шығарылғаннан кейін елде 19 моноқала ғана қалды: бұлар – Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаков, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногор, Теміртау, Шахтинск және Хромтау. Олардың халқы 9,8 мыңнан 175,7 мың адамға дейін жетеді.
Моноқала мәртебесі әрине, жалғыз өзі елді мекеннің бүкіл болашағын белгілемейді. Оның тағдыры бірінші кезекте тұрғындарының тұрақтауына байланысты. Бұл тұрғыда 2026 жылды 2012 жылмен салыстыру моношаһарлардың қайсысы алға озғанын байқатты:
- Абай қаласында халық саны 26,4 мыңнан 28,1 мыңға дейін (6,3%) өсті;
- Шахтинскте 56,4 мыңнан 56,7 мыңға (+0,7%) артты;
- Ақсай – 33,6 мыңнан 35,3 мыңға (+4,9%);
- Ақсу – 45,9 мыңнан 51,8 мыңға (+12,8%);
- Кентау – 61,9 мыңнан 73,8 мыңға (+19,4%),
- Құлсары – 53,7 мыңнан 64,4 мыңға (+19,8%);
- Хромтау – 24,7 мыңнан 30,4 мыңға (+22,8%) дейін көбейді.
Осылайша, бүгінде "даму әлеуеті орташа моноқалалар" тобына 11 елді мекен кіреді. Ал, келешегінен мол үміт күттіретін, әртараптандыру жолындағы ең перспективті санатқа 5 қала ғана жатады: бұлар – Теміртау, Рудный, Ақсу, Кентау және Степногор.
Жалпы, моноқалалар арасындағы "алпауыты" – Теміртау: ол 175,7 мың тұрғыны бар ең ірі моношаһар күйінде қалуда. Бұл бес қала, бағы жанса, ірі өнеркәсіптік орталықтарға жақындығы мен тұрақты экономикалық көрсеткіштерінің арқасында өркендеудің биік белестерін бағындыруға қауқарлы болса керек.
Жеке бір проблема – жұмыспен қамту саласы. Бастапқы бағдарлама жұмыссыздықтың жоғары деңгейін тіркеген болатын: 2009 жылы ел бойынша бұл көрсеткіш 7,2%-ды құраса, Кентау қаласында – 8,7%, Құлсарыда – 7,9% еді. Мақсат – бұл көрсеткішті 5,5%-ға дейін төмендету болған.
Экономика министрлігінің мәліметінше, бүгінде бұл міндет барлық 19 моноқалада орындалды. Бұл ретте Қазақстанда жалпы жұмыссыздық 2025 жылы 4,6%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, өткен жылы 19 моноқаланың тек 5-інде ғана жұмыссыздық республикалық орташа көрсеткіштен асып түсті: Шахтинскіде – 5,5%, Құлсары мен Ақсуда – 4,9%, Рудный мен Кентауда – 4,7%.
19 қаланың 16-сында соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш төмендеген. Тек Шахтинск, Ақсай және Құлсары қалаларында ғана өсім байқалды. Бүгінде Үкімет 2030 жылға дейін ауылдық жерлерде 5,7 мың және моноқалаларда 1,8 мың тұрақты жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.
Қалаларға сумен бірге сенім келді
Демографиялық көші-қон мен экономикалық қиындықтарды қалалық ортаның сапасынан ажыратып қарастыру мүмкін емес. Ең өткір мәселелердің бірі – таза суға қолжетімділік еді.
Моноқала тұрғындары үшін алты қырдың ар жағында жатқан өзендер мен көлдерден су тасу күнделікті азапқа айналған еді. Көктем мен күзде бұл жағдайды тасқын қиындатса, қыста су қоймалары қатып қалады, жазда таяз тартып, жағадан алыстап кетеді.
Сондықтан Үкімет орталықтандырылған сумен жабдықтауды шағын қалаларды өркендетудің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі етіп белгіледі.
Нәтиже жаман емес. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынған есепке сәйкес, өңірде 2025 жылы сумен жабдықтаудың 3 жобасына 1 млрд 128,5 млн теңге бөлініп, толық игерілді. Шемонаиханың 11 және 12 шағынаудандарында су желілері іске қосылды. Алтай мен Серебрян қалаларында жүйелерді жаңғырту жұмыстары 2026 жылы жалғасуда.
Қостанай облысы әкімдігінің есебінше, 2025 жылы алғаш рет 23 ауыл мен 15 754 тұрғын орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Тағы 6 ауылда 14 205 адам үшін сумен жабдықтау сапасы жақсартылды.
Сондай-ақ 2 731 тұрғыны бар 7 ауыл тазарту пункттерінен, 657 тұрғыны бар 7 ауыл тасымалданатын судан, 9 200 тұрғыны бар 56 ауыл ұңғымалардан, құдықтардан және әкелінетін судан сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Нәтижесінде, Қостанай облысындағы ауылдарды ауыз сумен қамту деңгейі 81,9%-дан 100%-ға дейін жетіпті: әкімдіктің сендіруінше, барлық 492 ауыл таза су ішеді. Халыққа шаққанда, тұрғындардың ауыз сумен жабдықталу үлесі 91,3%-дан 100%-ға дейін өсіпті: барлық 297,1 мың адамға кәусар қолжетімді көрінеді.
Облыстағы қалаларда бұл көрсеткіш 100%-ға жеткен. Өңірлік әкімдіктің хабарлауынша, халқы 524,4 мың адамды құрайтын барлық 9 қала орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жоспарланған 28 жобаның орнына бір жыл ішінде 34 жоба жүзеге асырылды. Тобыл, Лисаков, Арқалық және 12 ауданда жаңа желілер тартылды.
Көптеген моноқала бір ғана зауытқа тәуелді күнін артқа тастап, бүгінде жаңа экономикалық дәуірдің жарқын мүмкіндіктері мен даму жолына қадам басқандай. Қолжетімді инфрақұрылым, іске қосылған жаңа өндірістер мен заманауи жұмыс орындары өңірлерге екінші тыныс сыйлап, әрбір қаланың әлеуетін толық ашуға жол ашуда. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау мен жаңа бастамалар әрбір тұрғынның күнделікті тұрмысынан, жарқын болашағы мен тұрақты жұмыс орнынан тиісті көрінісін тауып, елді мекендердің өркендеуіне серпін беруде.