Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы өмірден озды

1060

Атақты баскетболшы Әлжан Жармұхамедов бүгін, 3 желтоқсан бақилық болды. Ол 78 жасында дүние салды. 

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы өмірден озды

Әлжан Жармұхамедов – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Тоғыз дүркін КСРО чемпионы (1970-1978 жж, 1980 ж.), КСРО құрамасының сапында үш мәрте Еуропа чемпионы (1967, 1971, 1979 жж.). 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанды. 1979 жылы "КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері" атағына ие болды. Қос саусағы мен көру қабілетінің кемшіндігіне қарамастан, Әлжан КСРО-ны қоса алғанда, кәрі құрлықтың талай додасында топ жарған-ды. Ұзынтұра қазақтың шеберлігіне тәнті болмағандар кем де кем. Әлемге әйгілі жаттықтырушы Александр Гомельскийдің өзі Әлжанды "құрығына түсіру үшін" сан түрлі әдіс қолданған. Ақыр аяғында спортшыны Мәскеуге "конвоймен" алдыртуға мәжбүр болыпты. Осының бәрі қазақтың бағына туған баскетболшының талантын еріксіз мойындағаны үшін…

Әлжан ағамыз оңтүстігіміздегі көршінің ыңғайына жығылғанда, әлдеқашан-ақ Ташкенттің төрінде мадақ-марапатқа малынып отырар ма еді… Ол қарағайға қарсы біткен бұтақ тәріздес қалпында. "Мені қазақ емес деп кім айтады? Әлде, 1972 жылдан бұрын Олимпиада чемпионы болған қазақ бар ма? Әкем Мүсірбектің тегі тарихқа енді, оны өзгерту әсте мүмкін емес. Менің әкем – қазақ, шешем – орыс…", дейді даңқты баскетболшы.

Әлжан Жармұхамбедов Табақсай аулы, Бостандық ауданы (сол кездегі саясат кесірінен Қазақстанның Өзбекстанға берген ауданы) 2- қазан 1944-жылы туған. Әкесі - Жармұхамедов Мүсірбек, шешесі – Прасковья Жеронкина-Жармұхамедова, әйелі – Лариса Жармұхамедова. Балалары Владислав (1969ж. туған) пен Сергей (1976ж. туған), Мәскеу қаласында тұрады. Әлжанның ұлты туралы баспасөз беттерінде көп жазылған, біреулер өзбек деді, біреулер татар деді. Әлжанның өз аузынан айтқаны, қаны да жаны қазақ екендігі, тіпті, руы кіші жүз, жаппас екендігі. Қазақ екендігі баяғы совет паспортында да жазулы екен, жұртшылық биографиясын білмегендіктен, әр саққа жүгірткен сияқты.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться