Қазақстанның Ресей алдындағы қарызы қайта көбейді

6135

Неге елдің Ресей алдындағы қарызы күрт өсті? Өзіне борышты болған барлық елге "рақымды" Ресей неге Қазақстанның қарызын кешірмейді? 

Қазақстанның Ресей алдындағы қарызы қайта көбейді Фото: inbusiness.kz

Жалпы алғанда республикамыздың өзге елдерге қарызы азайды. Алайда Ресей мен Қытайға берешегінің елеулі артуы алаңдатады. Таяуда бұл мәселені Мәжіліс депутаттары мен Үкімет мүшелері талқыға салған болатын.

Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 164,2 млрд долларға жуық. Бұл 2021 жылғыдан 2,5 млрд долларға немесе 1,5%-ға аз, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан "дәстүр" бойынша сыртқы қарыздың ең көп көлемі Нидерландыға тиесілі (41,4 млрд доллар). Бір жыл ішінде ол 7,4%-ға кеміді, 2021 жылы 44,7 млрд доллар болған. Бұл ел соңғы 20 жылдан бері Қазақстанның №1 инвесторы. Былтырғы жыл қорытындысында да осы тұғырын сақтады. Бірақ мұның бір себебі – оффшорда болса керек. Нидерланды классикалық үлгідегі оффшор емес, дегенмен ол – әлемде іскерлік биік бедел-репутациясы болатын, бірақ ресми салықтарды төлемейтін астыртын фирмалар тіркелетін жалғыз ел. Өзге оффшорларда тіркелген ұйымдарға құзырлы органдар сезікпен қарайды.

Алайда үлкен күдік тудырғаны сол, Қазақстанға көп қарыз берген елдердің тізімінде екінші орынға Ресей шықты. Қазақ елінің РФ-ге қарызы бір жылда бірден 88,6%-ға ұлғайып, былтырғы 9,2 миллиардтан биыл 18,3 миллиард долларға жетті.

Әрі қарай Ұлыбритания орналасқан: оның алдындағы борышымыз 16,9 млрд доллар немесе былтырғыдан (23,2 млрд) 27,4%-ға азайды. Ал АҚШ-қа қарызымыз – 12,5 млрд доллар (2021 жылы 13,6 млрд болған), бір жылда 8%-ға төмендеді.

Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдар алдындағы республиканың берешегі 7%-ға өсіп, 12,2 млрд долларға жетті (2021 жылы 11,4 млрд доллар болған). Ал Қытайға Қазақстанның қарызы 2%-ға көбейіп, 9,9 млрд долларды құрады (өткен жылы 9,7 млрд). Сондай-ақ Қазақстан Вьетнамға, Кенияға, Ливияға, Пәкістанға және Ауғанстанға қарыз.

Өз кезегінде Ұлттық банк қазақ елінің Ресей алдындағы қарызының неге қарқынды өсіп жатқанына түсініктеме берді.

"Ресейлік резиденттер алдындағы қарыз міндеттемелерінің негізгі өсуі мемлекеттік басқару органдарының үлесіне келді. Бір жыл ішінде 0,7 миллиард долларға немесе 77,3%-ға артты. Қазақстандық банктердің РФ-қа қарызы 0,9 млрд долларға ұлғайды. Басқа секторлардың көрші елге қарызы бір жылда 2,1 миллиард долларға өскен. Бұған 2022 жылдың II тоқсанында Ресей рублінің нығаюына байланысты заемдардың, банктік кредиттердің қайта бағаланып, арттырылуы ықпал етті. Қарыздар сондай-ақ Үкіметтің құнды қағаздарының берешектері, сауда кредиттері және басқа секторларға берілген аванс қаражаттар бойынша артып отыр", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Қорыта айтқанда, Ұлттық банктің түсіндіруінше, Ресей алдындағы мемлекеттік сыртқы қарыздың өсуіне рубльдің теңге мен долларға қатысты күрт нығаюы себепкер болды. Салдарынан, РФ ұсынатын қаржылық құралдардың, несиенің құны өскен. Өйткені солтүстік көрші барлық салада, соның ішінде өзара сауда-саттықта тек өз валютасын тықпалайды. Оның үстіне санкция аясында оның долларды, еуроны, фунтты, иенаны есеп айырысуда пайдалануына тыйым салынған.

Рубльдің қымбаттауы Қазақстан шығарған құнды қағаздарды құнсыздандырыпты. 

Ұлттық банк ақпаратынша, осының кесірінен Қазақстанның Қаржы министрлігі шығарып, Мәскеу қор биржасында орналастырған облигациялар арзандап кеткен.

Биылғы 29 маусымда РФ валютасының құны 9,1 теңгеге дейін шарықтаған болатын. Қазір де онша арзандамай тұр (2 қазанда 1 рубль 8,36 теңге тұрды).

Жалпы Ресей өзімен достастығын сақтау үшін дүркін-дүркін өзге елдердің қарызын кешіріп тұрады. Мысалы, Мәскеу 2013 жылы Қырғызстанның өзіне деген берешегін нөлге теңестіріп, оның 500 миллион доллар мемлекеттік борышын жоя салды. 2018 жылы тағы 240 млн долларын өтемеуге рұқсат етті. Мұны Кремль "одақтас республиканың дамуына көмегіміз" деп ұсынды. Беларусь те 3 миллиардтан астам қарызын қайтармайды. Ресей 1991–2019 жылдар аралығында Африка елдерінің жалпы сомасы 20 млрд доллар берешегін есептен шығара салған. Бұдан басқа Моңғолия, Куба, Солтүстік Корея, Ауғанстан, Ирак, Ливия, Сирия, Лаос және тағы да басқа елдердің қарызын кешті.

2014 жылы РФ Өзбекстанның 865 млн доллар қарызын жойды. Бірақ РФ ратификациялаған келісім талабы бойынша Ташкент қалған 25 миллион доллар қарызын Ресейге бір төлем траншымен аударуға тиіс болды. Егер ақша белгіленген мерзімде түспесе, ол берешек уақыты өтіп кеткен деп саналады да, оған LIBOR (Лондон банкаралық нарығының) ағымдағы ставкасы мөлшерінде пайыздар есептеле бастайды. Алайда бірқатар деректер бойынша негізгі қарызы "сөндірілген" соң Өзбекстан қалған соманы төлеуден бас тартқан. Кеңес кезінде оны алған кәсіпорындардың жабылғанын немесе меншік формасын өзгерткенін, яғни жекешелендірілгенін сылтау еткен.

Ендеше Қазақстанға неге төлеуден бас тартпасқа? Неге Мәскеу ең жақын одақтасы саналатын Қазақстанның қарызын кешіре салмайды? Әйтпесе, 18 миллиард доллар тым ауыр жүк, бұл Қазақстанның республикалық бюджетінің бір жылдық табысына жетеқабыл. Алайда сарапшылар мұны құптамайды.

"Біріншіден, Ресей қарызын қайтара алмайтын елдерге кешіреді. Ресей өзіне берешегін есептен шығарған елдердің тізіміне үңілсеңіз, олардың бәрі кедей елдер екенін көруге болады. Олардан қарызды өндірудің бәрібір мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, Мәскеу қарызды жай кешірмейді, оның орнына саяси жеңілдіктер, артықшылықтар талап етеді, өз ұстанымын тықпалайды. Мысалы, Қырғызстанның борышы Бішкек Манастағы америкалық әскери базаны жапқан соң кешірілді. Өзбекстан да АҚШ-пен әскери саладағы біраз байланысын үзуге мәжбүрленді, 2005 жылы Ханабадта АҚШ әскери-әуе базасын жапты. Әйтпесе, бұл ел ТМД-дағы НАТО қарумен қаруланған алғашқы ел болатын еді", – деді экономист Марат Ерғозин.

Үшіншіден, оның байламынша, егер Қазақстан Ресейден өз қарызын кешіруге қол жеткізе алса, бұл инвесторларды тіксінтеді. Батыстық серіктестер қазақ елі өз міндеттемелерін орындауға қауқары жетпейтін халге жеткен шығар деп қауіптенеді. Онсыз да посткеңестік кеңістікте геосаяси ахуалдың ушығуы салдарынан осы аймақтан инвесторлар қашып жатыр. Ал мына қадам жағдайды тіптен нашарлатуы мүмкін.

Төртіншіден, РФ алдындағы қарыздың жартысынан көбі – компанияаралық, банкаралық қарыздар. Яғни оларға негізінен мемлекеттік кепілдік берілмеген. Бұл ұйымдар РФ алдындағы өз берешегін өтей алмаса, банкрот қыла салуға болады.

Сарапшының байламынша, Қазақстан сыртқы қарызын төлеуде қиналмауға тиіс. Мұнайдың, шикізаттық тауарлардың жаһандық бағасы шығандап тұр. Сауда балансы профицитті. Ұлттық қор толығуда. Сол себепті, Қазақстанның сыртқы қарызын өзге елдің өтемсіз есептен шығаруы – әзірге өзекті мәселе емес.

Дегенмен сыртқы қарыздың тым көп болуы Парламент депутаттарын да мазалап отыр.

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының деректеріне сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімге шаққандағы мемлекеттік борышы 2023 жылы шамамен 23,7 пайызға жетпек. Одан әрі ол жыл сайын тек өсіп, 2027 жылға дейін 25 пайызға жетеді деп күтілуде.

Есеп комитетінің бағалауынша, Үкімет борышының ұлғаю себебі "қарызды тиімсіз жоспарлап алу, оның қаражаттарын тиімсіз игеру, одан келетін қауіпті жеткілікті пысықтамау және ел экономикасына сыртқы және ішкі қарыз құралдарының әсер етуі" болып отыр.

"Борышқа қызмет көрсету шығыстары 2023 жылы бюджет шығыстарының 8,4 пайызынан астамын құрайды. Алдағы жылдың бюджетінде осы мақсаттарға 1,8 триллион теңге шығындау жоспарлануда, ал 2025 жылға қарай заемдарды өтеу шығыстары бюджет шығыстарының 9,6 пайызын немесе 2,2 триллион теңгені құрайды. Ал қазір экономикада күрделі жағдай қалыптасып жатыр. Осыдан мемлекеттік борыштың ұлғайюының қауіптілігіне қатысты мәселе туындады. Мемлекет басшысы атап өткендей, қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес қой. Осыған байланысты Үкімет мемлекеттік борыштың өсуін және оған қызмет көрсету шығындарын тежеу үшін шаралар қабылдауға тиіс", – деді депутат.

Әйтсе де, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов "әзірге мемлекеттік борыш пен шығыстар қауіпсіз деңгейде" деп табандап отыр.

"Борыштардың өсуіне республикалық бюджеттің тапшылығын жабу үшін қарыздардың тартылуы себеп. Бұл ретте борыштарды және оған қызмет көрсету шығыстарын азайту үшін мемлекет кешенді шаралар қабылдауда. Атап айтқандай, жалпы ішкі өнімге шаққандағы тапшылық 3,3% болса, 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 2,5%-ға дейін азайту жоспарланған. Яғни жаңа қарыздар алу азайтылады. Ол үшін төл табыс көздерімізді ұлғайту жұмыстары қолға алынды", – деді вице-министр.

Ол атаған шаралар қатарында, біріншіден, салық заңнамасын сапалы жетілдіру, екіншіден, салық және кедендік әкімшіліктендіруді цифрландыру, үшіншіден, шекарадағы өткізу пункттеріне техникалық модернизация өткізу, тағы басқа шаралар бар. Шетелден емес, ішкі нарықтан қарыз алу және заемды шетелдік валютада емес, теңгемен алу қарастырылған.

Е.Біржановтың мәліметінше, Үкімет Қаржы министрлігінің құнды қағаздарын, облигацияларын халықаралық индекстерге қосуды қарастыруда. Сонда олардың құны артады. Қосымша халықаралық депозитарийлерді тарта алады. Соның нәтижесінде бюджет тапшылығы азаяды деп болжап отыр.

Әрі Ресейге тәуелділіктен құтылуға, Батыспен тығызырақ интеграциялануға мүмкіндік артады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу