Қазақстанның "қара алтыннан" табатын пайдасы азайып жатыр

160

2025 жылдың алғашқы 6 айында еліміздің тауар экспорты былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 2,8 млрд долларға азайып, 36,8 млрд долларды құрады. 

Қазақстанның "қара алтыннан" табатын пайдасы азайып жатыр Фото: dknews.kz

Астық сатудың артқанын ғана айтпағанда, ел экономикасының тірегі саналатын шикізаттардың саудасы төмендеп кетті.

Тауар экспорты деп жалпылама атау бергенімізбен, Қазақстан көбіне сыртқа мұнай сататыны белгілі. Сондықтан "қара алтын" құны төмендесе, тауар экспорты да ақшалай мәнде азайып шыға келеді. Мысалы, биыл 6 айда мұнай сату 2,5 млрд долларға (19,5 млрд долларға дейін) кеміді, 11,4%-ға қысқарған. Жасырары жоқ, әлем нарығындағы жағдай мұнайшыларға қолайсыз болып тұр. Brent маркасының бағасы 14,6%-ға төмендесе, қазақ мұнайының экспорттық бағасы 9,7%-ға азайды.

Әсіресе, қаңтар мен наурыз айларында мұнай жеткізу 2,5 млн тоннаға төмен түсті. Азия бағытында үлкен шығынға ұшырадық, Қытайға импорттау 86,4%-ға, Сингапурға сату 75,8%-ға азайды. Оңтүстік Корея, Үндістан және Бруней Қазақстан мұнайын сатып алуды толығымен тоқтатты. Оңтүстік Корея, Қызыл теңізде хуситтердің кемелерге шабуылдауына байланысты импортты доғарды.

Кейін Қытай және Сингапур бағытындағы алшақтық азайды. Оңтүстік Корея, Үндістан және Брунейге шикізат жеткізу қайта жанданды. Қазақстан компаниялары алғаш рет Пәкістанға шикізат жөнелтті. Бұған қоса, бір жылдық үзілістен кейін Панамаға қайта оралды. Еуропа Одағы, яғни Қазақстан мұнайының шамамен 2/3-ін тұтынатын негізгі серіктес сатып алу көлемін 3%-ға арттырды. Соның арқасында ғана мұнай жеткізу көрсеткіші небәрі 1,9%-ға (35,4 млн тоннаға) қысқарған болып есептелді.

Бірақ экспорттың төмендеуі қазір артық қор жиналу қаупін тудырып тұр. Оның үстіне Теңіз кен орнында 2025 жылғы қаңтарда іске қосылған үшінші буын өндірісі жылына 12 млн тонна мұнай қосатынын ескеру керек. Қаңтар-маусым айларында мұнай өндіру 11,5%-ға өсті. Шілдеде Қазақстан Ресей мұнайынан бас тартқан Германияға экспортты арттыруды жоспарлады, ал тамызда "ҚазМұнайГаз" Хорватия арқылы Венгрияға алғашқы партияны жеткізді.

Әрине, бұл аталғандардың бәрі тек шикізаттың көлеміне байланысты. Тауар экспорты құн жағынан төмендеуіне баға әсер етіп отыр. Сәуірде басталған құнсыздану әлі жалғасып келеді. Мысалы, тамыздың ортасына қарай 2025 жылдың қазан айы үшін мұнайдың бір баррелінің фьючерсі 66-67 доллардан саудаланып жатыр. Баға осы деңгейде қалса, онда мұнайдан түсетін табыс былтырғыдан төмен болады.

Биыл республика бюджеті бір баррелді 75 доллар деп бекіткенін ескерген жөн. Ал доллар курсы 470 теңге деп бекітілген еді. Бірақ жағдайды көріп отырмыз, доллар әлдеқашан 500 теңгеден асып жығылды. Бұдан кейін Үкімет мұнай бағасын 60-55 долларға дейін төмендеген хәл үшін даму сценарийін шұғыл дайындап жатқанын мәлімдеп, жағдайды тұрақты етіп көрсетуге тырысты.

Ұлттық банк сәуірде мұнай бағасының төмендеуі мен теңгенің әлсіреуін АҚШ-тың салық саясатымен түсіндірді. Дегенмен мұнай бағасының тағдыры түгелдей АҚШ көшбасшысы Дональд Трампқа немесе саясаттағы түрлі шиеленіске қатысты емес. Әлемдік мұнай нарығындағы басты ойыншылар – Парсы шығанағындағы монархиялар, әсіресе Сауд Арабиясы рөл ойнауда. Олар қазір ОПЕК+ секілді бірлестік аясында тәртіп орнатып, барлық қатысушылардың белгіленген квоталарды сақтауына күш салып жатыр. Қазақстан да осы бірлестік аясында өндірісті айтарлықтай арттыра алмай отырғаны рас.

Ал бұның зардабы қандай болуы мүмкін. Қысқамерзімді перспективада бұл ең алдымен мемлекеттік бюджет кірісінің азаюына алып келеді. Себебі пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, экспорттық баж салығы және мұнай компанияларынан түсетін дивидендтер кемиді. Ал валюталық түсімнің қысқаруы теңгеге девальвациялық қысым түсіріп, саланың инвестициялық белсенділігіне де кері соғуы мүмкін. Бұның дәлелі ретінде өткен айларда теңгенің тоқтаусыз құнсызданғанын алға тарта аламыз.

– Мұнай бағасының төмендеуі ОПЕК+ ұйымының шешіміне байланысты. Әйтпесе болжамдарда айтылған 40 доллар деңгейіндегі баға ең алдымен АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіретін компанияларға ауыр соққы болар еді, өйткені АҚШ-та өндірілетін мұнайдың шамамен 70%-ы дәл осы тақтатас мұнайы.

Бағаның төмендеуі қысқамерзімді сипатқа ие, сәйкесінше, бұл Қазақстан үшін де қауіп барын білдіреді. Бюджет кірістері мен экспорт түсімінің негізгі көздері әлі де шикізат жеткізуге тәуелді, әсіресе Каспий құбыры арқылы. Бірақ бұл жағдай тек қауіп емес, сонымен қатар, стратегиялық бетбұрыс жасауға мүмкіндік, – дейді мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмайилов.

Осы тұста маман бағаның төмендеуі ел ішінде өңдеу саласын жедел дамытуға түрткі болуы керек екенін жеткізді. Қазақстан шикізатты – шикі мұнайды, пропан-бутанды немесе полиэтиленді экспорттай беруіне болмайды.

Біріншіден, әртүрлі мұнай сорттарын өңдей алатын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керек. Екіншіден, жоғары қосылған құны бар өнімдерге басымдық беру арқылы шағын тоннажды мұнай-химия өндірісін жолға қойған абзал. Пластик, қаптама, бұйымдар, құрылыс материалдары, машина жасау компоненттерін шығару мақсатында терең газ-химия өндірісін салу да бір бағыт. Бұның бәрі жұмыс орындарын ашып, қосымша салықтар түсіріп, қайта өңделген өнімнің экспортына жол ашады.

– Бағаның қысқамерзімді ауытқуы бюджет пен Ұлттық қор кірісіне әсер етеді. Бірақ Ұлттық қор дәл осындай сәттер үшін құрылған, яғни, тек жинақтауға емес, жағдайды реттеп отыру үшін керек. Алайда қор құрылымдық реформаларды қолдау үшін пайдаланылуға тиіс. Мысалы, импортты алмастыру, индустрияландыру, өңдеу, дайын өнім экспортын дамыту секілді салаларға. Бұл тұрғыда біз тек "қалай аман қаламыз" деген сценариймен шектелмей, "қалай пайда көреміз" деген сценарийге көшуіміз керек. Егер мемлекет пен бизнес реактивті емес, проактивті түрде әрекет етсе, бағаның төмендеуі жаңа салаларды іске қосатын бастамаға айналуы мүмкін, – деп топшылады Асқар Исмаилов.

Ел экономикасын шикізатқа ғана тәуелді етпей, әртараптандыру керегі осыған дейін талай айтылды. Шикізат экспортына иек арту жаһандағы аумалы-төкпелі жағдайларда экономиканы дамыта алмайтынын көрсетті. Ал енді елдегі өндіріс қарқынының жай-күйіне алдағы уақытта тоқталатын боламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу