banner

Қазақтың ақбас сиыры "Қызыл кітапқа" енетін жағдайға жетті

4103

Тәуелсіздік жылдарында 4 есеге кеміген бұл жануарлардың саны бүгінде киіктен де аз.  

 Қазақтың ақбас сиыры "Қызыл кітапқа" енетін жағдайға жетті

Ел Үкіметінің Парламентке ұсынған ақпаратына жүгінсек, 2020 жылы қазақтың ақбас асыл тұқымды ірі қара малының саны 356,514 мың басты ғана құраған. Бұл – "асыл тұқым" деп мойындалғаны. Ал киіктердің саны былтыр күрт өсіп, 400–500 мыңға жетті деп есептеледі.

Ресей нарығын ен жайлаған заман болған

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Айбын Төрехановтың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алған тұста, 1991 жылы "қазақтың ақбас сиыры" сан жағынан шырқау шегіне жетіп, 1 миллион 370 мың басты құрапты. Сол кезде елімізде етті бағыттағы сиыр малының жалпы саны 2,5 миллион болған. Яғни, республикамызда  "қазақтың ақбас сиырының" үлесі соның жартысынан асып, 55%-ды құрап, сиыр етін өндірудің көшбасшысы дәрежесіне көтерілген.

Енді мемлекет асыл тұқымды ірі қара малды шетелден тасуда. Ал профессордың дерегінше, қазақ елі ежелден "табиғи сұрыптаудың төл туындысы" ретінде малдың осы түрінің асыл тұқымдарымен дараланған.      

Қазақ қауымы өсірген Зеңгі баба түлегі туып-өскен өңірінің табиғи ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болған. Мысалы, ауа-райы қолайлы оңтүстік-шығыс өңірлерімізде сиырлар бойшаң, ірі денелі болып келсе, қуаң аймақтарда таралған сиырлар денесі шағындау, табиғаттың қатал сынына төзімді болған.

"Ефим Лискун, Анна Ланина секілді мал шаруашылығы саласындағы ғалымдардың көптеген зерттеуінде жайылымда өскен қазақы сиырдың еті Ресейдің базарларында жоғары бағаланғаны жазылған. Ресей патшалығы кезінде ұлан-байтақ жайылымдарда өскен қазақ сиырының және Украинаның көк сиырының еттері "черкес еті" деген атпен танылады. ХIX ғасырда патшалық Ресейдің базарлары қазақ даласында өскен сиыр етімен қамтамасыз етіліп отырғаны жөнінде деректер көп. А.Добромыслов 1895 жылы Торғай өңірінде 1 адамға шаққанда 12,36 бас сиырдан өсірілгенін келтірсе, В.Бенкевич 1879 жылы 1 шаңыраққа шаққанда 57 бас сиырдан келетінін хабарлаған. Олардың бәрінің деректері Қазақ елінің Ресейді етпен қамтамасыз етудің негізгі көздерінің бірі болғанын дәлелдейді", – дейді Айбын Төреханов.

1 млн тонна етке зәру көршіге 2 мың тонна ғана саттық

Қазақстанда ет өндіру бойынша қазір ондай қарқын жоқ. Егер сол кездегідей ауқымда ет өндіріліп, ең құрығанда солтүстік алпауыт көршінің нарығын игергенде, ет өндірісі мұнай табысын ауыстыра алар ма еді. Мәселен, "Россельхозбанктің" Салалық сараптама орталығының дерегінше, 2020 жыл қорытындысында, яғни 1 жыл ішінде Ресей 1,94 миллион тонна сиыр етін жепті. Бұл тек сиыр еті ғана.

Салыстыру үшін айтсақ, біздің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан 2020 жылы шетелге 7,7 мың тонна балғын және салқындатылған сиыр етін, сондай-ақ 1,5 мың тонна мұздатылған сиыр етін экспорттаған. Яғни, жалпы көлемі 9,2 мың тонна ірі қара етін сатып, бар-жоғы 31,3 миллион доллар пайда тапты. Соның ішінде Қазақстан Ресейге небары 2 мың тоннадай ғана сиыр етін жеткізе алыпты.

Сорақысы сол, Қазақстан қазіргі кезде сиыр етін экспорттауға қарағанда, сырттан 2,5 есе көп импорттайды: 2020 жылы еліміз шетелден 11,6 мың тонна балғын және салқындатылған, сонымен бірге 12,3 мың тонна мұздатылған сиыр етін тасыпты. Жалпы жиынтықта 24 мыңға жуық тонна ірі қара етін 77 миллион долларға сатып алған.

Дәл іргедегі мұхиттай алып нарықты игеруге қауқар да, әлеует те жоқ.

"Ресейде алдағы жылдары сиыр етін тұтыну артады деп күтілуде. Себебі, 1,94 миллион тонна – он жылдағы минимум. Былтыр сиыр етін тұтыну күрт құлдырады. Өйткені пандемия аясында жұмыс орындарының жабылуы кесірінен табыс пен тұрмыс деңгейі қатты құлдыраған ресейліктер үнем қылып, құс, шошқа еті секілді еттің арзан түрлерін таңдауға мәжбүр болды. Оның үстіне дәмхана, мейрамхана секілді HoReCa сегменті жабылды. Қазір олар жаппай ашылуда. Оның үстіне құс, шошқа еті де сұраныстың өсуіне орай қымбаттап шыға келді. Демек, Ресейде сиыр етін тұтыну көлемі алда артады", – деді РФ Ұлттық ет қауымдастығының басшысы Сергей Юшин.

Ол Ресейдің сырттан жарты миллион тоннадан астам сиыр етін импорттайтынын, Қазақстанның "мәрмәр еті" жоғары бағаланатынын, бірақ оның нарықтағы үлесі тым аз екенін білдірді.

Аты – қазақ, заты – орыс

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы А.Төрехановтың мәліметінше, Қазақстан патша заманын айтпағанның өзінде, Кеңес кезінде мал саны жөнінен де, асыл тұқымды мал типтері бойынша да Ресейден озық тұрды.

"Сиыр шаруашылығын өркендету барысында жергілікті малдың өнімділігін жақсарту үшін етті бағыттағы Герефорд тұқымымен будандастыру дәл осы қазақ жерінде қолға алынды. Жергілікті малды Герефорд тұқымымен одан әрі жақсарту Қазақстандағы 13 облыстың 68 ауданын қамтыған. Будандастыру жұмыстары жүргізілген шаруашылықтар Қазақстан жерінің 48% аумағын алып жатты. Деректерге сүйенсек, Қазақстан аумағында етті бағыттағы сапасы бекіген, тектік қасиеті тұрақталған мал тобын – жеке дара жаңа тұқымды апробациялауға қол жеткізілді. Осылайша, 1950 жылы КСРО Министрлер кеңесінің қаулысымен "Қазақтың ақбас сиыры" атты жаңа тұқым бекітілді. Бұл үлкен жетістік, мақтаныш еді", – дейді А.Төреханов.

Қынжылтатыны сол, сала тек өткенімен мақтануға мәжбүр. Тағы бір масқарасы: атауында ұлтымыздың есімі ұлықталған ірі қара тұқымының осы түрін бүгінде аграршыларымыз Ресейден тасып жатыр.

Шығысқазақстандық "Қажымұқан" шаруа қожалығының басшысы Жәлел Қажымұқанұлы Ресейден 100 "қазақтың ақбас сиырын" сатып әкеліпті.

"Биылғы 10 наурызда мемкірістер органы қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне тұруды жүктеді. Маған әрине, ҚҚС тіркеуі керек емес, себебі, бұл жануарларды сату үшін емес, өсіру үшін әкелдім. Соған қарамастан, 12% ҚҚС төлеуге тура келуде. Сиырларды мемлекеттік "Сыбаға" бағдарламасы бойынша кредиттік ақшаға сатып алдым. Енді ҚҚС төлеуге өз қаражатым жетпей жатыр. Жануарларды күтіп-бағу шығыны да жетерлік. Мемлекет осы бағытта бір жеңілдіктер қарастырса, ҚҚС-тен босатса екен. Әйтпесе, Үкімет оң қолымен фермерлерге "Сыбаға", АӨК-ті қолдау мембағдарламасы аясында асыл тұқымды мал өсір деп арзан несие береді, ал сол қолымен 12 пайыздық салықты жинайды, әлгі несие үшін комбанктерге сыйақы, төлем төлеткізеді. Негізгі қарызға қатысты біздің еш шағымымыз жоқ", – дейді ауыл бизнесмені.

Жәлел Қажымұқанұлының айтуынша, көрші Ресей асыл тұқымды сиыр, шошқа, қой, ешкі, жылқы, құс және тұқым сату және сатып алу кезінде өз өндірушілерін 2023 жылға дейін ҚҚС төлеуден босатыпты.

Ақмолалық фермер, "Ақ жал" шаруа қожалығының басшысы Серік Асанов та ауыл кәсіпкерлері "қазақтың ақбас сиырын" негізінен Алтай өлкесінен таситынын растады.

Қазақстанда да сиырдың бұл тұқымы сатылады және 1 басы үшін жарты миллионнан астам теңге сұралады.

Айтпақшы, осы бағыттағы жағдайдың ауырлығын ескеріп, Парламент депутаттары Үкіметке "Қазақтың ақбас сиыры" деген жеке бағдарлама қабылдауды ұсынған болатын. Үкімет бұдан бас тартты.

"Қазақтың ақбас тұқымы туралы арнайы бағдарлама қабылдау мақсатқа сай емес деп санаймыз, себебі осы тұқымды дамыту мен жетілдіру "Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру" ғылыми бағдарламасының "Ғылыми зерттеулер мен іс-шараларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру" кіші бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті "Солтүстік өңірде қазақтың ақбас, әулиекөл тұқымды ірі қара малының шаруашылыққа пайдалы белгілерін жетілдіру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу" іс-шарасы бойынша ірі қара малды генетикалық паспорттау жұмыстарын жүргізуде", – делінген Премьер Асқар Маминнің жауабында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу