Қазақстанның республикалық бюджет кірісі 1,4 трлн теңгеге артты

335

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының аналитикалық орталығы биылғы 9 айдағы фискалдық жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын хабарлады.   

Қазақстанның республикалық бюджет кірісі 1,4 трлн теңгеге артты Фото: ratel.kz

Мұндай нәтижеге экономикалық белсенділіктің жеделдеуі, салық базасының кеңеюі және ішкі тұтынудың тұрақты өсуі ықпал еткен, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Алайда сарапшылар өсімді тек іргелі факторлармен емес, сонымен бірге экономиканың құрылымдық тәуелділіктерімен де байланыстырады.

Салық түсімдері және олардың динамикасы
Жалпы салық түсімдері екі таңбалы өсім көрсетіп, 19,1 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5 пайызға көп.
Республикалық бюджетке түскен кіріс 1,8 трлн теңгеге артты. Оның басым бөлігі қосылған құн салығы (+727 млрд тг), корпоративтік табыс салығы (+713 млрд тг), мұнай өндірісінің 13,2 пайызға өсуі және кедендік баждардың артуы (+206 млрд тг) есебінен қамтамасыз етілді.

Жергілікті бюджеттердің кірісі 915 млрд теңгеге ұлғайды. Негізгі өсім жеке табыс салығы (+312 млрд тг), әлеуметтік салық (+204 млрд тг) және акциздер (+143 млрд тг) есебінен қалыптасты.

Бұл кезеңде жалақы деңгейі 11,3 пайызға өсті, жұмыспен қамтылғандар саны 103 мың адамға көбейді. Сонымен бірге әлеуметтік салық мөлшерлемесінің 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 11 пайызға дейін артуы және шағын, орта бизнес субъектілерінің көбеюі де салық базасын кеңейтті.

Ұлттық қорға түсімдер азайды
Ұлттық қорға түсетін түсімдер 5 пайызға төмендеп, 153 млрд теңгеге кеміді. Бұған мұнай бағасының төмендеуі себеп болды. Соған қарамастан республикалық және жергілікті бюджеттердегі жоғары салық түсімдері жылдық жоспардың 68 пайызға орындалуына мүмкіндік берді (былтыр – 61%).

Бюджет шығыстары және тапшылық
Республикалық бюджет шығыстары 7,6 пайызға өсіп, 1,3 трлн теңгеге артты. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдер, трансферттер және қарыздарды өтеуге бағытталған.
Жергілікті бюджет шығыстары 1,6 трлн теңгеге немесе 15,7 пайызға көбейді. Ең көп қаржы білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қаржы активтерін сатып алуға жұмсалды.

Шығыстардың кірістерден жоғары болуы бюджет тапшылығын ұлғайтты. Нәтижесінде тапшылықты жабу үшін 6,5 трлн теңге көлемінде жаңа қарыз тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге көп.

Ұлттық қор қаражаты және тәуекелдер
Тоғыз айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке 4,2 трлн теңге трансферт бөлінді – бұл жылдық жоспардың 80 пайызы. Желтоқсанда шамамен 700 млн доллар алынбай қалуы мүмкін.
Ұлттық қор активтері 6,6 пайызға өсіп, 62,7 млрд долларға жетті. Бұл өсім салық түсімдерінің емес, жаһандық қаржы нарықтарындағы табыстың артуының нәтижесі. Сарапшылар мұны қордың сыртқы нарықтық конъюнктураға тәуелді екенін көрсететін белгі деп бағалайды.

Фискалдық саясаттың болашағы
Сарапшылардың пікірінше, республикалық бюджеттегі негізгі салық түрлерінің ұлғаюы ішкі тұтынудың жандануын, экономикалық белсенділіктің артуын және мұнай өндірісінің көбейгенін көрсетеді. Алайда ҚҚС-тың (жалпы салықтың 43%) және шикізат секторынан түсетін кірістің (21%) жоғары үлесі орталық бюджеттің экспорттық және ішкі сұраныс өзгерістеріне тәуелді екенін білдіреді.

Жергілікті бюджет кірістері өсудің неғұрлым тұрақты бағытын көрсетеді. Бұл жұмыспен қамтудың кеңеюі, нақты жалақының өсуі, салық мөлшерлемелерінің артуы және шағын, орта бизнестің фискалдық базасының ұлғаюымен байланысты. Жергілікті деңгейде салық жинау жоспарының 79 пайызға орындалуы да өңірлердегі фискалдық тұрақтылықтың күшейгенін көрсетеді.

2026 жылы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер 5,3 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін қысқарады. Сарапшылар бұл шешімді фискалдық саясаттың құрылымдық өзгерісі деп бағалап отыр. Яғни бюджет кірістерін дербестендіру, Ұлттық қорға тәуелділікті азайту және мұнайға қатысы жоқ кірістерді ұлғайту қажет болады.

Сонымен бірге шектеулі мемлекеттік ресурстарды басым салаларға және әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға тиімді бағыттау талабы артады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу