"Қазбалар кезінде халықаралық археологтар тобы Мәмлүктердің билік еткен заманындағы ортағасырлық жерасты жолдарының кең тарамдалған жүйесіне тап болды. Бұл жүйе сол кезеңде ұзақ уақыт бойы қант өндірісін энергиямен қамтамасыз етіп отырған. Бұл туралы Иерусалимдегі Еврей университетінің басшылығы бірінші болып хабарлады. Оның атап өтуінше, ғылыми ашылым Қасиетті Жерде байырғыда қолданылған өнеркәсіптік инновациялық шешімдерді жарыққа шығарды", – деп жазды ғылыми журнал.
Тереңдегі жерасты туннелдері қазіргі "Ган-а-Шлош ұлттық археологиялық паркінің" аумағынан табылды. Бұл туннелдер бірнеше жаңашылдығымен таңдандырады, деп назар аудартты Times of israel. Біріншіден, ол Нахаль Амаль шатқалын бойлай, туф жынысын (tоfus, яғни, жанартау және кремний тектес, цементтелген тау жынысын) тесе отырып, салынған. Қазіргі кезде мұндай жұмыстарды тек арнайы мамандандырылған заманауи машиналар ғана жасай алады.
Екіншіден, бұған дейін ғалымдар суды жеткізу үшін пайдаланылған жерүсті құбырларын, акведуктарды кездестіріп, зерттейтін. Ал, мәмлүктер суды жеткізу үшін жерасты туннелдерін пайдаланған. Бұл, болжам бойынша, су желісі жау шапқанда тез бұзылып қалмауы үшін де жасалуы мүмкін.
Үшіншіден, жерасты "құбырлары" бірнеше су диірменін жұмыс істеткізген. Ол диірмендер XIV–XV ғасырларда қант құрағын (сахарный тростник) өңдеп, одан құмшекер алуға пайдаланылған.
Ғалымдар бұл теңдесі жоқ инженерлік шешімдерге кездейсоқ тап болды. Өз астанасын Тель-Авивтен барша мұсылман үшін қасиетті Иерусалимге көшірген Израиль осы өңірден Палестинаны ығыстырып, жер телімдерін белсенді басып алып, игеруде. Water History журналына сілтеме жасап, Poisknews.ru жазуынша, осы ауданда құрылыс салу, инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізу үшін археологтарға алдымен ғылыми ізденістер жүргізуге тапсырма беріледі.
Өйткені әр қарыс жерінде құнды мирас пен тарих тұнған өлкеде археологиялық ашылымдар жиі жасалады. Сондықтан бульдозерлер іске кіріспес бұрын тиісті зерттеулер жүргізуді халықаралық келісімдер де талап етеді.
"Ғылыми ізденіс кезінде жартаста қатар, параллельді тұрған 5 тесік табылды. Бұл құрылғылардың инженерлік дәлдікпен жасалуы олардың гидравликалық мақсатта, яғни, құбырлар мен гидротехникалық құрылыстарды тұрғызуға қолданылғанына нұсқады. Ол замандарда адамзат, соның ішінде барша Еуропа жаппай жерүстіндегі арналарды, ашық акведуктарды пайдаланған. Бірақ біз ол кезде суды жеткізу үшін жерасты тоннелдері қолданылғанына енді куә болып отырмыз. Бұл – Дүниежүзілік тарихты жаңартатын керемет ашылым!", – дейді зерттеушілер тобына жетекшілік еткен, Еврей университетінің Жер туралы ғылымдар институтының профессоры Амос Фрумкин.
Ғалымдардың мәліметінше, туннелдер іске қосылып, онымен су айдала бастасымен, оның төбесінен салбыраған сталактиттер пайда болды. Осы сүңгілерді сындырып, жинап алған зерттеушілер оларды "даталаудың уран-торийлі әдісімен" зерделеді.
Нәтижесінде, ғалымдар жерасты су арналарының Мәмлүк дәуірінде тұрғызылғанын ғылыми дәлдеді. Мұны тарихи деректер де куәландырады: оларға сәйкес, мәмлүктердің арқасында осы киелі жердегі Бейт-Шеан алқабы Жерорта теңізі өңірінің шығыс бөлігіндегі қант құрағын өсірудің және оны жаһан нарығына экспорттаудың маңызды орталығына айналды.
Зерттеушілер мәмлүктердің орта ғасырларда ойлап тапқан инновациясының терең мәніне ары қарай бойлауда. Олардың тұспалдауынша, туннелдер арқырап аққан су ағынын диірменнің қалақшалары орнатылған көлденең дөңгелектеріне бағыттап отырды.
Осы арқылы диірменнің ауыр тастары қозғалысқа келіп, қант құрағын ұнтақтаған. Осылайша, біздің байырғы ата-бабаларымыз бұл үрдісті сол кезде "автоматтандырды", адамның қатысуын барынша азайтты.
Бұл ретте мәмлүктер туннелдердегі суды бұру, ағынды басқару арқылы қант өндірісінің қуаттылығын реттеп отырған.
Судың бір бөлігі бидайдан ұн өндіруге пайдаланылуы да ғажап емес. Сондай-ақ диірмендердің бірінің жанынан қазып алынған, мәмлүктердің жазуы жазылған май шам (масляная лампа) да осы табылған объектілердің жасын растауға көмектесті.
"Бұл ғылыми ашылым мәмлүктердің ғылыми жетістіктерін, өз заманынан озып кеткен технологияларды таба білгенін, сондай-ақ оны жергілікті жағдайға, қоршаған ортаның ерекшеліктеріне бейімдей алғанын паш етеді", – деп жазады ғалымдар.
Бұл өлкеде бұлақ суының өзі ащы, тұзды болып келеді. Оны тазартып, тұщыландыру қолға алынған. Мәмлүктер егін өсіруге жарамсыз тұзды судың да қалауын тауып, оны механикалық энергия өндіру үшін пайдаланды.
"Бұл өнертабыс сол кездің өзінде гидрологияны өнеркәсіппен біріктірді. Оңтүстік Левантадағы ортағасырлық инженерлер ғаламат тапқырлық пен жасампаздық танытқан. Осының арқасында олар жергілікті аса шектеулі су ресурстарын түрлі мақсатта, соның ішінде орнықты қуат көздерін жасауға жарата білді", – деп нықтады профессор Фрумкин.
Ғылыми журнал мәмлүктерден кейін келген Осман империясы тұсында қант зауыттары ұн тартушы диірмендерге айналдырылғанына назар аудартты. Бұл су жүйелерінің экономикалық өзгерістерге сәйкес эволюциясын көрсетеді. Уақыт өтіп, ұрпақ ауыса келе, мәмлүктердің инженерлік шешімдері ұмытылды.
Ғалымдар тағы бір маңызды жайтты қаперге салды: бұл ғылыми ашылым археология шеңберімен шектелмейді, одан асып шығады және "Еуропамен салыстырғанда, ортағасырлық Азияның технологиялық тұрғыдан артта қалғаны" туралы тұжырымның түбірімен қате екенін дәлелдейді. Өйткені орта ғасырда Батыста суды жер астымен беру технологиялары болмаған.
"Біздің алдымызда – ұтымды жобалық шешімнің ең үздік байырғы үлгісі! Мәмлүктер судың әрбір қолжетімді қайнарын ұтымды, ұқыпты пайдалана білген. Бұл тәсіл, шамалы жетілдірсе, тіпті қазіргі заманда да қажетке жарар еді", – дейді Жер туралы ғылымдар институтының профессоры Амос Фрумкин.
Water History ғылыми журналы Мысыр мен Левантаны түркиялық османдар жаулап алғанға дейін, осы Қасиетті Жерді, Иерусалимді де қыпшақ тілінде сөйлеген мәмлүктер шамамен 1250–1517 жылдары билегенін еске салады.
Ал, "Қазақ энциклопедиясының" дерегінше, мәмлүктер – қазақтың Ұлы даласынан, Орталық Азиядан, ішінара Кавказ халықтары өкілдерінен айдап әкетілген адамдардан құралған жауынгерлер. "Мамлюк" сөзі араб тілінен аударғанда "құл" деген мағынаны білдіреді.
ІХ ғасырдан бастап мұсылман әлемінде құлдарды жауынгер ретінде пайдаланды. Олар көп жағдайда бас көтеріп, жергілікті билікті тартып алып отырды. Ортағасырлық Мысырда Айюб әулеті мәмлүктерден билеушілердің арнаулы әскери Ұланын жасақтады. 1250 жылы Мәмлүктердің қолбасшылар тобы Айюб әулетін тақтан құлатып, Египеттің билігін өз қолына көшірді.
Франкфурт университетінің ғылыми қызметкері, PhD доктор Тілеу Әкімбайұлының мәліметінше, Мәмлүк мемлекеті Орта Шығыстағы сұлтан мен армияның бас қолбасшысы бірлесіп басқаратын жартылай әскери монархия еді. 1260 жылы Бейбарыс сұлтан билікке келген соң, Мәмлүк мемлекетінің қуат-күші тасып, ең тегеурінді державаның біріне айналды.
Ол Шығыстағы Иранның билеушісі болып, кейін "Илхан" атанған Хулағуге қарсы тұру үшін Алтын Орда мемлекетімен күшті дипломатиялық байланыс орнатты. Өзі Алтын Орда ханы Беркенің қызын ханымдыққа алып, "Горген" атанды. Бұған қоса, Мәмлүк мемлекетінің иелігін, территориясын ұлғайта түсті.
Египетте исламның Сұнни мазһабының барынша күшеюіне жол ашып, үлкен мешіттер мен медреселер салғызды. Қыпшақ тілін ордада ғана емес, әскери-саяси саланың көлемінде де кеңінен қолдануға мүмкіндіктер жасады. Осы кезде бірнеше қыпшақ-түркі тілдерін оқыту құралдары, тіл зерттеу еңбектері және оқулықтары, Қыпшақ-Араб тілдерінің, Түрік – Араб – Моңғол тілдерінің салыстырмалы сөздіктері, аударма құралдары жасалды.
Діни әдебиеттерден бөлек, денсаулық сақ¬тау, философия, заң, астрономия және жаратылыстану ғылымдарына қатысты араб тіліндегі еңбектер қыпшақ тіліне аударылды. Бейбарыс сұлтан салдырған, Египет астанасы Каирдегі қырық мың адамдық үлкен мешіт және медресе, қамалдар, орта ғасырдағы түркі тілдерінің аса бағалы ескерткіштері, жазба жәдігерлер біздің заманымызға жетті.