Қазақстанның бірнеше футбол клубы шала байып қалатын болды

UEFA еурокубоктардың негізгі кезеңдеріне қатыспайтын клубтарға берілетін ынтымақтастық төлемдерінің көлемін едәуір арттырып отыр.  

Қазақстанның бірнеше футбол клубы шала байып қалатын болды Фото: kff.kz

Демек, бұл бағдарлама аясында қазақстандық футбол клубтарына да қосымша қаржы қарастырылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

UEFA жаңа 3 жылдық циклде ынтымақтастық бағдарламасына әр маусым сайын 308 миллион еуро бөлуді құп көрді. Ал алдыңғы кезеңде бұл көрсеткіш 175-176 миллион еуро шамасында болған. Бұл сома нақты айтқанда 2025/26 маусымға арналған.

Жаза кеткен жөн, 308 млн еуро – UEFA-ға мүше барлық елдің талапқа сай клубтарына арналған жалпы жылдық сома.

UEFA-ның түсіндіруінше, ынтымақтастық төлемдерінің негізгі мақсаты – Еуропа футболындағы спорттық тепе-теңдікті сақтау және клубтардың ұйымдастырушылық деңгейін көтеруге көмектесу.

Бағдарлама арқылы UEFA ерлер арасындағы клубтық турнирлерден түсетін табыстың бір бөлігін тек еурокубоктарға қатысатын командаларға ғана емес, өзге клубтарға да бермек.

– Ынтымақтастық төлемдері спорттық тепе-теңдікті сақтауға және клубтардың жоғары ұйымдастырушылық стандарттарға қол жеткізуіне көмектеседі. Ерлер арасындағы клубтық жарыстарымыздан түсетін табыстың бір бөлігі бүкіл Еуропадағы клубтардың барынша көп бөлігіне пайда әкелетіндей етіп қайта бөлінеді, – делінген UEFA мәлімдемесінде.

2002 жылдан бері UEFA мүшесі саналатын Қазақстан да аталған ынтымақтастық бағдарламасына қатысып келеді. Қазақстандық клубтарға тиесілі қаражат Қазақстан футбол федерациясы арқылы бөлінеді.

Ескере кету керек, аталған қаржының мақсатты сипаты бар. Қаражат балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, клуб академияларының жұмысын жетілдіруге, инфрақұрылымды жақсартуға және жас футболшыларды даярлау орталықтарын дамытуға жұмсалуы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу