Қазақстанның мұнай өңдеу қуаты 2033 жылы 40 млн тоннаға дейін көбейеді

Энергетикалық секторды нығайту үшін Үкімет мұнай өңдеу қуатын ағымдағы 18,4 тоннадан ұлғайту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асырып жатыр.  

Қазақстанның мұнай өңдеу қуаты 2033 жылы 40 млн тоннаға дейін көбейеді Фото: canva

Бұл туралы энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жоспарлы түрде кеңейту 2030 жылға қарай дизель отынының тапшылығын жоюға мүмкіндік беретінін хабарлады. Ал 2033 жылы төртінші зауытты іске қосу авиакеросинге деген қажеттілікті толық өтейтінін және К5 стандартындағы жоғары сапалы мұнай өнімдерін экспортқа шығаруды қамтамасыз ететінін жария етті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2026-2033 жылдары елімізде қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа МӨЗ-дің техникалық-экономикалық негіздерін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу бойынша жұмыстарын жүзеге асыра отырып, қайта өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген. Кеңейту жобалары мұнай өнімдерінің тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді. 2033 жылы төртінші зауыт есебінен авиакеросин тапшылығы жойылып, көрші елдерге ЖЖМ экспорты басталады. Жұмыс істеп тұрған зауыттарда қайта өңдеу үлесі 94%-ға дейін өседі, ал отын сапасы К5 стандартына дейін артады, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Сонымен қатар, бүгінде Қашаған кен орнында газ өңдеу қуаттарын арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың соңында ГӨЗ-1-дің іске қосылуы жылына 2,5 млрд текше метр тауарлық газ өндіруді қамтамасыз етпек. Мұнай-газ химиясы секторында басты назар терең өңдеуге бағытталған: полиэтилен, бутадиен және карбамид шығару жөніндегі жобаларды жүзеге асыру шикізатпен салыстырғанда өнім құнын 20 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жылы Павлодар облысындағы алкилат өндіретін зауыттың құрылысы одан әрі қарқынды түрде жалғасады, бұл еліміздің ішкі қажеттіліктерін 100% қамтамасыз етеді деп болжанған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу