Қазақтарға бүгін медаль бұйырмады

1929

Медеу мұз айдынында конькишілер жарысы өтті. 3000 метрлік қашықтыққа жүгіруде әйелдер бәсекесінде біздің қыздардан ең үздік нәтиже көрсеткен Татьяна Климчук, ол жеңімпаздан 10.66 секундқа қалып, 5-орынды місе тұтты.

Қазақтарға бүгін медаль бұйырмады Фото: almaty2017.com

Осы қашықтықты 4 минут 18.26 секундта сырғанап өткен беларусь қызы Марина Зуева алтыннан алқа тақты. Жапон қызы Нана Такахаши екінші, ал орыс қызы Елена Сохрякова қола жүлдегер атанды. Біздің қыздардан жарысқа түскен Мария Сизова 23-нәтиже көрсетсе, Эльвира Халикова 27-орында қалды.

Көп мақтаған Роман Креч те өзінің сүйікті қашықтығы 500 метрлік ерлер бәсекесінде алтын тұрмақ жүлдесіз қалды. Жарыстан кейін Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Людмила Прокашева өз ойымен бөлісті.

"Бүгінгі Кречтің нашар нәтиже көрсетуіне бірінші айналымда Романның алдында құлаған жұп себеп болды. Креч бұл бәсекеге мықты дайындалған болатын, бірақ сол жұптың құлауы себепті біздің жұптың айдынға шығу уақыты кейінге шегерілді. Ал ең жаманы жарысқа шығар сәтті ұзақ күту, спортшы суып қалады. Сол себепті Роман Креч бірінші жүгірісте 8-нәтиже көрсетті. Өздеріңіз екінші айналымдағы бәсекені көріп, Романның қандай керемет нәтиже көрсеткеніне куә болдыңыздар.

Өкінішке қарай екі айналымның қорытындысы Кречті жүлдеден құр қалдырды. Оның үстіне екінші жүгірісте Кречпен жарысқа түскен кәріс спортшысы Янг Сеунгеонг орын ауыстырар сәтте Романға кедергі жасап, құлата жаздады. Соның кесірінен Креч жылдамдығын жоғалтып алды. Мұндай әрекеттен кейін кәріс конькишісін жарыстан шығарып тастау керек еді. Соның өзінде конькишіміз екінші жүгірістен соң 6-нәтижемен аяқтады. Жапониялық Кото Накаодан небәрі 0.96 секундқа ғана кешігіп жетті", – дейді бас бапкер.

Расында Людмила Прокашевамен келісуге әбден болады. Өйткені Роман Креч бұл ойындарды ұзақ күтті. Ұмытпайық, Роман былтыр қарашада дәл осы 500 метрлік қашықтықта Қытайдың Харбин қаласында өткен әлем кубогының бірінші этабын жеңіп, алтын медальге ие болған еді. Оған қоса 2010 және 2014 жылдары Олимпиада ойындарына қатысқан тәжірибелі спортшының студенттер жарысында осылай жеңіле салуы күмән туғызады. Дегенмен біз Романға алдағы болатын бәсекелерде сәттілік тілейміз. Кім біледі, мүмкін оған басқа қашықтықта медаль бұйырайын деп тұрған шығар.

"Алматы Арена" спорт кешенінде кёрлингтен жарыс өтіп жатқандығы белгілі. Бұл бәсекедегі қыз-жігіттердің нәтижесімен мақтана алмаймыз. Жігіттер бұл күні жапондардан 7:3 есебімен ұтылды, келесі қарсылас азулы Ұлыбритания құрамасы. Ал қыздарымыз Норвегиядан 10:4 есебімен жеңілді, келесі ойында Ресей құрамасымен сынға түсеміз.

Хоккейші қыздарымыз Канададан да ұтылса, плей-офф кезеңіне өте алмайды. Өйткені бүгін Қытай құрамасы Ұлыбританияны 12:0 есебімен таза жеңіп, плей-оффқа шығайын деп тұр. Енді олар Қазақстан-Канада матчының нәтижесін күтеді.

Жалпы медальдік көрсеткіш айтарлықтай өзгерген жоқ. Қазақстан екінші орнын сақтап тұр. Ресей бірінші, артымызда Польша мен Қытай келе жатыр.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу