Қазақстанның мұнайы қашан сарқылады

4827

Жер қойнауын пайдаланушылар жаңа кеніштер іздеуге шығындалғысы келмейді. 

Қазақстанның мұнайы қашан сарқылады

Тәуелсіздік 30 жылында Қазақстан тек кен орындарын игеруге күш салып, барлау ісін кейінгі орынға ысырып отырды. Соның зардабын енді тартатын түріміз бар. Экология, геология және табиғи ресрурстар министрлігі дайындаған Геология саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған түжырымдамасын оқып отырып осындай ой түюге болады, – деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Кеніштер сарқылса, кенттер тұралайды

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекет жердің астындағы кенді іздемек түгіл үстіндегі халыққа жұмыс тауып бере алмай жатқан болатын. Ал сырттан келген инвесторлар кен қоры нақты дәлелденген, тәуекелі аз кеніштерді игеруге ғана келісті. Бұл кезде оларға қосымша көздерді барлау туралы айтудың өзі орынсыз сияқты көрінді. Осылайша Қаныш Сәтбаевтар негізін салып кеткен кен барлау ісіндегі жүйелі жұмыс үзіліп, бейберекет жағдай қалыптасқан болатын. Сол бассыздық мұнай бағасы шарықтап, елдің жалпы ішкі өнімі қарыштап тұрған кезде де ұмыт қалды. Есесіне Қысқы Азиада мен ЭКСПО көрмесі сияқты шараларға шығындалдық. Халықаралық көрме идея авторлары уәде еткендей жеміс беріп, экономикамыз әртараптанып жатса қанеки?! Министрліктің кен қоры сарқылып бара жатқаны туралы дабыл қағып жатуы Қазақстанның әлі де қазба байлықтарға арқа сүйеп өмір сүруге мәжбүр екенін көрсетеді.

Ведомство сарапшылары қазір геология саласында бірнеше өзекті проблема қалыптасқанын айтып отыр. Олар:

-         жер қойнауын мемлекет тарапынан геологиялық зерттеудің төмен болуы;

-         беткі қабаттардағы оңай алынатын кен қорының сарқылуы;

-         геология ғылымының әлсіздігі;

-         геологиялық инфрақұрылымның (сертификатталған зертханалардың, керн қоймаларының болмауы);

-         қала құраушы кәсіпорындардың кенішке кіріптарлығы;

-         геологиялық барлауда автоматтандыру мен цифрландырудың әлсіз деңгейі.

"Соңғы онжылдықта Шығыс Қазақстанда моноқалаларға жақын орналасқан Шемонаиха, Юбилейный-Снегирихинка, Зырянов сияқты қорғасын мен мырыштың ірі кен орындары қарқынды игерілді. 2025-2040 жылдарға қарай Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольный кеніштері толығымен сарқылуы керек", дейді тұжырымдама авторлары.    

Мұнай мәңгілік емес

Олардың болжамына сенсек, мұнай өндірісі де 2030 жылдан кейін құлдырай бастайды.

"2030 жылға дейін мұнай өндіру Теңізшевройл кәсіпорнын кеңейту және Қашағанда мұнай өндіруді одан әрі ұлғайту жобасының арқасында өсетін болады. Содан кейін орташа төмендеу басталады",– деп жазылған құжатта.

Әлеуеті бұл екеуінен төмен саналатын Өзен, Құмкөл, Жаңажол және т.б. кен орындарында да өндіріс көлемі жыл санап азайып келеді. Мысалы, Қызылорда облысында мұнай өндірісі жыл сайын 1 млн тоннаға азайып отыр. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында да өндіріс төмендейтін сәт жақындап келеді. Бұл кеніштердің сарқылуы өңірлерде жұмыссыздық туғызуы да мүмкін.

Қазақстан аумағында әлеуеті назар аударуға тұратын 15 шөгінді бассейн бар көрінеді. Ондағы мұнай мен газдың қоры әртүрлі деңгейде зерттелген. Нақтырақ айтсақ, бесеуі толық зерттелсе, бесеуі – аз және тағы бесеуі өте аз зерттелген.

Өзе салалардағыдай емес, мұнай мен газдан табыс тауып отырған жер қойнауын пайдаланушылар барлау жұмыстарына да көңіл бөлуге мүделлілік танытып отыр.

 Көріп отырғандарыңыздай, инвестицияның 80%-ға жуығы мұнай-газ секторына тиесілі.

Жалпы 2017-2019 жылдары жер қойнауын пайдаланушылардың күшімен  алғаш рет 88 кен орны мемлекеттік теңгерімге қойылды. Оның ішінде: 10 алтын, 1 мыс, 3 темір кеніші, 1  вольфрам, 1– марганец, 1 хром, 1 нефритоид, 1көмір метаны, 2 көмір, 13 түсті металл кеніші және 16 көмірсутек шикізатының кеніші анықталған.

Жыл сайын жасалатын пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансына қарасақ,  пайдалы қазба қорларының өсу және құлдырау қарқыны мынадай:

Алтын- 237,2 тонна (10,3%), күміс-310 тонна (0,6%), мыс-1,0 млн тонна  (2,5%), қорғасын – 167 мың т (1%), мырыш-95 мың тонна (0,3%), никель-48 мың тонна (2,3%), кобальт-1,8 мың тонна (0,8%), марганец кені – 325,8 мың тонна (0,04%) – темір кендері-21,47 млн тонна (0,1%), уран-106,3 мың тонна (10,8%), вольфрам-89,9 мың тонна (0,003%) – висмут-5,7 мың тонна(1,9%), кадмий – 203 тонна (0,2%), көмір – 194,6 млн тонна (0,5%), мұнай – (-283 млн тонна (2%); газ – (-91,8 млрд м3 (1,8%); конденсат – 10,4 млн тонна (1,5%).

Әсіресе, күміс, мырыш, марганец, вольфрам, кадмия, көмір қорының өсімі 0 пайызға жақындап келеді. Мұнай қорының балансы тіптен мәз емес – 283 млн тоннаға кеміген. Ал газ қоры 91,8 млрд текше метрге азайған. Тек алтын мен уранның қоры ғана 10 пайыздық өсімнен түспей келеді.

Жер асты суларының жағдайы да геологиялық зерттеулер арқылы реттеліп отырады. Бүгінде республика бойынша 2218 иесіз ұңғыманы жабу қажеттігі туындап отырған көрінеді. Өйткені ондағы су тектен-текке ысырап болып жатыр. Ақмола облысында – 50, Ақтөбе облысында – 278, Алматы облысында – 100, Атырау облысында – 180, Шығыс Қазақстан облысында-85, Жамбыл облысында – 193, Маңғыстау облысында – 299, Қарағанды облысында – 100, Қостанай облысында – 15, Қызылорда облысында – 411, Павлодар облысында – 100, Солтүстік Қазақстан облысында – 46, Түркістан қаласында-361 осындай ұңғыма бар.

АҚШ өз кеніштерін енді зерттеп жатыр

Мұнай мен газдан басқа қазбаларды барлау ісіне инвесторлардың құлықсыз екенін жоғарыда айттық. Министрлік бұл істе мемлекет белсенді болу керек деген ұстанымды қолдап отырған сыңайлы.

"Минералдық ресурстарды молықтыру процесіне мемлекеттік қатысу пайдалы қазбаларға ие әлемнің көптеген елдерінде бар. Нарықтық жағдайлар мен қолайлы инвестициялық ахуал қолданбалы ғылымның дамуына, жаңа компаниялардың көптеп келуіне және қол қойылған лицензиялар мен геологиялық барлауға арналған келісімшарттардың көлемін ұлғайтуға ықпал етеді",– дейді сарапшылар.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігін осы салаға да пайдалануды ұсынып отыр.

Мысалы, АҚШ геологиялық қызметі минералды және көмірсутекті ресурстарды бағалау үшін мемлекеттік бюджеттен 2018 жылы - 93,5 млн доллар, 2019 жылы - 84,1 млн доллар,  2020 жылы - 86,1 млн доллар жұмсаған.

Ал бұл мақсатқа Қазақстанда 2018 жылы 20,3 млн доллар, 2019 жылы 15,7 млн доллар, 2020 жылы 17 млн доллар бөлген. Яғни, экономикасы барынша әртарапты АҚШтың өзі шикізат экспортына ғана арқа сүйеп отырған Қазақстанға қарағанда 10 есе көп қаражат жұмсап отыр.

Ресей бұл іске 2019 жылы 358 млн доллар бөлген. Жалпы Ресейде геологиялық барлау жұмыстарының бағыты 3-5 жыл бұрын ғылыми тұрғыдан негізделіп, соның арқасында 200-ден астам орта және ірі пайдалы қазбалардың кен орындары белгілі болды.

Ал бізде үміт күтіп отырған 15 кеніштің 10-ында қанша қор жатқаны әлі белгісіз.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу