Женевадағы Ұлттар сарайында 2026 жылғы шахматтан әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ашылу рәсімі аясында "Қазақстан" залында баспасөз конференциясы өтті. Оған Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан, ФИДЕ президенті Тимур Турлов, БҰҰ өкілдері және әлем чемпионаты үшін бақ сынайтын шахматшылар қатысты.
Әлем чемпионы атағы үшін қазіргі чемпион, үндістандық Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаров кездеседі.
Ержан Қазыхан өз сөзінде шахматтың халықаралық диалог пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, стратегиялық ойлау, ережелерді құрметтеу және ортақ шешім іздеу сияқты шахмат қағидаттары дипломатиямен де үндеседі.
Сондай-ақ ол Қазақстанда шахматтың дамып, жастар арасында бұл спорт түріне қызығушылық артып келе жатқанын айтты.
Салтанатты ашылу рәсімі Ұлттар сарайының Ассамблея залында дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен әлемдік шахмат қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өтті.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 2026 жылғы 22 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Женева маңындағы Мартин Бодмер қорында өтеді.