Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай болуға тиіс – Мемлекет басшысы

Президент қазір еліміз түбегейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтті.

Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай болуға тиіс – Мемлекет басшысы Фото: akorda.kz

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсыру кезінде сөз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы қоғамның барлық саласында ауқымды реформа жүзеге асырылғанына назар аударып өтті.

– Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, Озық, Күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы, халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Конституциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қорғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ұлтымыздың болашағына тікелей әсер ететін осындай іргелі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғырды.

– Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекетіміздің стратегиялық міндеті саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу