Қазақстанның жаһандық рейтингте өрлеуі көзбояу болғаны ма?

3486

Бизнеске арналған рейтинг есебінен Үкімет кәсіпкердің емес, өзінің ұпайын түгендегені әшкереленді. 

Қазақстанның жаһандық рейтингте өрлеуі көзбояу болғаны ма?

Шың дегені шоқы болып шықпасын

Республикамыздың әлемдегі дамыған 30 ел қатарына қаншалықты жақындағаны бірнеше жаһандық рейтинг негізінде өлшенеді. Соның бастысының бірі – Ресей экономикалық мектебінің экс-ректоры, Лондон экономика мектебінің профессоры Симеон Дянковтың басшылығымен Дүниежүзілік банк сарапшылары түзетін Doing Business рейтингі.

Ел Үкіметі әсіресе, осы рейтингте жоғары өрлеумен тым әуестеніп алды. "Дәніккеннен құныққан жаман" дегендей, елімізге "инспекциямен" келген сарапшылардың айтқанын істеп, жайылып жастық, иіліп төсек болып жалпылдап жүріп, шенеуніктеріміз дегеніне жетті.

Қазақстан Doing Business бизнес жүргізу рейтингінде 2015 жылғы 77-орыннан 52 позицияға шығандай көтеріліп, 2020 жылы 25-ші тұғырдан бір-ақ шықты. Сөйтіп Үкімет ғасыр ортасын күтпей-ақ, республикамызды жаһандық отыздыққа кіргізіп қойды. Одан кім ұтты? Бәлкім осы рейтингтегі көршілеріміз Германия мен Канададағыдай біздің елімізде де бизнес жүргізу күрт жеңілдеп, жағдай ғаламат жақсарып кеткен шығар? Мұны кәсіпкерлердің толассыз шағымы жоққа шығарады.

"Бояушы бояушы дегенге сақалын бояйды" дегендей, бұдан да масқара дерек бар. Кәсіпкерлік белсенділік бойынша лондондық рейтинг – Global Entrepreneurship Monitor (GEM) рейтингінде Қазақстан 2015 жылғы 29-орыннан 2020 жылы 10-орынға дейін әуелей көтерілген. Яғни былтыр-ақ әлемдегі ондыққа кірдік. Бұған бөрікті аспанға атып, қуануға болар еді.

Экономист-ғалым Марат Ерғозин мұнысы енді ұят екенін айтады. Себебі Үкіметтің өзі мойындап отырғандай, кәсіпкерлік бойынша рейтингтерде таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізгеніне қарамастан, шын мәнінде Қазақстан ең маңызды индексте – жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің халықаралық рейтингіндегі орнын еш жақсарта алмады. Қайта, жыл өткен сайын кері кетіп барады. Соңғы 5 жылдар Қазақстан 2015 жылғы 42-орыннан 2019 жылғы соңғы рейтингте 55-орынға дейін құлдырады. Жаһандық қызу бәсекеге төзімділік жөнінен Қазақстан Маврикий арал мемлекетінен де, Еуропаның кедей елдері Венгрия, Болгария, Румыниядан да нашар болып шықты. Отыздық алыстап барады. Тіпті қаптаған ауыр санкцияның астында қалған Ресейдің өзі елуліктің ішіндегі орнын сақтады.

Шенеуніктердің триллиондаған субсидияны адал үлестірмеуі, экспорттаушылардың қосылған құн салығын ұзақ уақыт қайтара алмауы, Үкіметтің Қытай, Ресей секілді елдермен келіссөздерде ұлттық мүддені лайықты қорғай алмауы, отандық экспорттық жүктер тиелген вагондар мен фуралардың шекарадан әрі аса алмай, кеденде кептеліп айлап бойы тұруы, өршіген коррупция және басқа кесір-кедергілер салдарынан қазақстандық бизнес бұрын жаулаған нарықтарын жоғалтуда. Даму орнына, дағдаруда. Ендеше ондыққа кіргеніміз қайда?

Жеңілден жеңген, күрделіге тісі батпаған

Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікке арналған қазіргі институционалдық ортаның тиімділігін бағалау үшін Экономикалық бостандықтар индексі (ЭБИ, Индекс экономических свобод) рейтингін пайдаланған дұрыс екеніне назар аудартады. Себебі ол Doing Business-ке қарағанда, елде бизнесті жүргізу үшін қажетті институционалдық ортаны бағалайтын толыққанды құралдарды тегіс қамтиды екен.

Нәтижесінде, жас министр Әсет Ерғалиевтің командасы осы ЭБИ негізінде құқықтың үстемдігі, бизнес-ортаны және ашық нарықтарды реттеу салаларына салыстырмалы талдау жүргізді. Ведомствоның сарапшылары шенеуніктердің бір қулығын әшкереледі. Рейтингте көтерілу үшін Үкімет "ауырдың үстімен, жеңілдің астымен" жүріпті.

"Мемлекет оңай қол жеткізуге болатын салаларда ғана қолайлы институционалдық жағдайларды қамтамасыз ете алды. Мәселен, мемшығыстар, салық жүктемесі, бюджет тапшылығы, мемлекеттік борыш және еңбек бостандығы бөлігінде. Бұл салаларда Қазақстанның ресми институттары бизнесті шектемейді. Өйткені Ұлттық қор мен либералды еңбек заңнамасы бар. Бірақ соның өзінде салықтық жүктеме бойынша төл макроөңірінде бәсекеге қабілетті болғанымен, еліміздің салықтық жүйесі салықтарды жете жинауды, көлеңкелі экономиканы азайтуды қамтамасыз етпейді", – деген байламға келді меморган.

Оның тұжырымдауынша, Қазақстанның Doing Business секілді рейтингтерде жаһандық лидерлер қатарына кіруінің сыры да осында. Индекстің жеңіл көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартқан, сөйтіп "жалпы есепті" көркейткен. Бұл "косметикалық жөндеуге" ұқсайды. Жеңіл-желпі абаттандыру, безендіру арқасында нысанның сыртқы бейнесі ажарлана түседі, ал ішкі күрделі конструкциялары тозып, шіри береді.

"Қазақстанда бизнесті жүргізудің негізгі шектеулері іргелі немесе еңсеруге "күрделі" институттармен байланысты болып тұр. Атап айтқанда, құқық пен заңның жаппай үстемдігі, меншік құқығының сақталуы, Үкіметтің ісінің ашықтығы мен транспаренттілігі, соттардың әділдігі мен тәуелсіздігі, адал бәсекелестікті қорғау, инвестициялардың еркіндігі сияқты "күрделі" салаларда мемлекет бизнес үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ете алмады", – деп мәлімдеді министрлік.

Салдарынан "соттар мен құқық қорғау органдарының алдында бизнес өз меншігін қорғай алмайды, тәркілеудің жоғары қаупі сақталуда". Елде фаворитизм өрістеуде, жеткілікті дамыған бәсекелестік жоқ. Үкімет туындаған проблеманы шешу орнына, қит етсе экспортқа, импортқа тікелей тыйым сала береді. Шенеуніктер бизнестің баға белгілеуіне тікелей немесе жанама араласып отырады.

"Кәсіпкерлерді бюрократиялық аппараттың заңсыз әрекеттерінен және осыған байланысты рейдерліктен қорғау проблемасы сол бұрынғыша өткір тұр. Мемлекеттің өзі төл шешімдерінде бірізді болмай, кәсіпкерлікті дамыту саясатына жиі өзі нұқсан келтіреді. Бұл мемлекетке тиесілі компаниялардың нарықтардағы бәсекелестікті шектеуінен де, сондай-ақ құқық қолдану практикасынан да көрініс береді. Меморгандардың өкілдері қасақана немесе байқаусызда кәсіпкерлердің кең ауқымының нарыққа шығуын шектейтін шешімдер қабылдайды", – делінген Ұлттық экономика министрлігінің талдауында.

Отандық бизнес неге масыл болуға құштар?

Меморганның түсіндіруінше, Doing Business рейтингіндегі ғаламат прогреске қарамастан, Қазақстанда кәсіпкерліктің инвестициялық және экономикалық белсенділік деңгейі төмен деңгейде тұр. 

"Бизнес-климатты жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі тұғырын жоғары көтереді. Бірақ бизнес үшін әкімшілік кедергілерді нақты азайтуға әкелмейді. Кәсіпкерлердің негізгі проблемаларының жиынтығы ары қарай қордалануда және соңғы жылдары іс жүзінде өзгеріссіз, шешілмей қалды. Бұған қолданыстағы мембағдарламаларда бизнес-ахуалды нақты жақсартуға бағытталған міндеттер мен шаралардың болмауы да себепкер", – деген ұстанымын білдірді министрлік.

Билік пен соған қызмет ететін ресми институттардың құқайы мен қысастығы аз болғандай, кәсіпкерлік нарық тарапынан да қысым көруде. Елде адами капитал жете дамымаған, кесірінен кәсіпкерлер білікті маман, тіпті қатардағы жұмысшы таппай сансырауда. Жақында Inbusiness.kz тігін кәсіпорындарының елде азаннан қара кешке дейін тынбай еңбек ететін тігінші таппай, оларды Пәкістаннан шақыруға биліктен рұқсат сұрағанын жазды.

Отандық бизнестің дамуына сондай-ақ "қоғамның іскерлік құндылықтарды жатсынуы" да кедергі келтіруде екен. Сарапшылар кәсіпкерлікті "ерікті" және "мәжбүрлі" деп екіге бөледі. Экономика ведомствосы елімізде соның екіншісі белең алғанын қынжыла жеткізді. Мәжбүрлі кәсіпкерлік мемлекетке масыл болуға ынтығып тұрады. Олардың көбі не бұрынғы билік өкілдері не билікпен ынтымақтасқандар. 

"Қазақстандық қоғамда кәсіпкерлерге тән емес құндылықтар басым. Батыстық үлгідегі ерікті кәсіпкерлік нарықтағы күрделі, белгісіздік жағдайында да кәсіпкерлік қызметті жүргізуге жоғарғы дайындыққа және биліктен тәуелсіздікке негізделген құндылықтар жиынтығына иек артады. Ал Қазақстанда кәсіпкерлер керісінше, белгісіздіктен мейлінше аулақ болуға және билікке барынша жақын болуға бейім. Мұндай қоғам күшті мемлекетті, ұйымдастырудың пирамида пішіндес үлгісін артық көреді, ал бұл бостандық пен кәсіпкерлік белсенділікті дамыту құндылықтарына кереғар. Қазақстанда дәстүрлілік-традиционализм, патернализм құндылықтары жоғары дамыған, бұл ерікті кәсіпкерлік үшін қажетті адами капиталдың әлеуетін төмендетеді", – деп түйді экономика министрлігі.

Меморган Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытудың онжылдық стратегиясында – тұжырымдамасында осы жағдайды өзгертуге талап қылып, жаңа шараларды қолға алмақ.

Алайда қоғамда қордаланған біраз түйткіл тұжырымдамамен шешілмейді екен. Ол басқа, ілеспе құжаттарда қамтылатын болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу